Бұрымды арулар бақ сынады
Қай кезде де ұлтымыз қыз баланың тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, оның тұла бойындағы әсемдігіне, әдептілігіне баса мән беріп отырған. «Қыз бұзылса, бүтіндей бір ұлт бұзылады» деген сөздің астары да сол қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда алдыңғы толқынның көшін бастап жүргендіктен, біздер, яғни «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Шу аудандық филиалының мүшелері өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысып, мән-мазмұны бөлек іс-шараларды өткізуге шама-шарқымыз келгенше қолғабыс етіп жүрген жайымыз бар.
Соның дәлелі, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Шу аудандық филиалының ұйымдастыруымен, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық білім бөлімінің қолдауымен Оқушылар сарайында «Бұрымды ару» байқауы өткізілді. Жазғы демалыс уақытына қарамастан С.Шәкіров, М.Мақатаев, Е.Бекмаханов, Б.Момышұлы атындағы орта мектептерінен 6 үміткер қатысып, бақ сынады. Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бұрымды аруларымыз ең алдымен жеребе бойынша реттілігін біліп алды. Мұнан кейін рет-ретімен аттарын атап шақырғанда қазақи нақышта киінген қыздарымыз сахна төріне шығып өздерін таныстырды. Сондай-ақ, әр кезеңдерде қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына байланысты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің шаш күту әдістерін көрсетіп, соңғы кезеңде өз өнерлерін ортаға салды.
Жоғарыда аталған мектептердің атынан қатысқан бұрымды қыздарымыз байқауға жоғары деңгейде дайындалып келгендігін атап өткен жөн. Хакім Абай айтқандай, білектей арқасында өрген қос бұрымдары бар қыздарымыз өздерін таныстырғанда Шу өңірінің бай тарихын, айтулы тұлғаларын атап өтті. Өз өнерлерін көрсеткенде бірі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шертсе, бірі жетігенмен халық әнін ырғағына салып шырқады. Ал, тағы бір қыздарымыз қолөнер бұйымдарын таныстырса, тағы бірі спорттағы жетістіктерін көрсетіп, енді бірі мың бұрала би биледі. Қыздардың өнерлерін тамашалап отырып, «шіркін-ай, қазақтың қыздары осындай болуы керек қой» деп тамсанып отырдық.
Байқаудың төрт кезеңінде бірінен-бірі асып түсуге талпынған бұрымды қыздарымызға лайықты марапаттары мен сыйлықтар табысталды. «Бұрымды ару» байқауының нәтижесі бойынша С.Шәкіров атындағы орта мектебінің оқушысы Нағашбек Нұрай бас жүлдені иеленсе, І орынды Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Байтөре Құралай, ІІ орынды С.Шәкіров атындағы орта мектептің оқушысы Асқарбек Алтынай, ІІІ орынды Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Жайлыбай Адина алды. Ал, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің оқушысы Әуітжан Кәусәр мен Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің оқушысы Новыйбек Айкерімге Алғыс хат табысталды. Жоғарыда аты аталған бұрымды аруларымыздың барлығына арнайы сыйлықтар берілді.
Сөз соңында ұлттың сақталуының ең негізгі тетігі саналатын ұлттың айбыны, ұлттың ары болған қыздарымыздың болмысын сақтап, образын заман ағымына қарай икемдеп отыру үшін “Бұрымды ару” секілді байқауларды жиі өткізіп отырудың да үлкен мәні бар дер едім. Ел бесігін тербетер қаракөздеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды дарытып отырсақ, ұпайы түгел ұлт боларымыз анық. Сондықтан да алдағы уақытта да осындай ізгілікке жетелер іс-шараларды көптеп өткізсек, нұр үстіне нұр болмақ.
Айжан Иманова,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Шу аудандық филиалы «Аналар алқасының» төрайымы.