Теміржол тарландарының рухына тағзым
Еліміздің экономикасын өрге сүйрейтін саланың бірі – теміржол десек, қателеспейміз. Егер қандай да бір өңірдің тұрмыс-тіршілік ахуалы жақсарса, сол салаға теміржол қызметінің көп көмегі тигені сөзсіз. Еліміздегі жүк және жолаушы тасымалдау жұмыстарының алға жылжуына бірден-бір себепкер – ел экономикасының «қара нары» саналатын теміржол қызметі деуге болады. Жылдың кез келген маусымында еш кідіріссіз, үнемі қозғалыста болып, әр күн, әр сағат, әр минутта түрлі техникалық қауіп-қатерге толы жұмыстың қиындығын сырт қараған адамдар біле бермейді.
Халық сұранысын орындап жүрген теміржолшылар еңбегі орасан зор деуге болады. Біздің теміржол саласы сөзден істі құп көретін, жауапкершілікті өте қадірлейтін, өз ісіне өзі қырағы болумен қатар әскери тәртіптің ережесімен жұмыс істейтін құрылым. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Оны көпшілік жақсы біледі. Теміржолдағы қызметкерлер темірдей ережеге бағынып, болат жолдың бойында шыңдалған азаматтар. Жыл сайын теміржолшылар күні қарсаңында бар ғұмырын теміржолға жұмсаған Қылышбек атамның бала кезімде жиі айтып отыратын нақыл сөздері есіме жиі оралады. «Машинист» өте мәртебелі мамандық деген сөздері әлі күнге санамда жаңғырып тұрады.
Атамның сол сөздері бала кезімде жадымда жатталғандықтан болар, ата кәсіпті жалғастырып, еңбек жолымды 1971 жылы Шу Локомотив депосында слесарь болудан бастап, машинист көмекшісі, машинист, машинист нұсқаушысы жұмыстарында табан аудармай 45 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Еткен еңбегімнің өтеуіне басшылық тарапынан алған марапаттарым да жетерлік. Қоғам дамуына бір кісідей үлес қосқанымды мақтаныш етемін.
Қылышбек атам үнемі «Еліміз, балаларымыз аман болсын деп ешкімге міндет артпай, сыйлық дәметпей әскер тәртібімен жұмыс істедік. Одан жаман болған жоқпыз. Адал еңбек әрқашан алдыңнан шығады екен. Үкіметке рақмет!» деп отырушы еді. Өзінің алғырлығының арқасында қысқа мерзімді тәжірибеден өтіп, алғашқы паравоздың машинистері болып жұмысын бастаған, сол кезде жалындаған 30 жастағы жігіттер, атам Қылышбек Сексенбаев, Жүнісәлі Барменқұлов, Қуаныш Қарымбаевтар 1941 жылы Шу локомотив депосынан 10 паравоздан құрылған колонна құрамында Саратов арқылы Ленинград майданына оқ-дәрі, азық-түлік тасымалымен айналысқан. 1946 жылы соғыс уақытында еткен еңбектері үшін Шу құрамынан құрылған бригада «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Әрине, мұның бәрі өткен тарих болса да кейінгі жас ұрпақ үшін өнегелі іс деп білемін.
Осы жерде бір анықтап айта кеткім келіп тұрған нәрсе, Қыр қазақтарына (паравоз) бу машинасы тоқтаған кезде буы шығып, пысқырынып тұрғанына қарап, «қара айғыр» атанған алғашқы алып машинаның нұсқаушы машинистері болған Еркімбаев Ердешбай, Қасенов Рақыш, Мамырханов Тоқтағұл аталарымыздың өз заманында ерлікке пара-пар еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосқанын Шу теміржол локомотивінің шежіре архивінен біліп отырмыз. Қыр халқының заман ағымының ығына қарай тек мал соңында жүруі емес, техниканы меңгеріп, еңбек етулеріне, әсіресе теміржолдың үстімен зымырайтын пойызды тізгіндеп, сол арқылы ел экономикасын ілгерілетуге қосқан үлестері мақтауға тұрарлық. Көмір қуатымен жүретін паравоздардың қол жұмысын көп керек ететін машақаты да аз болмаған. Паравоздың қосалқы конвейеріндегі 30 тоннаға жуық көмірді қол күрекпен пешке лақтырып, паравоздың жүру жылдамдығын реттеп отыру оңай шаруа емес. Жүк пойызында сынақтан өткен алғыр жігіттерді арнайы қауіпсіздік шараларының дайындығынан өткізіп, жолаушылар тасымалдайтын пойызға рұқсат еткен.
Шу теміржол локомотивінің ең алғашқы жолаушылар пойызының машинистері Момынов Сейдахмет, Ахметов Баялы, Сағитов Бадақ аталарымыздың ерен еңбектері қазір ертегі секілді естілетіні рас. Әскери тәртіпке бағынатын теміржол машинистерінің арқалаған жауапкершіліктері ұшан-теңіз десе болады. Әр теміржол бекетіндегі белгіленген уақыт кестесіне сай пойызды өте дәлдікпен жеткізу айтуға ғана оңай. Техниканың қазіргідей дамыған кезінде болып жататын ауытқушылық пен кестеге сай емес жүріс аталарымыздың уағында болмаған. Мұндайда «Қалайша?» деген сұрақтың қойылатыны да орынды. Жауапкершілік пен тәртіпті өте ыждаһатпен орындайтын аталарымыздың орасан еңбектерінің өлшемін ешқандай теңеумен салыстыруға келмейтін ғажап іс деп білуге болады. Заман ағымына сай соңғы ғылыми техникалық жарақтармен қаруланған кейінгі өрен жастардың да ішінде өз мамандығының нағыз майталманы болған азаматтар баршылық.
Аталар еңбегінің ізбасарлары болған, ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып отырған теміржол құрылымы қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтай отырып, елімізге баянды бақыт тілеймін!
Мелис Бейсембаев,
Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
«Құрметті теміржолшы»,
«Қазақстан Республикасының Еңбек ардагері».