Тазалық – ішкі мәдениет айнасы
Қазіргі таңда қала мен дала тазалығы күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе. Демалыс орындарында, саябақ пен қоғамдық ортада бейберекет шашылып жатқан қоқысты көргенде көңілдің құлазитыны рас. Бабаларымыз соғысып қалдырған даланы қоқысқа толтыру қаншалықты дұрыс?
Мемлекет басшысы тарапынан баянды бастамалар жиі көтеріліп тұрады. Солардың бірі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы екені ақиқат. Президент өз сөзінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы тиіс. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» – деген болатын.
Жасыратыны жоқ, ауқымды акция басталғалы бері аудан жастары өңірдің тазалығына атсалысып келеді. Бұған дейін де үлкенді-кішілі шараларға белсене қатысып жүрген қала және аудан жастары бұл жолы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» бағытындағы күре жолдың бойындағы жолаушылар тастаған қоқысты тазартты.
Ұзын-ырғасы 50-ге жуық жас қамтылған акцияны Шу аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығы мекемелері бірлесіп ұйымдастырған. Аталмыш шараға Алға, Өндіріс, Қорағаты, Дулат ауылдық округтерінің әкімшілік қызметкерлері мен ауыл жастары белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал қапқа жиналған қоқыстарды шығаруға Жамбыл облыстық «ДЭУ 37» ЖШС-нің Шу қалалық филиалының мамандары мен техникалары көмекке келді.
Ондаған шақырымдар бойына оң нәтиже жасаған жастар негізінен пластикалық бөтелке мен энергетикалық сусындардың қалбырларын, балалардың жаялықтарын жинаған. Одан бөлек, қисапсыз темекі тұқылдарын теріп шығу мүлде мүмкін емес. Күннің ыстығына қарамастан акцияға қатысқан жастар мол сауап алғаны, ал оңды-солды қоқыс тастаған адамның обалдық жасағаны анық дүние.
Ауданды айналып өтетін жолдан күніге кем дегенде жүздеген көлік өтеді. Соның сексендейі терезеден қоқыс тастаса, оны апта мен айға көбейтсек қорқынышты сандар көрініс береді.
Алдымызда аудан бойынша санитарлық тазалық, абаттандыру екі айлығы бар. Республикалық акцияның да, қос айлықтың да түпкі мақсаты – тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру. Ол үлкендердің өнеге көрсетуімен жас буынға берілуі тиіс. Сондықтан баланы гаджеттен бір сәт айырып, қолына күрек пен тырма ұстатудың пайдасы орасан болмақ.
Байжан Емберді.