Ақпараттық портал

Сала тынысы тың серпін алуда

Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов қазақ халқы үшін мол қазына қалдырған тұлға. Ол бір сөзінде «Дін – адам жүрегін тазартатын рухани күш» деген болатын. Атасы Әуез бен әжесі Дінәсілден үйренген тағылымын талғажау еткен қаламгердің бұл лебізіне көбіміз келісеміз.

Кешегі кеңестік кезеңде қазақ қоғамын дінсіздендіру саясаты өктем жүргізілгені айдай ақиқат. Жетпіс жыл бойы жалған ұран көтергендердің көздегені халқымызды жою еді. Алайда еншімізге егемендік тиіп, есімізді дер кезінде жинадық. Экономика, сауда, саясатпен қатар Қазақстан рухани тұрғыда қайта түлеуге әрекет етті. Өзбекстан мүфтиятынан өз еншімізді алып, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы құрылып, еліміздегі өзге де конфессиялар сеніміне құрмет көрсетілді.
Тәуелсіздікпен қатар еңсе тіктеген еліміздің руханияты, оның ішінде Ислам діні институт ретінде қалыптасты. Уақытында діни кадрлар шетелде даярланса, қазір қаракөз бауырлар өз топырағында діни сауатын жетілдіріп жүр. Бұны ілкімді істерге жатқызуға әбден болады.
Алысқа бармай-ақ, ауданымыздың өзінде 28 мешіт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Әсіресе, жұмаға жиналған жамағат ұлт пен ұлысқа қарамай, бір қатарда мінәжат еткенін көру бір ғанибет. Себебі жерлестерімізді сенім пен патриоттық сезім біріктіреді.
Жоғарыда айтқандай, жергілікті мешіттерде діни кадрлар жеткілікті деңгейде. Бас мүфтидің бұйрығымен бекітілген 26 имамның тең жартысы жоғары білімді. 12 қызметкер орта білімге ие болса, 13-і діни курсты бітірген. Дегенмен, Бәйдібек және Көктөбе ауылдық мешіттері имамсыз тұр.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігіне қарасты Шу ауданының мешіттерінде жалпы 40 қызметкер жұмыс істейді. Оларды Алмас Кенжемолдаев сынды ауданның бас имамы басқарады. Одан бөлек, 6 найб имам, 3 азаншы, 6 ұстаз, 15 имам мен 9 молда қала мен ауыл мешіттерінде өз міндеттерін атқарып жүр.
Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің дерегінше, білікті теолог сала мамандарының ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына көмектесіп тұрады. Сонымен қатар қайырымдылық шараларымен тұрақты түрде айналысып, жамағатқа базалық діни сауат берумен шұғылданады.
Ауданымыздағы барлық мешіттерде бір уақытта 6 мыңнан аса жамағаттың құлшылық етуіне мүмкіндік бар. Күнделікті 5 уақыт намазға 300-ден аса кісі қатысса, жұма намазға 5000-нан аса тұрғын жиналады.
Аталмыш бөлімнің салаға жауапты бас маманы Зарина Абдиеваның айтуынша, мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру, жат ағымдардан сақтандыру ісінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Бүгінгі таңда 9 мүшеден тұратын 1 аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді түрде жұмыс істейді. Сол сияқты Шу қаласы мен ауылдық жерлерде 96 адамнан құралған 20 топ бар. Олар бекітілген кестеге сәйкес кездесулер өткізіп, түрлі аудиторияны ақпаратпен қамтамасыз етеді.
-2025 жылға арналған халықтың мақсатты топтарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша 12 бағытқа бөлінген, Шу аудандық дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының 2025 жылға арналған желілік кестесі бекітілген. Желілік кесте бойынша І жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспарына сәйкес 79 іс-шара жоспарланған, бүгінде соның 77 іс–шарасы өткізілді,-дейді Зарина Алғабекқызы.
Бас маманның сөзінше, жыл басынан бері 15 түсіндірме жұмыстары, 9 дөңгелек үстел, 43 кездесу ұйымдастырылған. Сонымен қатар 5 флайер тарату, 4 пікір сайыс, 1 сұхбат өткізілген.
Биылға арналған Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы мен Шу ауданы әкімдігі арасындағы «Діни өшпенділік пен алауыздықты тудыратын экстремистік көзқарасты ұстанушылардың санын азайту» түйінді нысаналы индикаторлары бойынша 20 адамды оңалту жоспарланған. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта ғаламторға еркіндік берілген. Соның салдарынан отандастарымыз діни білімді оңды-солды алуды дағдыға айналдырған. Шу ауданы бойынша «Kazdream Technologies» компаниясының «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасы арқылы анықталған «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы азаматтар 319 парақшада деструктивті діни парақшаға тіркелген көрінеді.
Ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісім, толеранттылық туралы БАҚ беттерінде жиі жарияланып тұруы керек. Бұл өз кезегінде оқырмандарға өзгеше ой ұқтырады. Сол секілді әлеуметтік желілер арқылы да жергілікті халыққа қайырылып тұрған артықтық етпейді.
Бұл бағытта бөлім ұсынған мәліметтерге сүйенсек, «Shu_din_isteri» instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына – 23 пост, «Шу дін істері» facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында – 22 пост жарияланған.
Алмағайып заманда ата-бабалар ұстанған асыл дінімізді құбыжық етіп көрсетуге бейім топтар жетерлік. Олар өздерінің озбырлық әрекеттерін Ислам дініне теліп, өздерін қаһарман көрсеткісі келеді. Алайда өзара құрмет, мейірім мен махаббатқа толы Ислам діні зорлық-зомбылықтан ада екені ақиқат.
Оны Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ислам – біздің рухани тірегіміз. Оны экстремизммен шатастыруға болмайды. Біз дін мен дәстүрді үйлестіре отырып, ұрпаққа тәрбие беруіміз қажет» – деп атап өткенінен анық аңғаруға болады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін әйгілі Қабылиса жыраудың өсиетімен өрнектеп көрсек. Жырау өзінің «Бақыт қайда барасың?» деген даналығында былай деген екен:
-Бақыт қайда барасың?
-Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі.
Ұйымшыл елге барамын!
Сол айтқандай, айрандай ұйыған ауызбіршілік ыдырамасын! Иманды ұрпақтың қатары қалың болғай!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.