Ақпараттық портал

Мал базары тазалық талаптарына сай ма?

Ілгеріде аузы дуалы бір қарияның айтқаны дегенді естуші едік. Мал жарықтық алмағайып замандарда қазақтың жанын алып қалған тіршілік көзінің бірі ғой.
Жігіттер малдың астын, малдың астын,
Малдың астын күтпесең мандымассың,–деп отырушы еді. Дәрісі жоқ, алдын ала салдыратын екпесі жоқ замандарда қазақ атам «Тазалық –денсаулық кепілі» деп тіршіліктің қажетіне жарап жататын малдың күтіміне ерекше мән берген. Ауылдағы ағайынның тіршіліктің қамымен аптасына бір рет баратын жерінің бірі – «Мал базары». Көпшіліктің сұраныс пікірімен келісе отырып «Тазалық пен мал шаруашылығына» қатысы бар деген мамандарға жолыққан едік.
Халқымыздың ата-бабамыздан мұра боп қалған тіршілік көзі мал шаруашылығына айтарлықтай көңіл бөлініп жатқанын бұқаралық ақпараттардан оқып біліп жатырмыз. Өсіру, оны ұқсатып қажетке жаратуда жергілікті елді мекендердегі мал базарының да атқаратын қызметі, мал базарының жай-күйі қазіргі сұраныс талапқа сай келіп, сатушы мен алушының көңілінен шығып жатса, ел экономикасының едәуір жақсарып жатқаны деп білуге болар еді. Төле би–Шу бағытындағы күре жолдың бойындағы мал базарының көрініс жағдайы көпшілікке мәлім десек болады. Мал базардағы алушы мен сатушының біразының пікірін тыңдаған едік.
Ғабит Нұрқадилов, Бөлтірік ауылының тұрғыны:
-Мал баққан шаруаның баласы болған соң базарға жиі келіп тұрамын. Қазіргі нарық заманында бәсекелік қарқын алған уақыт. Әсіресе, көпшілікке қызмет көрсетудің қай түрі қарқын алып жатқанын білмеймін. Мал тұяғынан көкке көтерілген шаң топырақтан көз аша алмайсың. Күніге емес, аптасына бір рет болатын базар күні базар әкімшілігі көпшілікке қолайлы жағдай жасап, базар алаңына құдайдың қара суын шаштырып, шаң топырақты уақытша басуға болады ғой. Құдайыға, тегін кіріп мал сатып жатқан ешкім жоқ. Кірген-шыққан көліктің бәрінен төлем алынып жатыр. Базар алаңының қоқысын тазалап, күніге емес аптасына бір рет су шашып, шаң -тозаңды уақытша болса да бастырып қоюға болады ғой. Көршілес Қордай, Меркі аудандарындағы мал базарларындағы жағдай бізден анағұрлым алдыда, – деп өз пікірін білдірді.
– Кәсібім – аптасына бір рет Шу базарынан мал алып, Меркі, Қордай базарларына апарамын. Салыстырмалы түрде айтқанда Шу базарының сатушы мен алушыға ыңғайлы тіршілігі өте нашар деуге болады. Әсіресе, базар иесінің немкеттілігіне қарның ашады. Мал байлайтын орындар жетіспейді. Көлеңкелі орын жоқ. Бастырмалы көлеңкелер істеп қоюға болады ғой, айта берсе көп нәрсе жетіспейтіні көрініп тұр,- деп аты-жөнін айтқысы келмеген жас жігіттің орынды сөздеріне іштей біз де қосылдық.
-Ақ адал малыңды базарға шығарып саудасына келісіп, бала-шағаның нәпақасына жаратайын десең, малыңды сатып алатын кісінің құжатын алдын ала дайындап, арнайы дерекқорға енгізіп, құжаттауыңыз керек екен. Базарда мың кісі бар, қайсысының құжатын түгендеп алушыны іздейсің. Мойынқұмнан келіп тұрмын. Өзгерген заңның қисынды екеніне сенгім келмейді,-деп сөзге араласқан Ақәділ Орынбаев деген азамат басқарушы билік басындағылардың қарапайым халықты ойыншық қылғаны несі деп өкпесін жеткізді.
Жамбыл облысы, Шу ауданының ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы С.Бердыбаевтың «Жамбыл облысы ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Тараз қаласы және аудандардың ветеринария бөлім басшыларына жіберген (№578 27.08.2025 ж.) хат дерегі бойынша жасалатын істің барысын аудан көлеміндегі ветеринар мамандардың көбісі түсінбей, қандай қимыл жасауларын білмей дал болғанының куәсі болдық. Базарға апаруға жергілікті ветеринар мамандардан алатын рұқсат анықтаманың мәнақасы қиындап кеткен. Соңғы екі аптаның ішінде әртүрлі сан-саққа жүгірген алып-қашпа әңгімелердің анығына жету мақсатында «Шу ауданының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының маманы Даурен Қожағұлмен тілдескен едік:
-Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқау бұйрықтарының негізінде ауылды жерлерде әр отбасыға жергілікті тиесілі жайылым көлеміне сәйкес мал ұстау нормасы бекітіліп, нақты іске кіріссе өте дұрыс болар еді. Бізде өкінішке қарай бірін-бірі мойындамайтын түрлі шикі нұсқаулықтар жоғарыдан келіп біраз азаматтардың миын ашытатыны рас. Мысалы, облыстық ветеринариялық станциясының күні кеше жіберген аудан ветеринарларының бөлім басшыларына жіберген хатының мәтініне түсіне алмағанымыз рас. Анықтау үшін сұраныс түсіндірме хат та жібердік. Қарапайым халықтың өз иелігіндегі малына өзі ие бола алмайтындай етіп жазылған хат мазмұнына көпшіліктің наразы болуы өте заңды нәрсе. Оның үстіне тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басы оқу жылының басталар шағына қарай қарбалас шақ. Бала-шағаның қамын күйттеген халық осы кездері қолдағы малдарын жаппай сатылымға шығарады. Қарапайым жергілікті ауыл тұрғындарының наразылығы орынды екенін ескеріп, хат мәтініне өзгеріс енгізуін, уақытша болса да мал базарына кірулеріне рұқсат етуіне қол жеткіздік, – дейді ол.
Шу аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясының басшысы Самат Бексұлтанов:
-Қоғамды тазалық пен салауатты сақтандырып, адамдар өмірін қауіпсіздендіруде ветеринария саласының еңбегі зор десек болады. Біздің міндетіміз – эпизоториялық ахуалды реттеп, мемлекет тарапынан бөлінген мал ауруына байланысты түрлі вакциналардың қолдануын қадағалау. Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар арасында тазалықты сақтау, ауырған малдарын дер кезінде арнайы мамандарға ескерту, мал арасында болатын түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу әрекеттері өте кеш білініп жататын жағдайлар болатыны рас. Ауданымызда Алға, Абай ауылдарында және Шу қаласының «Қант зауыты» аумағында орналасқан арнайы мал өлекселерін залалсыздандыру орындары бар. Ауданымыздағы 18 ауылдық округтің бәрінде дерлік арнайы санитарлық талаптарға лайық мал қорымы болуы тиіс. Халқымыздың күнкөріс көзі болған төрт түлік барлық елді мекенде бар. Бұл жөнінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарына арнайы хабарлама жасағанбыз. «Қаржы қарастырылуда, болашақта көпшілік талабы орындалады» деген уәде естідік. Соңғы уақытта «Қайрат» мал сою бекеті елді мекенге тым жақын болып тұр. Иіс-қоңыстан сол маңдағы тұрғындар зардап шегіп жатыр деген наразылықтар шығып жатқаны рас. 172 адам қол қойған арыз тексерілді. Нәтижесінде, мал сою бекеті алғаш соғылған кезде сол маңда тұрғын жайлар болмаған. Уақыт өткен соң үйлер соғылып, елді мекенде тұрғындар саны көбейген. Бұл мәселе жергілікті әкімшілік басқару орындарына айтылып ескертілді. Санитарлық талаптарды орындауға арнайы нұсқаулар берілді.
Бізде заңды күші бар нұсқамалар шикі боп тұр. Тазалық жағынан ақсап жатқанымыз шындық. Ауданымызда үш мал сою бекеті бар.Дегенмен санитарлық тазалық жағы үнемі қадағалауды керек ететін жұмыс. Қоғамның баға жетпес байлығы – адамдар денсаулығы деп бекер айтылмаған. Еліміздегі болып жатқан цифрландыру мәселесінің алғышарттарының орындалуы халықты толық құлақтандырып, жергілікті округ әкімшілігі мен мемлекеттік қызмет мамандарының түсіндірме жұмыстары жүргізілсе дұрыс болар еді, – деп өз пікірімен бөлісті.
110 мыңға жуық халқы бар Шу ауданының көпшілігі ауылды жерлерде тұратындықтарын ескерсек, аудан көлемінде үш мал өлекселеріне арналған залалсыздандыру орны бар деп айтудың өзі ұят. Ауданымыздағы 18 округтің әрқайсысында болуы тиіс залалсыздандыру алаңшаларының болмауы ауру ошақтарының көбеюіне әкеліп тұр емес пе? Соңғы мәліметке сүйенсек, аудан көлемінде жұқпалы ауру түрлері оның ішінде бруцеллез ауруының адамдар арасында көбейіп келе жатқанына арнайы осы салаға қатысы бар, құзыретті салмағы бар маман қызметкерлердің томаға тұйық жүрулеріне не себеп? Қазаққа тән аурудың көбісі сүт пен еттен келетінін білсек те бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен жалтарып, жалған есеп көрсеткіштерін қолдан жасап жатқан тірлігімізге кімді кінәлаймыз?
«Тазалық – денсаулық кепілі» екенін әр азамат біліп, өз ортасының тазалығына көңіл аударып, келешек ұрпағының дені сау азамат болып қалыптасуына атсалысып, бірігіп іске кіріссе екен деген ниетті керек қылатын ағайынның іс әрекеті мен көңіл түкпіріндегі немқұрайдылық бір-бірімен үйлеспей жатыр-ау…

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.