Тоғызқұмалақтың тарланы
Ұлт болашағы ұлт рухын танып, өз мәдениетін қадірлей білетін жастардың қолында. Сол рухани құндылықтардың бірі – ұлттық ойындар. Дәстүріміздегі ұлттық ойынның бірі – тоғызқұмалақ. Бұл ғасырлар бойы ұлттың ойлау мәдениетін, парасат биігін көрсетіп келген дара ойын. Бүгінде осы ұлттық мұраны жаңғыртып, оны жас буынға үйретіп жүрген аудандағы үздік жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақтан спорт шебері, республиканың жастар арасындағы екі дүркін чемпионы, ҚР кубогінің иегері, бүгінде жас бапкер атанған Әлдибай Нұрбол Әділбайұлы.
Жалпы тоғызқұмалақ қазақ халқының көне де терең мәнді ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын тек көңіл көтеру, уақыт ұту құралы емес, сонымен бірге ақыл мен ойды дамытатын, логикалық ойлауды жетілдіретін ерекше мәдени мұра болып табылады. Тоғызқұмалақ ойынының тарихы бірнеше ғасырлар тереңінен бастау алады. Көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымыз мал бағып жүріп, уақытты тиімді өткізу әрі ой мен сананы жаттықтыру мақсатында осындай зерделі ойын түрін ойлап тапқан. Ойынның аты да қой малына қатысты «құмалақ» сөзі осы жануардың тезегінен шыққан деген дерек бар.
Нұрбол ауданға қарасты Көктөбе ауылының тұрғыны. Балалық шағынан ойлы, сабырлы, ізденімпаз мінезімен ерекшеленген ол он жасынан бастап тоғызқұмалаққа ерекше қызығушылық танытқан. Алғашқы бапкері Сыздықов Елтай Жұманұлы оның бойындағы табиғи қабілетті ерте байқап, бағыт-бағдар беріп, шыңдай түседі. Көп ұзамай-ақ ойыншы аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, ең алғашқы үлкен жарысында, яғни жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионатта екінші орынға ие болады. Осылайша қызығушылықтан басталған спорт баланы үлкен жетістіктерге жетелеп келеді. Қазіргі таңда Нұрбол өз тәжірибесін мектеп оқушыларына үйрету мақсатында тоғызқұмалақ үйірмесінен сабақ беріп келеді, одан бөлек өз ауылында, өзі оқыған мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Кезінде өзін тоғызқұмалаққа баулыған бапкерімен бүгінде әріптес. Бұл – нағыз сабақтастықтың, ұстаз еңбегінің ақталғандығының көрінісі. Ал ұстаз үшін шәкірттің жетістігі – ең үлкен марапат.
– Бұл ойын тоғыз отаудан және әр отаудағы тоғыз құмалақтан тұрады. Ойынның басты мақсаты – қарсыласпен көбірек құмалақ жинап, «қазанға» салу. Есептеу, саралау, алдағы жүрістерді болжау ойыншыдан ерекше зейін мен тапқырлықты талап етеді. Бүгінде бұл ұлттық мұрамыз республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда ойналып, өзге елдерге де кеңінен танылуда. Осыған дейін алты мәрте әлем чеемпионаты, жеті мәрте Азия чемпионаты өтті. Мен барлығына қатысып қайттым. Сондықтан, менің мақсатым да сол әлемдік чемпионатта үздік өнер көрсетіп, әлем чемпионы атану. Тоғызқұмалақ – ойдың, төзімнің және парасаттың мектебі деп ұғынып өстік. Қазір де мен осы ұстанымды өз шәкірттеріме үйретудемін, – дейді Нұрбол Әлдибай бізбен әңгімесінде.
Нұрбол Әділбайұлының осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерін тізетін болсақ, 2011 жылы Қостанай қаласында өткен ҚР чемпионатында екінші орын, 2013 жылы Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатында үшінші орын, 2015 жылы Павлодар қаласында өткен ҚР чемпионатында екінші орын, 2019 жылы Қызылорда қаласында өткен ҚР чемпионатында үшінші орын, 2019 жылы Түркия елінде өткен Әлем чемпионатында ҚР командалық қатысушысы, 2020 Атырау қаласында өткен ҚР кубогінде екінші орын, 2021 жылы Қостанай қаласында өткен ҚР жастар чемпионатында бірінші орын, 2021 Павлодар қаласында өткен ҚР чемпионатында бірінші орын, 2022 жылы Астана қаласында өткен ҚР чемпионатында бірінші орын, 2023 жылы Түркістан қаласында өткен ҚР чемпионатында үшінші орын, 2023 жылы Румыния елінде өткен Әлем кубогінің қатысушысы, 2025 жылы ҚР Федерациясы кубогінде екінші орын, 2025 жылы Ақ бидай чемпионатында үшінші орынды жеңіп алған. Бүгінгі күні Нұрбол тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері. Спортқа бейім өскен кейіпкеріміз тек тоғызқұмалақтан ғана емес, футболдан да үздіктер қатарында. Ол футболдан Шу ауданының үздік сұрмергені, үздік қақпашысы. Футболдан өткен облыстық жарыстардың алдыңғы орын жүлдегері.
– Нұрбол мектепке алғаш келген күннен-ақ ерекше бала болатын. Ойы жүйрік, есепке ұтымды, әр тапсырманы талдап орындайтын. Қазір ол өз ісін жетік меңгерген, шәкірт тәрбиелеуде үздік нәтижелер көрсетіп жүрген жас маман. Мұндай еңбекқор, ұлт рухын биік қоятын жастар көбейсе, еліміздің болашағы жарқын болмақ, – дейді ұстазы мақтанышпен.
Жас бапкердің еңбегі еленбей қалған жоқ. Қазіргі таңда Нұрболдың шәкірттері де республикалық жарыстарда топ жарып, чемпион атанып жүр. Атап айтқанда, Орал Сағинұр, Нұрымұлы Нүркен, Еркін Жәния, Игенов Нұрали тоғызқұмалақтан облыс чемпиондары. Бұл оның бапкерлік шеберлігінің, еңбекқорлығының және шәкірттеріне деген жауапкершілігінің нәтижесі.
Жақында Нұрбол Әділбайұлы үлкен жарысқа жолдама алды. Ол 16-22 желтоқсанда Түркияның Анталия қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысуға үлкен дайындық үстінде. Халықаралық деңгейдегі қатысу – зор еңбектің жемісі. Бұл спортшының өз елі мен жерінің намысын қорғап, қазақтың ұлттық ойынын әлемдік деңгейде насихаттауды мақсат етуінің жарқын көрінісі.
Бүгінгі таңда ол тек чемпион емес, өз жерінің абыройын асқақтатып жүрген рухты азамат. Тоғызқұмалақтың әр тасы айналған сайын оның ұлттық рухы да жаңғырып келеді. Сондықтан біз шулықтар тоғызқұмалақтың тарланына алда өтетін Азия чемпионатында чемпион атануына тілек білдіреміз.
Балнұр Жексенбекқызы.