Ақпараттық портал

39 отбасы қоныс тойын тойлады

Мұсылман қауымына қастерлі Құрбан айт мерекесі биыл өңірімізде өзгеше болды. Олай дейтініміз, осыған дейін үй кезегінде тұрған 39 тұрғынға өз отауларының кілттері табысталды. Аталған қуанышқа аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бейсембаев, зиялы қауым мен тілеулес жандар қатысты.

Алғаш сөз алған Меліс Нысанбайұлы мұқым жұртты мұсылмандар мерекесімен және жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады. Соңғы жылдардағы серпінді жұмыстардың жалғасты болуына тілек қосып, игі іске ақ батасын берді. Мұнан кейін аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы мен Жасұлан Әлкенұлы сөз алып, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.
– Бүгін біз бәріміз үшін, әсіресе жаңа пәтерге ие болып отырған сіздер үшін қуанышты күн. Ауданда көптен күткен тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімін өткізіп отырмыз. Бұл — мемлекеттің халыққа қолдау көрсету бағытындағы маңызды қадамдарының бірі және әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы үлкен жетістік.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың бір бағыты болып табылады. Бұл бағытта Шу ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қолдаудың аясында былтыр 56 үй берілсе, биыл 39 үй иесін тауып отыр.
Бүгінгі қуанышты сәттеріміз жалғасын таба берсін. Сіздер үшін бұл үйлер тек баспана ғана емес, бақыт пен берекенің, тыныштықтың ордасы болсын деп тілеймін,-деді Б.Жәнібеков.
Бұдан соң асыға күткен мезет жетіп, тұрғын үй кезегінде әртүрлі санат бойынша тұрған шулықтарға баспана кілттері табысталды. Онымен қоса естелік сыйлықтар беріліп, жылы лебіздер айтылды. Қос қуаныш құрметіне ақ шатыр астында ас беріліп, «Кәрібай молда» мешітінің бас имамы Аят қажы Дыбысұлы қасиетті Құран аяттарын оқыды.
Қонысқа қол жеткізген Әйгерім Жайлыбекқызы көптен күткен қуанышқа кенеліп отырғанын айтуда. Оның басты тілегі балаларының осы үйде таршылық көрмей ер жетіп, есеюі. Тағы бір тұрғын Эльмира Мырзахметова жергілікті атқарушы органдар басшыларына, кәсіпкерлерге өз алғысын білдіріп отыр.
-Осындай күні аңсаған арман орындалғанына шын жүректен қуаныштымын. Шүкіршілік етемін. Осыған себеп болған жандарға да рахмет. Көршілеріме қоныс құтты болсын,-дейді көпбалалы ана.
Ақ түйенің қарны жарылған күні қоныс иелерінің ет жақындары жиналып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Қариялар батасын беріп тарқасты.

Малика ГАХРАМАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің І-курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.