1 сағатта 700 келі қоқыс жиналды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шу қаласында ауқымды әрі тартысты шара ұйымдастырылды. Қала әкімі аппаратының қолдауымен және қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен шаһар тұрғындары арасында қоқыс теруден «ТАЗА ҚАЛА» атты бірегей экологиялық жарысы өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және тұрғындар, әсіресе жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Биыл үшінші мәрте дәстүрлі түрде байрағын желбіретіп отырған бұл эко-жарыс осы жолы Шу қаласының Жетісу мөлтек ауданы (әскери қалашық / Военный городок) аумағын қамтыды.
Салауатты өмір салты мен тазалықты ту еткен шараға қаланың белсенді тұрғындарынан құралған 6 команда қатысты. Жарыс шарты бойынша қатысушыларға небәрі 1 сағат уақыт берілді. Нәтижесінде, бір сағаттың ішінде аталған аумақтан рекордтық 700 келі қоқыс жиналып, арнайы полигонға жөнелтілді.
Қазылар алқасы жиналған қоқыстың салмағын таразыға салып өлшеп анықтады. Тартысты өткен экологиялық сайыстың қорытындысында «Қоқыссыз келешек» тобы ең көп қоқыс жинап, сайыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Екінші орын «Таза Әлем» тобына бұйырды. Үшінші орын «Таза мекен» тобына берілді.
Ерекше атап өтерлігі, ұйымдастырушылар тарапынан тек жүлдегерлер ғана емес, экологиялық акцияға атсалысқан барлық қатысушы командалар назардан тыс қалмады.
Бұл қадам тұрғындардың алдағы уақытта да тазалық шараларына белсене қатысуына үлкен мотивация берді.
Байжан Емберді.