Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны
Биыл Республикамыздың Мемлекеттік рәміздеріне 33 жыл. Тәуелсіздіктің таңынан кейінгі жылдың 4 маусымы күні еліміздің төл Туы мен Елтаңбасы, Гимні тұтас халыққа таныстырылса, 2007 жылы рәміздер туралы тиісті заң қабылданған болатын. Сол мезеттен бері меймандос жұртымыз бұл мерекені мейлінше отаншылдық рухта тойлап келеді.
Жылдағы дәстүрге сай басты нышандар ұлықталған салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінде өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысып, шулықтарды атаулы күнмен құттықтады.
Мемлекеттік Ту мен Елтаңба төрге озған жиында Найман Кенжеханұлы рәміздер күнінің мәнін ерекше атап өтті.
-Мемлекеттік рәміздер – Отанымыздың басты белгілері. Ол еліміздің дербес мемлекет екенін айғақтайды. Әрбір азаматқа да елді сүю, жерін қорғау және ұлт мүддесін биік қою сынды жауапкершілік жүктейді. Сондықтан әлемдік деңгейде ойып тұрып орын алған Республикамыздың рәміздерін құрметтеу – баршаға ортақ міндет. Мұны жас ұрпақтың жадына тоқу керек.
Мерейлі мереке қарсаңында аудан тұрғындарына тек жақсылық тілеймін. Еліміздің аспаны ашық, болашағы жарқын болсын! Баршаңызды маңызы зор мерекемен құттықтаймын, – деді ол өзінің лебізінде.
Мұнан кейін марапаттау сәті туып, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға атсалысқан бір топ азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыс етілді. Марапаттаудан соң салтанатты жиын жабық деп жарияланды.
Салтанатты жиын сазды бағдарламамен сабақтасып, шара қонақтары аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған ән мен әуезге куә болды. Концерт шымылдығын мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қосыбаева «Қазағым-ай» әнімен ашып, одан бөлек жеке орындаулар мен дуэттерге ұласты.
Байжан Емберді.