Балық – ел байлығы
Жыл сайын шілденің екінші жексенбісінде балық шаруашылығы қызметкерлерін, балық шаруашылығы ғылымының ғалымдарын, балық өсірушілерді, балық инспекциясы қызметкерлерін, кәсіби балықшыларды және әуесқой балықшыларды құттықтау игі дәстүрге айналған.
Осы дағдыдан жаңылмай биыл да шулық балықшылар қауымына құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен жиында мереке иелеріне ізгі лебіздер айтылып, аудан әкімі тағайындаған тиісті марапаттар тапсырылды.
Аудан басшысы өз құттықтауында балық шаруашылығының өңір өміріндегі алар орны ерекше екендігін атап өтіп, аталмыш салаға серпін қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар балық аулаудан бөлек, табиғи ресурстарды сақтап, шаруашылықты дамытуға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтылды.
-Өзен-көлдеріміз балыққа толса, ол – халықтың несібесі мен байлығы екені белгілі. Бүгінде күн демей, түн демей жасаған еңбектеріңіздің арқасында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да балық шаруашылығының дамуына үлес қосатындарыңызға кәміл сенемін.
Кәсіби мерекеге орай тіршіліктің өзегі болған балық өнеркәсібін дамытушы балық саласының ардагерлері мен қызметкерлерінің және еңбек ұжымдарының жоғары шеберлігі және өз ісіне берілген кәсібилігі үшін ризашылы-ғымды білдіремін, – деді Найман Кенжеханұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, балық шаруашылығын дамытуға сондай-ақ табиғи байлықты қорғауға, су айдындарының экологиялық тазалығына үлес қосып жүрген бір шоғыр азаматқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, аудандық мәслихаттың марапаты мен партия мадақтамалары тапсырылды.
Жиын соңында «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Жұмахан Чекаев сөз алып, балықшыларға көрсетілген құрмет үшін ризашылық білдірді. Айта кететін жайт, кәсіби мереке қарсаңында «AMANAT» партиясы аудандық филиалымен бірлесіп «Таза жағалау» атты экологиялық акция ұйымдастырылып, екі тоннаға жуық тастанды қалдықтар шығарылып, жағалауды таза ұстау үшін бір техника мен 100-ге тарта жұмысшылар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, айтулы дата 2017 жылғы 31 қазандағы Үкімет қаулысымен бекітілген. Содан бері сала мамандары мереке мезіретінде марапатталып, құрмет биігінен көрініп жүр. Өзен атауымен аттас ауданымызда бұл сала жылдан-жылға дамып келе жатқанын атап өткен жөн.
Байжан Емберді.