Ақпараттық портал

Дана Абайдан қуат алған дара қыз

Әлемдік картадан тоғызыншы орыннан ойып тұрып орын алған Қазақстан мемлекетінің ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр атырабына көз алартпаған ел жоқ шығар, сірә?! Тілімізге, дінімізге, ұлттық дәстүрімізге, құндылықтарымызға көз алартып, басты байлықтарымыздан айырғысы келгендерге бой бермей, тарих сахнасынан ойып тұрып орын алуымызға да елеулі үлес қосқан қайраткерлеріміз жоқ емес. Бүгінгі күні солардан қалған құнды мұралар мен рухани азықтарды бойымызға сіңіріп, елдігімізді сақтап қалуға барлық жағдайды туғызып келеміз. Әсіресе, биыл туғанына 180 жыл толып отырған хакім Абайдың «Толық адам» іліміне сүрлеу салғанымызға да аз уақыт болған жоқ.
Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, өтімді, өсімді деген сауалдар көптің көкейінде сайрап тұрғаны айтпаса да ақиқат. Ақын өмір сүргеннен бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де рухани шөліркеген әрбір азамат Абайды оқып, жаңа қарқын, сенім мен серпін, шалқар шабыт, өзгеше ойға орам алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда атап көрсеткен басымдықтарының бірі даналықтың дарабозы болған Абайдың мұрасымен иірімдес келуінің де астарында ұрпақ тәрбиелеу ісін лайықты жолға қоюдың көрінісі аңғарылып тұр. Абайдың қара сөздерінде ұлттық болмысқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты тағлымдық ой-пікірлердің молдығы баршамызға аян.
Бір жылдары барлық білім беру ұйымдарында «Абайтану» сабақтары жүргізіліп, Абай іліміне тыңнан түрен салғандай болып еді. Сол игі үрдісті жалғастыратын уақыт келгендей. Одан бөлек, «Абай оқулары» сынды байқаулар жиі өткізіліп, өскелең ұрпақты ұлы ақынның мұраларымен сусындату ісі де арқауын үзбей келеді. Соның жарқын дәлелі, жуырда ғана «Абай оқулары» байқауынан ауданнан, облыстан, тіпті республикадан топ жарып, жүлделі орыннан көрінген Аралбай Айман Болатбекқызының жетістігін сүйіншілегіміз келеді.
Шу өңіріндегі таланттарды тудырған қасиетті өлке Оразалы батыр ауылынан шыққан талдырмаштай ғана Айман қыз Жамбыл облысының атынан Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» халықаралық конкурсынан І орын иеленіп, қаржылай 50 мың теңгенің сертификатына ие болды. Атап өтерлігі, бұл шығармашылық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шетелдерден 170-тен астам үміткер қатысқан.
Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің 11 сыныпқа аяқ басқан оқушысы Айман Болатбекқызы 5 сыныптан бастап Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін жаттауға машықтанған. Ол 8 сыныпта оқып жүрген кезінде алғаш рет «Абай оқуларына» қатысып, аудандық кезеңнен бас жүлде алып, облыстық кезеңнен де жүлделі орынға ие болады. Содан бері табан аудармай 3 жыл қатарынан талабы мен талантын ұштастыра білген Айман Болатбекқызы осындай жетістікке жетіп, Әулиеата өңірінің абыройын асқақтатып отыр. Аралбай Айман «Абай оқуларынан» бөлек, басқа да байқауларға қатысып та облыстан топ жарып жүр.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Айман Болатбекқызының осындай жетістікке жетуінің артында Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Еділбаева Толқын Әділбекқызының еңбегі жатқаны анық. Отыз жылға жуық мұғалімдік жолы бар Толқын Әділбекқызы үшін оқушысының мерейінің үстем болуы ерекше қуанышқа бөлеуде.
Аралбай Айманның Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жылдығы қарсаңында ауданның жетістіктер қорына салып отырған қомақты үлесі Кенен Әзірбаев мектебіне ғана емес, ауданға ортақ қуаныш болды. Сонау Семейден сағындырып жеткен Айман қыздың қуанышына ортақтаса білген жандардың қатарында ауданға белгілі азамат, Абай ілімін кеңінен насихаттауға үлес қосып жүрген жомарт жан Жұмахан Оспанов қаржылай сыйлық берді. Бұл өз кезегінде оқуға ерекше ынта қойған дарынды қыздың алдыға қойған мақсатынан тайынбауына үлкен қолдау бола алады деген сенімдеміз.
Қарапайым ғана отбасынан шығып, ата-анасының үмітін жаққан Айман алдағы 2025-2026 оқу жылын «Алтын белгімен» аяқтауды көздеп отыр. «Білімдінің қолында алтын шырақ» демекші, қашанда ізденуінің арқасында мұратқа жетіп жүрген Айман Болатбекқызы дана Абай айтқандай, еліміздің бір кірпіші болып қаланып, озық ойлы азамат болуына тілектеспіз!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.