Алғашқы айналым артта қалды
Футбол – әлемдегі танымал спорттың бірі һәм бірегейі. Өйткені ол спортшы санымен және жанкүйер санымен есептегенде алдыңғы орында.
Кәсіби футбол клубтарына келсек, 2023 жылғы FIFA мәліметіне сәйкес, әлемде 3,986 кәсіби футбол клубы бар көрінеді. Ал FIFA-ға 211 ұлттық футбол қауымдастығы мүше екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар қолдағы деректер бойынша әлемде шамамен 3.5 миллиард адам футбол жанкүйері саналады.
Теңбіл доп десе тебіренетін жандар Шу өңірінде де жетерлік. Олар аудан көлемінде ұйымдастырылатын дәстүрлі додаларды асыға күтіп, ұдайы дайындықта жүреді. Әсіресе, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өтетін футболдан Шу аудандық лигасы жүздеген жастарды жасыл алаңда жүздестіретін тиімді жоба болып отыр.
Аталмыш ұйымның басшысы әрі аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаровтың айтуынша, мамыр айының ортасында басталған футбол чемпионатының алғашқы айналымы артта қалған. Алдағы аптаның соңында екінші айналым басталмақ.
-Бірінші айналым аясында 8 тур өткізілді. Ал дәстүрге айналған чемпионатқа барлығы 9 команда қатысуда. Көш басын Төле би командасы 19 ұпаймен бастап келеді. Олар 8 ойын барысында қарсыластарына 24 допты дарытып, 15 гол жіберген. Екінші орынды еншілеген Алға командасы 40 рет дәлдік танытып, 17 рет доп жіберген. Үздікті үштікте Автогранд командасы тұр. Олардың қанжығасында 16 ұпай бар. Сол секілді, «Қосқұдық», «Локо Шу», «Қайрат», «Әкімдік», «Еңбекші», «Сауда Сервис» командалары жинаған ұпайлары бойынша ойын кестесінде өз ретімен орналасқан,-дейді Ғани Бірлікұлы.
Күннің аптабына қарамастан өтіп жатқан жарыста әр ойында үздік ойын көрсетіп жүргендер де жоқ емес. Сұрмергендер көшін алғалық Ахмет бастап отыр. Ол жалпы ойын барысында 18 допты дәл соққан. Сондай-ақ автограндтық Нұрбек өз есебіне 12 гол жазған. 10 гол соққан «Локо Шу» командасының ойыншысы Аян үздіктер үштігін түйіндеген.
Аудан орталығындағы С.Хасенов атындағы стадионы мен Шу қаласындағы «Қайрат» стадионында кезектесіп өтіп жатқан чемпионат қос айналымнан тұрады. Алғашқы айналымда есесін жіберіп алған командалар жігер қосып, жеңімпаз атануға барын салады деп сенеміз. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ЖРО -ның спорттық шарасына сәттілік тілейміз! Сонымен қатар чемпионат жүгін көтеріп жүрген бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығын атап өтпеске болмайды.
Байжан Емберді.