Медицина саласына серпін берілмек
Жылдағы дәстүрге сай Ел Президентінің кезекті Жолдауын асыға күтіп, өзіміздің салаға қатысты жаңалықтарға ден қоямыз. Мемлекет басшысының Жолдауында ұсынған басты бағыттар – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру болса, бұған ауданның медицина саласы да үлкен үлес қосатындығын атап өткен жөн.
Елімізде медициналық қызметтің сапасын, қолжетімділігін арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар іске қосылып, осы салаға қыруар қаржы бөлінуде. Ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауында ұлт саулығына басымдық берілгенінен-ақ, мемлекеттің басты байлығы-адам делінген Заңның үстемдігіне көз жеткізе түсетіндейсіз. Әрі медициналық қызметті цифрландыру ісінің нәтижелі түрде жүзеге асуының өзі де азаматтардың уақытын тиімді ұйымдастыруына жол ашып отыр.
Қағазбастылықтан арылу үшін қолға алынған цифрландыру саясатының арқасында ұтарымыз көп. Бұл-уақыт ұту үшін тиімді әдіс. Қазіргі таңда ем алушылардың барлығының дерегі арнайы базаға енгізілген. Азаматтар бұрынғыдай бірнеше қағаздарды қолтығына қыстырып жүрмейді, тек төлқұжаты болса болғаны. Бүкіл денсаулығына қатысты деректер базада сақтаулы. Үлкен қалаларға барса да, төлқұжатын берсе болғаны, науқас жайлы мәліметтер “ДамуМед”-те шығып тұрады. Тіпті, “Е-гов” немесе “ДамуМед” порталы арқылы шалғай ауылда тұратын тұрғындар өз дәрігерлеріне кезекке тұрса болады. Бұрынғыдай тексерістен өту үшін апталап кезектің соңында жүрмейді, белгіленген уақытында дәрігерге көрініп кете алады. Цифрландыру бағытындағы жұмыстар әлі де жандана түспек.
Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы “Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс. Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады” деген жолдар дәлел бола алады.
“Көш жүре түзеледі” демекші, кеткен кемшіліктер мен орын алған олқылықтар заман ағымына сай реттеліп, медицина саласы жыл өткен сайын жаңарып, жанданып келеді. Дәлірек айтсақ, осынау әлеуметтік маңызы зор саланың дамуы, ел әлеуетінің артуына тікелей септігін тигізетін тетік саналады. Бұл ретте, әсіресе, аудандар мен ауылдардың жай-күйі басты орында десек қателеспейміз. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында да медициналық нысандарымызға заманауи тұрғыда қайта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның өзі салаға тың серпін бермек.
Жайдар АЙТИШЕв,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.