Ақпараттық портал

Инвесторлар игі іске тартылды

Бірер аптадан соң аудандағы білім ошақтары алғашқы қоңырау соғып, шәкірттерін өзіне шақырады. Ал оқу жылы алдындағы қарбалас сәт ата-аналарға оңай соқпайтыны белгілі. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мектепке қажетті керек-жарақ пен киім-кешек алуға абдырап қалатыны ақиқат. Мұны жанымен түсінетін жомарт жерлестеріміз жыл сайын «Мектепке жол» акциясына атсалысып келеді. Биыл бұл үрдіске инвесторлардың тартылғаны бізді ерекше қуантады.

Жуырда  аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» атты ауқымды акциясы «Теміржолшылар» саябағында өткізілді. Аталмыш игі шараға инвесторлар мен өңірдің жеке кәсіпкерлері өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында  салалық бөлімнің басшысы Жеңіс  Нұрға-лиев сөз алып, қайырымдылықтан қалыс  қалмаған  демеушілерге алғысын білдірді. Оның айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында жалпы 200  балаға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары тарту етілген.
-Баршаңызды  ең алдымен келе жатқан оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын! Оқушылар озат, білімді болсын! Осы  шараға қала мен ауылдардағы алғыр, ақылды, мықты балаларды шақырып,  демеушілер ұсынған сыйлықтарды үлестіреміз. Оң бастамаға үлес қосқан инвесторлар мен  жеке кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Жұмыстарыңыз жемісті болсын,-деді Жеңіс Сейсеналыұлы.
«Мектепке жол» акциясына Шу  қаласы мен ауылдық округтердегі көпбалалы  және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасылардың мектеп жасындағы балалары  қамтылды. Көмектің мұндай  түрі ата-аналарға айтарлықтай жеңілдік сыйлады. Себебі қымбатшылық  уақытта бір баланы оқуға әзірлеу оңайға соқпайды.
-Мектеп уақыты жақындағанда уайым күшейеді. Өйткені перзенттерімізді киім-кешек, құрал-жабдықпен қамтуда қиналып қаламыз. Осы тұста «Мектепке жол» шарасының берері мол екенін айта кеткім келеді. Бүгін демеушілердің қатысуымен өткен акцияда мектеп сөмкесі  мен оқу құралдарына ие болып отырмыз. Бұл бізге үлкен көмек. Осы  үшін ұйымдастырушыларға, кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге алғыс айтамын,- дейді сыйлық алған оқушының анасы.

Қалыптасқан дәстүрге сай білім күні қарсаңында аталмыш акция кеңінен өткізіледі.  Бұл  қадам халқымыздың ұзақ  жылдар бойы қалыптасқан қайырымдылық қағидасына сай шаруа. Сондықтан қалталы азаматтар мен қайырымды жандарды жақсылық жасауға шақырамыз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.