Әкелер күні елеусіз қалған жоқ
Бүгінгі қоғамда ең өзекті болып тұрғаны-тәрбие мәселесі. Тәрбие деген жүгі ауыр дүниені бір адамға арта салуға болмайды, оған қоғам болып атсалысуымыз қажет. “Бір әкенің берген тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп” демекші, кез келген ұрпақтың қалыптасуында әкенің алар орны бөлек. Сондықтан да әке деген статусты арқалап жүрген кез келген азаматты қоғам өміріне бейімдеп, олардың қатысуымен тағылымды іс-шараларды өткізудің мәні зор.
Осыған орай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы КММ-сі мен Шу аудандық «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің филиалының бірлесе ұйымдастыруымен 15 маусым – Әкелер күніне орай ауданаралық жағажай волейболынан турнир өткізілді.
Аталған шарада «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Шу аудандық филиалының төрағасы Ержан Өмірәлиев жарысқа қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. Турнирге қатысқан команда құрамында бір ардагер, екі жас волейболшы болып жүлделі жарыста бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша “Үздік ойыншы” номинациясын Меркі командасының ардагері Рахметов Жайлау иеленсе, жүлделі ІІІ орынды “Айдарлы” командасы, ІІ орынды “Бірлікүстем” командасы, ал І орынды “Бөкеновтар” командасы өз қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сөз соңында айтарым, “Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер” демекші, отбасында ата-ананың рөлі ерекше. Дана Абай атамыз «Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі, көкірегіне жұбаныш, гүлденіп ой өлкесі» дегендей, кез келген жанның әдептілігі, адамгершілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасын табады. Сондықтан да қоғамда әкенің, ананың беделін арттырып, өскелең ұрпақты ата-ананы сыйлауға дәріптейтін тәрбиелік мазмұндағы іс-шараларды жиі өткізу қажет.
Айғаным Асқарбек.