Жиенбет ауылында жаңа мектеп ашылды
Биылғы оқу жылында 1 қыркүйек – Білім күні демалыс күніне түсіп отыр. Неге десеңіз, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні сенбі күніне тұспа-тұс келді. «Педагог мәртебесі» Заңы жарыққа шыққалы бері, педагогтар қауымын демалыс күнінде жұмысқа шығару, әрине заңға қайшы. Алайда, әр жылдың 1 қыркүйегінде «Алғашқы қоңырау» салтанатын 1 сыныпқа алғаш аяқ басқалы отырған бүлдіршіндер мен ата-аналар күтетіндіктен, осы күн өз мәнін жоймасын деп Оқу-ағарту министрлігі 1 және 9, 11 сыныптар үшін атап өтуді ұйғарған болатын. Соған сай, Шу ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында 1 қыркүйек күні «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты жиын болып өтті.
2025-2026 жаңа оқу жылын 46 орта білім беру ұйымында болжаммен 20487 оқушы бастайды деп күтілуде. Оның ішінде 1835 бүлдіршін алғаш рет 1-сыныпқа барады. Елімізде әрбір қазақстандық оқушының білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуда. Ауыл балалары мен қала балаларының арасындағы алшақтық жойылып, тең мүмкіндіктерге жол ашылып келеді.
Заман алға озған сайын дөңгеленген дүние түрленіп, әлем қарыштап дамып, білім мен ғылым саласы түрлі технологияның игілігін көріп, ауыз толтырып айтар жетістіктерге жетуде. Бізде жан-жақты қаруланған, өте мықты білім беру жүйесін қалыптастыруға қажетті алғышарттар жетерлік. Атап айтсақ, кәсіби мамандар, отбасылар, мектептер, ресурстар кең байтақ еліміздің кез келген бұрышында әр бала үшін ең жақсы мектебі бар мемлекетке айналуына мүмкіндік береді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде көптеген мектептер бой көтеріп, заман ағымына сай жасақталып, білім беру жолында қызмет етіп келеді. Жоғарыда атап өткендей, қазіргі заманауи стандарттарға сай жаңартылған мектепте оқу – бүгінгі ұрпақтың тілегі.
Соның жарқын дәлелі, 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Жиенбет ауылындағы Жиенбет негізгі мектебінің жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі. Салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, ардагер ұстаздар, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Ең алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалып, мектептің ашылу салтанатына жиналған қонақтар Әнұранға құрмет көрсетті. Мұнан кейін, Бақытжан Оразалыұлы, Жасұлан Әлкенұлы және ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбіұлы сөз сөйлеп, жаңа мектепке қадам басқалы тұрған мектеп ұжымы мен оқушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Жиенбет негізгі мектебінің құрылысына жауапты болған «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС директоры Нышаналы Калдыбаев та сөз алып, ізгі лебізін білдіргеннен кейін символикалық кілтті мектеп директоры Ақсұңқар Сейпишеваға табыстады.
Білім күніне орай беріліп отырған жаңа мектептің ашылу салтанатында мектеп оқушылары келген қонақтарға арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Әуелете ән салып, мың бұрала билеген оқушылардың жүзінде шат-шадыман көңіл-күй. Дәл осы сәттен кейін жаңа мектептің лентасы қиылып, келген қонақтар, мектеп ұжымы мен оқушылар білім ошағының ішіне енді. Заманауи талапқа сай салынған мектептің іші көз тартады.
Мектеп салу, оның техникалық мүмкіндіктерін арттыру сынды игі бастамалардың көбеюі білім саласының қарыштап дамуына мүмкіндік беретініне еш күмән жоқ. Қашан да жаңа дүниеге жаны құмар, жаңашылдықтан қалыс қалмайтын еліміздің айы оңынан туып, жаңа әрі сапалы ғимараттар ел игілігіне беріле берсін. Ұрпақ үшін жасалар игі істер жемісін беріп, озық ойлы елдерден оқ бойы оза шабайық!
Айғаным Асқарбек.