Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, Съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
– Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Конгреске қатысушылардың ұсынымдарына сәйкес, Съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, ол жүзеге асырылып жатыр.
– Аталған құжат біздің бейбітшілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл съезд жұмысына берілген жоғары баға. Алдағы мерейтойлық 80-ші сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен екеніне назар аударды.
– Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөнінде арнаулы сессиясы ұйымдастырылғанын атап өтіп, жаһандағы гуманистік күн тәртібін ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін Альянстің жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратиносқа ризашылығын білдірді.
– Киелі діни орындар мен нышандарды қорғау арқылы біз, шын мәнінде, адамзат өркениетінің қайнар көзін сақтаймыз. Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі төрт мыңға жуық діни бірлестік бар. Біз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді киелі жерлерді, ертеде және қазіргі заманда бой көтерген мешіттерді, православие мен католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығы мен «Бейт Рахель Хабад Любавич» сияқты синагогаларды қорғап, қолдау көрсетеміз. Мемлекет діни қауым үшін ерекше маңызға ие барлық қасиетті орындардың сақталуын өз қамқорлығына алған. Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы тас будда петроглифтері, Алматыдағы Леви-Исхак Шнеерсонның қабірі, католиктер айрықша ардақтайтын Солтүстік Қазақстандағы Мәриямкөл – осының жарқын мысалы. Киелі жерлер наным-сенімі әртүрлі адамдарды біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланысты сақтайды. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана сәулеттік немесе тарихи ескерткіш емес, бейбітшіліктің, өзара құрмет пен халқымыздың мәдени саналуандығының символы, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы өткен Съезден бері әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алды. Кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұған «өркениеттер дағдарысы» деп айдар тақты.
– Киплингше айтсақ, «Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс. Олар ешқашан бір арнада тоғыспайды». Бірқатар ірі мемлекетте орын алған кейінгі уақиғаларды шолып өтсек, мұндай ұйғарымның дұрыс көрінуі мүмкін. Бірақ саяси факторды ешқашан естен шығаруға болмайды. Басқаша айтқанда, басқарушы биліктің мемлекеттік құрылым туралы тұжырымы мен тәжірибесін қаперде ұстаған жөн. Олар жүргізетін саясаттың бейбіт диалогты қолдау, мәдениеттердің, түрлі дін мен дүниетанымның ықпалдастығы тұрғысынан әрдайым орынды әрі конструктивті бола бермейтінін көріп отырмыз. Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизмнің күн санап белең алуы алаңдатпай қоймайды. Қалыптасқан түсініктердің көз алдымызда өзгеруі жастарды адастырады. Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысына куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Қазақстанда осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударылады. Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. Түрлі этнос, дін және ұлт өкілдері арасында толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу маңызды деп санаймын. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Оған «Заң және тәртіп» қағидатына сай құқықтық баға беріледі, – деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылық күшейіп, сауда және санкция текетірестері бәсеңдемей тұрғанына, жаппай қарусызданудың орнына әскерді жарақтандыру жарысы басталып кеткеніне тоқталды.
– Дүниежүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады. Өкінішке қарай, әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып барады. Менің ойымша, мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, өркениеттер байланысын дамытуда, сондай-ақ адамдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуда айрықша рөл атқаратын дінбасыларына зор үміт артылады.
– Діни қайраткерлер саясаткерлерді парасаттылыққа, ізгілікке және моральдық жауапкершілікке үндеп, әлемнің құрдымға кетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімдімін. Дүние жүзінде мұндай үлгі тұтар талпыныстар жоқ емес. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Адамзат бауырластығы туралы құжат, Мекке декларациясы, Бахрейн форумы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Ибраһим зәузатының үйі» – осы бастамалардың барлығы тізе қосып әрекет етсе, дін ұйыстырушы күшке айналатынын көрсетеді. Мұндай тәжірибені одан әрі дамытып, кеңінен тарату қажет, – деді Қ.Тоқаев.
Аkorda kz