Ақпараттық портал

Жер-анаға жанашыр ұрпақ болайық

«Өз еліңнің бір тал шөбін жұлма, ол — сенің Отаныңның бір бөлшегі» деген сөз санамызға сіңіп өскенмен, кейде күнделікті асығыс тірлікте осы бір қағиданы ұмытып кететініміз жасырын емес. Бүгінде елімізде кең көлемде қолдау тапқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұлттық санамызды оятатын, елімізге, туған жерімізге деген шынайы сүйіспеншілігімізді іспен дәлелдейтін үлкен қозғалыс.
Таңертең мектепке қарай асыққанда немесе саябақ пен көше бойымен жүріп өткенде көз сүйсінерлік көріністермен қатар, өкінішке қарай, жанды ауыртатын көріністерді де жиі көреміз. Әр жерде жатқан пластик бөтелкелер, лақтырылған қағаздар, орындықтардың маңындағы қоқыстар… Көбіміз мұны көргенде «Арнайы қызметкерлер жинап алады ғой» немесе «Бір ғана қағаздан ештеңе өзгере қоймас» деп немқұрайды қараймыз.
Алайда нағыз мәдениеттілік тазалауда емес, оны мүлде шашпауда. Егер мектептегі әрбір оқушы қолындағы ұсақ-түйек қағазын жәшікке дейін апарып тастауды әдетке айналдырса, егер әрбір отбасы өз ауласын көгалдандырып, таза ұстаса, біздің қаламыз, бүкіл Қазақстанымыз гүлзарға айналары сөзсіз. Өйткені үлкен өзгерістер әрқашан кішкентай қадамдардан, әрбір адамның жеке жауапкершілігінен басталады.
Қазақ халқы табиғатпен қашанда үндесіп, оны қасиет тұтып өмір сүрген. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген даналық сөздер жер-ананы көздің қарашығындай сақтауға үндеген ұлы аманат. Ал біз бүгін сол аманатқа қаншалықты адалмыз? Бүкіл әлемді алаңдатқан климаттың өзгеруі, су қорының азаюы, ормандардың сиреуі адамзаттың табиғатқа көрсеткен салқындығының салдары. Қазақстанның шексіз бай даласы, асқар таулары мен мөлдір көлдері келешек ұрпақтың да ортақ үйі. Осы кең-байтақ өлкенің әрбір топырағын таза ұстау әрбір жастың қасиетті борышы.
Осы тұста біздің қолымыздан не келеді деген сұрақ туындауы мүмкін. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ біз экологиялық мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қоса аламыз. Сыныптастарымызбен бірге сенбіліктерге қатысып, мектеп ауласына ағаш егу, пластик пен қағазды бөлек жинау (сұрыптау) мәдениетін қолға алу, қарап отырсақ, бәріміздің де қолымыздан келетін іс. Ең бастысы, жүректегі бейжайлықты жойып, табиғатқа деген жанашырлықты ояту екенін жадымыздан шығармайық.
Туған жердің бір тал жапырағына залал келтірмеу патриотизмнің де ең жоғарғы көрінісі. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік үлкен мінберлерден айтылатын әдемі сөздерден емес, туған көшеңнің тазалығына жауапкершілікпен қараудан басталады.
Мен қатарластарыма “Кел, ортақ үйімізді бірге қорғайық!” дегім келеді. Тазалықты өзімізден бастап, келер ұрпаққа көк майсалы, ауасы саф, суы мөлдір әсем Қазақстанды мұра етіп қалдырайық.
Диана Сатыбалды,
М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің 11 сынып оқушысы.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.