Ерекше балаларға арналған иппотерапия орталығы ашылды
Күллі жануардың ішінен жылқының қадірі әмәннан артық. Саумалы емге дәру, еті дәрумен, өзі көлік болғаны жылқының жұмыр басты пендеге берер тағы бір пайдасы деуге болады. Әлем ғалымдарының айтуынша, ат терапиясының балаларды физикалық һәм психологиялық оңалтуда тигізер әсері орасан. Әсіресе, жүріп-тұруында, сөйлеу мен түсінуінде кінәраты бар балалар үшін емнің бұл түрі ерекше қажет.
Бұған дейін Тараз қаласы мен Меркі ауданында жүзеге асып жатқан иппотерапия енді өңірдің балаларына да қолжетімді болып отыр. Олай дейтініміз, сәрсенбінің сәтінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың қатысуымен ерекше балаларға арналған шағын ипподромның ашылуы өтті. Оған Шу қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелс Бейсембаев пен қалалық қоғамдық кеңестің жетекшісі Қанат Жапабаев, аудан әкімдігінің әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева, ата-аналар мен қаһарман балалар куә болды.
Игі істің ашылуында Бақытжан Оразалыұлы өз құттықтауын жеткізіп, сауапты амалмен айналысып отырған кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі. Сондай-ақ осында келген балалардың тез сауығып кетуіне тілек білдіріп, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті қолдаулар толастамайтынын айтты.
-Атқа мінудің адам баласына берер жақсылығы мол. Оның ішінде ерекше балалар үшін иппотерапияның игілігі көп. Ауданымызда ерекше қажеттілігі бар балалар аз емес. Солардың саулығы мен сауығуы үшін осы жұмысты қолға алып отырмыз. Кәдемізге жарасын. Ел болашақтарына шипалы болсын, – деді аудан басшысы.
Мұнан кейін ізгі тілектер тиегі ағытылып, құрметті қонақтар мен ата-аналар, жеке кәсіпкерліктің арнайы нұсқаушысы сөз алды. Олар да ат терапиясының адамға тигізер пайдасын жіпке тізіп, алғыстарын білдірді. Сонымен қатар жұмыстың жүргізілу жүйесі көпшілікке таныстырылды.
Ауданның әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Г.Керімбаеваның айтуынша, 40 шақты балғынның иппотерапияға қатысуға мүмкіншілігі бар. Олар дәрігердің арнайы рұқсатымен аптасына 5 күн ақысыз келе алады. Келушілердің санына қарай жеке кәсіпкерге әкімдік тарапынан қаражат аударылады.
«Арыстан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Медет Арыстанұлының айтуынша қазіргі таңда балаларға екі нұсқаушы, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер, мал дәрігері тағы да басқа мамандар қызмет етеді. Иппотерапия екі айға созылмақ. Сонымен қатар 40 баланы қамтуға қауқары бар.
-Бұл жұмыс көптен бері ойымда жүрген шаруа болатын. Әр бала атқа отыра алуы керек. Себебі жылқы мінген адамның тәні шымыр, жаны сау, рухы асқақ болады. Ал ерекше балаларға бұл өте қажет нәрсе. Биыл 2 ай бойы балаларды қабылдаймыз. Келер жылы жаңа қарқынмен, ауқымды жоспармен іске кірісеміз,- дейді жеке кәсіпкер.
Естеріңізге сала кетейік, иппотерапия ежелден келе жатқан емделудің тиімді тәсілі. Ол еңбектеген баладан еңкейген қартқа да пайдалы болмақ. Сондықтан әкімдік қолдау көрсетіп отырған емшараға сәттілік тілейміз!
Байжан Емберді.