Ақпараттық портал

Ұлы мұрамыз ұлықталып жүр

“Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”
деп сонау ықылым замандардан құндылығын бір мысқалға да жоғалтпай, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылығымыздың бірі – домбыра екендігі әмбеге аян. Өн бойына өр халықтың тарихын боямасыз сақтап, қос шанағынан күй арқылы төгілтіп-төгілтіп жіберетін ұлттық аспабымыздың құдіреті ме дерсіз? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс” деп лайықты бағасын берген қасиетті домбыраның бағасы жыл сайын артуда. Ұлттық болмысымызды танытатын, рухымызды оятатын басты киеміз – домбыраны қалайша құрметтемеске?!

Халқымызда ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр атырабымыздың әр тасына бүккен сыр-сипатын қос ішекті домбыраның шанағынан төгілткен күйшілер әр дәуірде дүбірлеп өткені бай тарихымыздан белгілі. Сан қырлы өнер иелері түлеп ұшқан қасиетті Шу өңірінен бір күйші шығуы да заңдылық. Бұл күндері күйші десе Әбдімомын Желдібаев, күй десе “Ерке сылқым” күйі бірден ойға оралады.
Ал, сол Әбдімомын Желдібаевтың алдын көріп, мектебінен өткен әрі қандай іс-шара өткізсе де алдымен “Ерке сылқым” күйімен бастайтын Ә.Еспаев атындағы балалар саз мектебі ұлттық аспаптарымызды лайықты түрде дәріптеп, күй тартуға әуестігі бар балаларды тәрбиелеп келеді. Оған дәлел, 2024-2025 оқу жылының аяқталуына орай өткізген “Өнерге қанат қаққандар” атты есеп беру концерті. Мәні терең іс-шарада оқушылардан құралған ансамбль бірнеше күйлерді нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, жекелеген орындаушылар да өз өнерлерін ортаға салды. Мұнан бөлек, саз мектебінің бітіруші түлектері хормен ән шырқады. Аталған іс-шарада Ә.Еспаев атындағы балалар саз мектебін тәмамдаған оқушыларға арнайы аттестат пен ата-аналарына Алғыс хат табысталды. Алтынай Жиенбекова басшылық етіп отырған саз мектебінде өз мамандығына машықтанған, өнерді құрметтей білетін бесаспап қызметкерлер жұмыс жасайды. Солардың бірі – Ләйла Әбекенқызы.
Домбыраның шанағынан төгілген күй сезім пернелерін дөп басса, ол-орындаушының шеберлігі деп білеміз, сондай-ақ бір күйді бір емес, бірнеше адамның үйлесімді тартуы, міне осының барлығының артында ұстаздың маңдай тері жатыр деуге болады. Бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, Әбілахат Еспаев атындағы балалар саз мектебінің абыройын көтеріп жүрген Ләйла Әбекенқызының “Домбырам – асыл қазынам” атты есеп беру концерті де өзінің ұлттық бояуымен ерекше нақышта өтті деуге толықтай негіз бар. Ұмыт қалған өнерімізді жаңғыртып, “Салкүрең” күйін ортекемен көз алдымызда ойнатып, тұғырда ағаш ортекені домбыра арқылы әсем қимылға келтірген шәкірттің икемділігінің артында да ұстаздың еңбегі тұрғаны анық. Сондай-ақ, “Шәкәрімнің шаңырағы” атты күйі арқылы қазақ тарихының бір кезеңін көрсете білуі де нағыз көрегендік деуге болады. Бұған қоса, “Тепеңкөк”, “Домбыра”, “Көксерек”, “Келіншек”, “Балбырауын” күйлері де ерекше орындалып, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырды. Әр ұстаз шәкіртті тәрбиелеуге бағытталған жоспарының қорытындысын осылай түйіндер болса, өнер әлеміне қанат қағатын өскелең ұрпақ көбейетіні ақиқат.
“Жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы-қазақтың қара домбырасы” деуге толықтай негіз бар. Ғалымдар домбырада ойналатын жеті мыңнан астам күй бар деседі. Солардың бүгінде екі мыңдайы ғана айналымда жүр екен. Ал, жер бетінде қазір осыншама репертуары сақталған бірде-бір аспап жоқ. Ендеше сан мыңдаған ғасырдан бүгінге сақталып жеткен домбырамыздың абыройын асқақтатуға барын салып жүрген Ә.Еспаев атындағы балалар саз мектебінің ұлттық аспаптарымызды насихаттап жүрген іс-шаралары жалғасын таба берсін. “Өнер – ұлт келбеті» – дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Сондықтан да ұлт болып осы жолда тер төгейік!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.