Жастар Жолдаудың түпкі мәнін түсінуі тиіс
Еліміз әлем елдері қатарында жыл сайын түрлі экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келуде. Жаһанды жылдам өзгеруге итермелеп отырған құбылыстарға жедел шешім қажет-ақ. Қазақстан халқы мұндай түйткілдердің жауабын Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауынан табатыны белгілі.
Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптаның басында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті.
Маңызды құжаттың тақырыбына үңілсек бізге әлемдік үдерістің көшіне ілесуіміз керек. Қазіргі таңда жасанды зерде адамзат өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып кеткені ақиқат. Тіпті, Албания алғашқылардың бірі болып «Dielle» атты жасанды зерде ботын министр етіп тағайындап, мемлекеттік сатып алуларға жауапты қылды.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру дәуіріне қадам бастық» деген болатын.
Сонымен қатар Қ.Тоқаев Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанына ерекше тоқталды.
Көптеген дүниелер қамтылған маңызды құжатта ел Үкіметіне Цифрлық кодексті қабылдау және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру тапсырылды. Демек, жақын жылдары мемлекетіміз дамудың жаңа биігіне шығады деген сенім мол.
Мемлекет басшысы атап өткендей еліміз білім экономикасына көшу барысында. Замандастар, кейінгі толқын ел кәдесіне жарарлық білім алып, өндіріске барғаны дұрыс болмақ.
Мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастардың қатары қалың. Олардың арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдап жатқаны да замана шындығы. Сондықтан біз бұл мәселеге елдік мүдде деп қарап, халыққа қажетті қадамдарға барғанымыз жөн.
Біздің жұмыстың басты аудиториясы жастар болғандықтан, көбіне олармен спорттық шараларда тілдесеміз. Жүздесулер барысында мемлекеттің бұқаралық спортты дамытуға ден қойып жатқанын барынша түсіндіреміз. Аймақтарда, ауылдарда бой көтеріп жатқан спорт нысандары соның айғағы екенін айтамыз.
-Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрынғы бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып ала алмайды, оған алаңдауға негіз жоқ,-деді Мемлекет басшысы.
Ғани Қойбағаров,
аудандық мәслихат депутаты,
ЖРО директоры.