Тәрбие тізгінін ұстаған текті қыз
Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы хақында бір үзік сыр
Есімі елге танылған, атақ-абыройы алты Алашқа тараған Оразкүл ханымды жыға танымайтындар бақуатты отбасынан шыққан қыз бала деп ойлауы мүмкін. Кім не ойласа да өз еркі. Оның әкесі Асанғазы қой аузынан шөп алмайтын момын, өте еңбекқор, өнерге бейім, сегіз қырлы, бір сырлы кісі болған. Ұлы Отан соғысынан аман-есен қайтқаннан кейін өзі туып-өскен Шу ауданындағы Масақ Ақтөбе ұжымшарының бір отар саулығын күтіп-бағуды мойнына алған. Турасын айтқанда, 100 саулықтан 130-ға дейін қозы алған маңдайалды, озат шопан, ал ол кісінің жұбайы Кәден Абауқызы шопанның көмекшісі. Ерлі-зайыпты Асанғазы мен Кәден бес бала тәрбиелеп өсірген. Үлкені Шархан, қызы Оразкүл кейінгі ұлдары Дархан, Орынхан және Құрманхан. Асанғазы балаларының барлығын жақсы көргенімен, арпа ішіндегі бір бидай қызы Оразкүлді ерекше еркелеткен. Әкесі кешкісін малды қоралауға алып келе жатқанда тұлымы желбіреген, көздері күлімдеген қызы алдынан жүгіріп шығатын. Күн ұзақ қой соңында жүріп шаршап-шалдықса да ешбір қабақ шытпастан әкесі балауса қызын қолынан тартып алып ердің алдына отырғызатын. Екеуі сүт пісірімдей уақыт атпен серуендеп қайтатын.
Мұндай кезде қызының көңілі көтеріліп, әкесіне ыстық ықылас танытатын. Бала қылығына мәз болған әке де шаршағанын тез ұмытатын. Бұдан кейін ерке қыз аттан түсе салысымен анасына көмектесуге асығатын. Асанғазының отбасы Ақтөбе аталатын шалғайдағы шағын ауылда тұрды. Ауыл деген аты болғанымен, бар-жоғы 40 шақты түтіннен тұратын. Бұл ауылдағы бастауыш мектеп те бала санының аздығынан жабылып қалған еді. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған ауылдың айналасын жыңғыл мен сексеуіл қоршаған. Бұл бір жағынан адамға да, малға да солтүстіктен соққан суық ызғарға қалқа болды. Әйткенмен, құмды өңірдің өз қиындығы сезіліп тұратын.
Бір қызығы, әкесі Оразкүлді жастайынан Роза деп атайтын. Өйткені, майдангер әке соғыс алаңында, окоптарда ән салған күміс көмей, жезтаңдай әнші Роза Бағлановаға тәнті болса керек. Әке сөзі жерде қалмаған. Отбасы мүшелері де, ауылдастары да жүзі жарқын, елгезек, сүйкімді қызды бала кезінен Роза деп атап кеткен. Елдің бәрі солай деген соң, Оразкүл де өз есімі Роза болар деп топшылаған. Мұның мәнісі былай, әке-шешесі ауылдық кеңеске барып қызының туу туралы куәлігін жаздыртып алатын болады. Құжат беруші «қызыңыздың аты кім еді» деп сұрайды. Олар ойланбастан, Роза ғой деп көтеріңкі көңілмен дауыстады. Сол сәтте құжат толтырушы: «Бізде бір нәрсе білеміз. Сіздің қызыңыз ақпан айында ел ауыз бекітіп ораза тұтқан кезде дүниеге келген. Сондықтан қыз есімі Оразкүл болсын» деп уәж айтады. Ата-анасы бұған қарсылық білдірмеген.
Өмірде адамның айтқаны немесе ойлағанының бәрі бірдей бола бермейді. Сұрапыл соғыста жабысқан дерті меңдеп, ауруы асқынып, Асанғазы 40-тың қырқасына шыға бере өмірден озады. Бұл кезде қызы Роза мектеп табалдырығын аттамаған еді. Басқа бауырларының да қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген. Бас иесіз қалған жесір ана Каден шиеттей бала-шағаны асырап-сақтау үшін тұрмыс тауқыметін бір кісідей-ақ көріп бақты.
Қаншама қиындыққа, жоқшылыққа тап болса да балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай таңның атысынан кештің батысына дейін колхоздың отымен кіріп, күлімен шығады. Қолына кетпен алып, арық-атыз қазған күндері де аз болмады. Кейбіреулер қара жұмыс адамды қажытып жібереді деп айтып отыратын. Бірақ, Каден қара жұмыстан қажыған емес. Қайраттанып, жігерленіп, қайтсем де бала-шағамды қатарынан қалдырмаймын деп тәуекелшілдікке бел буды. Ана жүрегі алданбады. Балаларының әрқайсысы талаптанып өсті. Алғашқы үшеуі өздері қоныс аударған Жиенбет ауылындағы мектепке барып, дәріс алды. Кейінгі екеуі аудан орталығындағы малшы балалары білім алатын интернатта тұрып оқыды. Роза қыз қазіргі Төле би ауылындағы пансион интернатта жатып, қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдады. Мектеп бітірушілер төлқұжаттарын ала бастаған кезде Роза бір нәрсеге таңдай қағып, тамсанғаны бар. Судай жаңа төлқұжатында оның аты-жөні Оразкүл Асанғазиева деп тайға таңба басқандай ашық жазылған еді. Күні кешеге дейін Роза есімін иеленіп жүрген қыздың бір-ақ күнде Оразкүл атанғанына өзі де, қатар-құрбылары да сене қоймады. Дегенмен, алыста қалған балалық шақтың бір белгісіндей болған осы жағдайды еске алғанда Оразкүлдің риясыз күліп қоятындығы тағы бар. Жоғарыда айтқандай, Оразкүл Асанғазы жастайынан тындырымды, тыңғылықты, талапшыл болып бойжетті. Сабақтан қолы қалт еткенде қазақ жазушыларының көркем дүниелерін күндіз-түн демей оқып жүрді. Оқуы өз алдына, жазушының жасампаз сөздерін көңіліне тоқи білді. Бұл бойжеткеннің дүние-танымын көбейтіп, ой-тұжырымдарын тиянақтай түсті. Әсіресе, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын зейін қойып оқып шыққаннан соң, Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздеріне баса назар аударды. Зейін ашқан кітаптарының қатарында Абай жолы романы ерекше орын алғандықтан болар, көзі ашық, көкірегі ояу қаракөз қыз Абайдың “Толық адам” ілімін жете түсінуге бас қойды. Бұл күндері көп адамның түйсігі жете бермейтін түпсана мәселесіне келгенде де осы дана Абайдың жан мен тән ілімін терең игеріп, көп адамның психологиялық жай-күйіне терең бойлап, адамдарға рух пен жігер беруде алдына жан салмай еңбек етіп келеді. Ар, ұят, ынсап деген адам бойындағы құндылықтары ұшқан ұясынан бастау алып, Абай ілімімен толығып, қазіргі таңда елдің игілігіне жарап жатыр. Абай іліміне сонау алтын ұясында бас қойған деуімізге негіз бар. Тарихтардан Абайдың тұлға болып қалануына бірден-бір себепкер Зере әжесі десек, Оразкүлдің де талдырмаш кезінен тал бойына тұнған өнерді дарытқан Ырысбала (Ырысбике) әжесі деуге болады. Ырысбала әжесі Оразкүл мен Шархан немерелерін етегіне алып, ертегі-жыр, дастан-қиссаларды айта отырып, жүн иіргізіп қояды екен. Өзінің ісмер болғаны соншалық киіз жүннен алаша, текемет басып, түлкі ішік, қасқыр ішік деген сияқтыларды жасай отыра екі немересіне Абай жолын кезек-кезек оқытатын болған. “Қазіргі күні әженің өзі бар, балаға берер мейірімі, ғибраты жоқ болып бара жатқандай” деп өскелең ұрпақтың болашағына алаңдайтын Оразкүл Ырысбала әжесінің өнегесін өзінен тараған ұрпағына ғана емес, елдің баласына дарытуға талпынады.
Мектеп өмірінде белсенділік танытып, қоғамдық ұйымдардың жігерлі жетекшісі бола білген Оразкүл Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының физика факультетінде оқи жүріп студент жастарға әдептілігімен, тәртіптілігімен, үздік оқуымен үлгі бола білді. Өйткені, төрт жыл бойы Лениндік стипендияны алып, білім ордасындағы бастауыш комсомол комитетінің жетекшісі қызметін адал атқарды. Өзінің ілкімділігі мен іскерлігінің арқасында аталмыш жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады. Сол кездің өзінде институт басшылығы Оразкүлдің болашақта қатардағы мұғалімдіктен бастап жоғары лауазымды қызмет атқаратындығына сенімді болатын. Бұл жайлы талай жиындарда Оразкүлдің өзі де естіп, іштей тебіренетін. Неге десеңіз, әкесі Асанғазы қызын еркелетіп отырып: «Осы қызым аман болса, бір отбасын ғана емес, бір ауылды асырайды» деп отыратындығы есінен әсте шыққан емес. Сондай сәтте анасы Кәден де қарап қалмай: «Отағасы-ау, ел арасында тіл тиеді, көз өтеді деген сақтық мақсатындағы сөздер бар емес пе?! Қызыңды мадақтай бермей, еркелетсең де жетіп жатыр ғой» деп сабырлыққа шақыратын. Момын болса да, жуас болса да әкесі тектілігінің тұтқасынан ұстап тұрғандай, бір сәт ойланып тұрып: «Кемпір-ау, сенің сөзіңнің де жаны бар. Әйткенмен осы қызым ел басқарып жүрген кезді әкесі алдын ала сезген екен» деп мені де, менің сөзімді де естеріңе алыңдар деген екен. Оразкүл осы бір әкенің болашақты топшылаған көреген сөзді анасының аузынан жиі естігендіктен, қызыл дипломын қолына алған ерекше сәтте әке-шешесін еске түсіріп, көпшілікке көз жасын көрсетпесе де іштей теңіздей толқыған еді.
Сол жылы біраздан бері қыз-жігіт болып араласқан әрі сыйласқан Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі Жорабай Алментаев екеуі өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтереді. Оразкүл жас келін атанып, сол кездегі Шымкент облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жамбыл ауылында ақ босағаны аттайды. Атап айтар бір жай, жас келіннің екі енесі бар болады. Ауылда өскен қыз жаңа ауылдың тынымсыз тіршілігін жатсынбай, ауыл мектебінде физика пәнінен сабақ бере жүріп, келінге тән үй шаруаларын да шашау шығармай ұқыпты, тиянақты орындайды. Қос енесі жас келінге алғашында сын көзбен қараса да кейін келе кішіпейілділігін, мейірімділігін, адамгершілігін жазбай таниды. Күйеуі Жорабай да өз мамандығы бойынша қызмет атқарып, ауыл экономикасын алға тартуға білек сыбана кіріседі.
Мамандығына адалдық танытқан Оразкүл де ауылдағы орта мектепке физика пәнінің мұғалімі болып орналасты. Оқушыларға бар білімі мен пейілін салып, дәріс бере бастады. Әріптестерімен танысып, тәжірибе алмасты. Ата-аналармен кездесіп, әр оқушы жайлы кеңес өткізіп тұруды дәстүрге айналдырды. Осылайша ұстаздық жолы жалғаса берді. Арада бірер жыл өткен соң ауыл мектебінің директоры қызметіне көтерілді. Бұдан кейін де іскерлігі ұшталып, абыройы асып, Сарыағаш ауданының орталығындағы білім ұясының басшылығына жоғарылатылды. Еңбектенумен, ізденумен өмірден өз орнын таба біліп, облыс басшылығының назарына ілікті. Жасы отызға толмай жатып Оразкүл Алғабас аудандық партия комитетінің үшінші секретары болып сайланды. Бұдан соң сол комитеттің екінші секретары қызметін атқарды. Алғабастықтар қыз баланың алғырлығын, тындырымдылығын тиісінше бағалап, аудандық атқару комитетінің төрайымы етіп сайлады.
Өзіне деген жауапкершілікті терең сезіне білген Оразкүлдің жұлдызы жанып, партиялық қызметті абыроймен атқарып жүрді. Еліміз егемендік алғаннан кейін ел басқарудың жаңа жүйесі өмірге келді. Жергілікті әкімдіктер құрыла бастады. 1992 жылғы ақпан айында ол Сарыағаш ауданының алғашқы әкімі болып тағайындалды. Осы кезде біздің шулықтар Ұлы жүздің төбе биі атанған Төле би Әлібекұлының туғанына 330 жылдығын атап өтуге қызу дайындала бастаған. Баба тойын өткізу 1993 жылғы мамыр айының орта тұсына белгіленген. Сонымен 1993 жылғы мамыр айының бас кезінде Ташкент қаласында жерленген Төле би бабаның кесенесіне барып мінәжат етуді жоспарлаған едік. Сол кездегі Шу ауданының әкімі Амангелді Кәрентаевтың басқаруымен таңмен таласа тұрып алыс жолға аттандық. Жолаушыларымыздың дені соғыс және еңбек ардагері болатын. Оларға қызмет ететін ақ халатты жандар мен он саусағынан өнер тамған өнерпаздар екі «Икарус» автобусына жайғасты. Бас-аяғы 80-ге жуық адамның қауіпсіздігі қатаң ескеріліп, МАИ қызметкері жеңіл көлігімен алдымызда жол бастап отырды. Жол-жөнекей аздап аялдап, жүрек жалғап, қарттар қауымын шаршатып алмауға күш салдық. Сол кездегі Шымкент облысының зиялы қауымы күтіп алып, құрметтеп, шығарып салып отырды. Көгілдір көктемнің жанға шуақ сыйлаған кешінде Сарыағаш ауданының жеріне табанымыз тиді. Бізді аудан әкімінің екі бірдей орынбасары бастаған бір топ зиялы қауым құшақ жая қарсы алды. Олар бізді «Сарыағаш» шипажайына орналастырып, алдымызға ақ дастархан жайды. Сөз арасында Оразкүл қыздарыңыз кешікпей келіп қалады деп мән-жайды түсіндіріп бақты. Күтушілеріміз оң қабақ танытқан соң тиісті бөлмелерімізге жайғасып, шипажайдың көрікті орындарымен таныса бастадық.
Біраз бой сергіткен соң қарттарымыздың алды демалуды жөн көрді. Ұмытпасам, түнгі сағат бірлердің шамасы болатын. Оразкүл қызымыздың өзі келіп, бәрімізді асханаға қайта шақырды. Әрине, бұл шақырудың жөні бөлек еді. Оншақты жасы үлкен ардагерден басқамыз асханада бас қостық. Тамағымыз тоқ болса да, Оразкүл бауырымызды жүзбе-жүз көруге асыққандаймыз. Жеміс-жидек пен әртүрлі сусындарға толы дастархан басында әңгімеміз жарасып, ұйқымыз шайдай ашылды. Аудан басшысы осы шипажайда демалып жатқан қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Асанбай Асқаровтың қалауымен Ташкент қаласына бірге барып, Рашидовтардың отбасына көңіл айтып қайтқандарын әңгімеледі. Әсіресе, ол қыздың: «Шудан бауырларым мен төркінім ат терлетіп келіп жатқанда таңның атқанын күте алмадым. Сіздерге деген құрмет пен сағынышым түн ұйқыларыңызды бөлуге түрткі болды. Артық кетсем, кешірерсіздер…» деген сөздері жанымызды жадыратып жіберді. Қыз бала бауырмашыл дегенді талай естігенбіз, дейтұрғанмен, оның кеңпейілдігіне тағы да тәнті болдық.
Ертесіне таңғы астан кейін Оразкүлдің басшылығымен бәріміз Асанбай қарияға арнайы жолығып, сәлем бердік. Көпті көрген кемеңгер кісі емес пе?! Асекең шулық ағайындарға Төле би бабаның рухына тағзым ету үшін бара жатқан сапарымыздың сәтті болуына тілектестік танытып, ақ батасын берді. Шипажайдан көтеріңкі көңіл-күймен аттанып, Ташкент шаһарына бет түзедік. Сол күні Төле би бабаның кесенесі мен Шымыр бабаның қорымына барып, арнайы құрбан шалдық. Әруақтарға бағышталып құран оқылды. Бұл сапар әлі күнге дейін жадымызда жаттаулы, жүректерде сақтаулы.
Осы сапардан үш жұма өткен соң, Оразкүл Асанғазықызымен тағы да кездескеніміз бар. Көпшілікке белгілі Шымкентегі Ордабасы ауданында Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің мерейтойлары арнайы атап өтілді. Бұл жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикаларының Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов, Асқар Ақаев қатысты. Жазық далаға қанша ақбоз үй тігілгенін кім білсін, өз алдына бір қалашық бой көтергендей әсер алдық. Үш Президент сәске түс болмай жатып Ордабасы биігінен баспалдақтар арқылы көтеріліп ел-жұртқа ыстық сәлемін жолдады. Атам қазақ: «Той десе, қу бас домалайды» деп текке айтпаса керек. Ұлы тойда ұлттық дәстүрімізге сай ойын-сауық ұйымдастырылды. Түске қарай үш Президент жұбайымен бірге, қаз-қатар тігілген ақбоз үйлердің санаулы ғана шаңырағына кіріп, дәмнен ауыз тиді. Президенттердің Сарыағаш және Шу аудандарының ақ босағасынан аттағандарын көргенде төбеміз көкке жеткендей қуандық. Бұл жолы да сарыағаштықтар мен шулықтар емен-жарқын араласып, қуанышты сезіммен қауыштық.
Адамды арманы адастырмайды, қиялы қанаттандырады. Әкім болып, халқына жақын болып, қызметіне төселіп қалған шақта Оразкүлді астаналық басшылар жаңа қызметке шақырады. Алдымен бас қаладағы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары болса, одан кейін Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалады. Осы қызметтерде жүрген кезінде оның екінші тынысы ашыла түседі. Әсіресе, қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеруге білек сыбанып кіріседі. Бас қаладағы көше атауларының, әртүрлі жарнамалардың мемлекеттік тілде жазылуын қатаң бақылайды әрі сол саладағы қиындықтарға қарамастан басшылармен де, қосшылармен де түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізеді. Үйінде де, қызметте де орыс тілінде ғана сөйлесетін қандастарымызбен бетпе-бет кездесіп, ана тілін ардақтауға шақырды. Көзі қарақты оқырман жақсы білетіндей атақты сатирик ақын, шоқ тілді Шона Смаханұлы, әйгілі қайраткер, ақын Мұхтар Шаханов, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова және тағы басқа да тарихи тұлғалар мемлекеттік тіл туралы үлкен жиындарда, бәтуалы басқосуларда талай мәрте толғанып, тебіреніп айтқан болатын. Осы үрдісті үкілеген Оразкүл де өзіндік бағыт-бағдарымен, қайталанбас қолтаңбасымен өшпес із қалдырды деп ойлаймын.
«Тілге құрмет – елге құрмет» деген ұстанымды жанына серік етіп, тіл төңірегінде қаншама тер төккендігін тағы да атап айтсақ, асыра айтқандыққа жатпайды. Оразкүлдің республикалық ақындар айтысына қатысып, қазылар алқасының құрамында болғандығын теледидардан көріп жүрміз. Сөз қадірін, тіл қадірін бағалай алған адам ғана үлкен құрмет пен сенімге ие бола алады. Еңбек жолын физика пәнінің мұғалімі болып бастаған қазақ қызының бәрі бірдей осындай биік дәрежеге көтеріле бермейтіндігі айдан анық. Оразкүл Асанғазықызы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутат болып сайланған кезде де тура жолдан тайған емес. Үлкен мінберге шығып сөйлегенде қазақ тілін менсінбейтін шенеуніктердің аты-жөнін атаудан ешбір қысылмады. Депутаттық мандатын мансабы үшін емес, ел мүддесі үшін пайдаланғысы келгендіктен, сын мен өзара сынның өрісін кеңейте түсті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенді қадап айтты. Оразкүл депутаттық мерзімі аяқталғаннан кейін де көпшілік арасында жиі көрініп жүр. Оны мазалайтын мәнді мәселелер көп. Мәселен, кеше ғана бір-бірін күйдім-сүйдім деп бас қосып, келер күні бір-бірін енді көрместей болып ажырасып жатқандар жайы көп толғандырады.
Сондықтан көпшіліктің сұрауы бойынша ел алдына шығып ұлттық салт-дәстүрлеріміздің өміршең тұстарын терең түсіндіруге күш салуда. Әсіресе, отбасы жайлы ескеріле бермейтін жағымсыз жайларды айтудан жалыққан емес. Жастайынан тәрбие тізгінін қолға алғандықтан ұлттық рухымызды дәріптейтін, әспеттейтін озық ойларды, пайымдық пікірлерді тебірене жеткізеді. Сөзімізге дәлел болу үшін Оразкүл Асанғазының «Отбасының берекесі» атты кітабын оқып шықсаңыздар артық болмас еді. Бала кезінде әкесі Асанғазының еркелетуімен ат тізгінін қолға алған жас қыз бойжетіп, өз орнын тапқан кезде ұлттық тәрбие тізгінін қолға алып, еліне елеулі, халқына қалаулы болған жайы бар.
Өзі туып-өскен Шу ауданының Құрметті азаматы атанған Оразкүл Асанғазықызы туралы Шу ауданының құрылғанына 95 жыл толып жатқан кезеңде арнайы қалам тартуды жөн көрдім. Ойлы оқырман бағасын бере жатар…
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.