Салмағы басым басымдықтардың болашағы зор
Біздің мемлекетіміз қаншама қиындықтарды еңсеріп, даму бағытында стратегиялық қадамдарын нықтап, әлем елдерінің тәжірибесін өз саясатында іске асырып, ұлтаралық қатынасты берік орнатуға талпынған әрі өзгерістерге бейім ұлт ретінде қалыптасып отыр. Бұлай айтуыма Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы себеп болып отыр. Мемлекет басшысы ел алдына тікелей эфирге шыққаннан бастап елге пайдасын тигізуді ойлайтын қазақстандық азамат ретінде әр сөзін мұқият тыңдадым. Әрине, әрбір азамат өзінің көңіліне дөп түскендерін санасына түйеді.
Шаруаны белден басқан Шу өңірінде дүниеге келгендіктен, оның үстіне біздің ауданда агроөнеркәсіп саласына инвесторлар тартылып, ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар қолға алынып жатқандықтан, осы сала туралы айтқанда ыждаһатпен тыңдадым.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет» деп баса айтты. Тағы бір сөзінде «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр» дей келе, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге баратынын, агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар екендігін жеткізді.
Бәрімізге белгілі, ауданымызда орын тепкен техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін №10 колледжде «Агрономия» мамандығы ашылып, «Qyzylsha zher» ЖШС-нің өкілдері шараның бел ортасынан табылған болатын. Биылғы оқу жылында осы мамандықтарға түлектер қабылданып, білім алуда. Осы мамандықтың қыр-сырын білетін, кешегі мол өнім алған Кеңестік кезеңнің де тәжірибесін білетін алдыңғы буын өкілдері ортамызда әлі де бар. Сондықтан да осы саланы жандандырып, еңбек адамының беделін арттырып, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кенжелеп қалған салаға өз үлесін қосатын кәсіби маман даярлау ісін мықтап қолға алу қажет деп ойлаймын.
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар үдерісі асқан жылдамдықпен дамып, жасанды интеллектінің игіліктерін пайдалану ісі қоғамда өзекті болып отыр. Президентіміз «Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек» деген сөзіне де назар аудартты. Бүгінде пайдаланылмай жатқан бос жерлерді қайтарып, оны тек жердің қадірін білетін азаматтарға беру керектігін алға тартты. Игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару жұмысы біздің ауданда да тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр.
Тағы Жолдауда көңілге қонған басымдықтардың бірі-туризм саласын дамыту мәселесі. Мемлекет басшысы: «Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады» деп атап өтті. Шын мәнінде, қазақ хандығының қазығы қағылған киелі Шу өңірі туризм саласын дамытуға сұранып тұрған аймақ. Осы істі оңтайландыру мақсатында инвесторлар, жеке кәсіпкерлер, мүдделі азаматтар атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізсе, оған жоғары биліктен қолдау болса, біздің ауданның туристік әлеуеті зор болмақ.
Жуырда ғана облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен Шу ауданының тұрғындары кездесіп, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Ойда жүрген мәселені қозғаған көреген басшымыз үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түскендігін атап өтіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатқандығын ескертті. Міне, бұл бастама да біздің ауданның жаңа сипат алуына жол ашатындығын көрсетіп отыр.
Ел Президенті мемлекет тізгінін қолға алған күннен бастап, еститін мемлекет тұжырымдамасын алға тартып, Әділетті Қазақстан құруды мақсат етіп отыр. Жоғарыда Жолдауда сөз болған басымдықтың барлығы халық үнімен үндес келетіндігін айғақтап отыр. Алдағы уақытта ойға алған істер оң нәтижесін беріп, еліміз өркендеп, әл-ауқаты артып, дамыған елдермен иық тірестіреді деген сенімдемін!
Жасұлан Әбенов,
аудандық мәслихаттың төрағасы.