Жүректерді жылытқан «Жан жылуы»
Жұмыр жердің бетінде қолдың бес саусағындай болған қилы тағдыр иелері бар. Жұдырықтай жұмылғанда ғана құқығы тең қоғамға айналарымыз хақ. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің өмірге деген құштарлығымен талай құлазыған жанға өнеге болып жүр. Мұндай адамдар арамызда аз емес.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің бір сөзінде «Уәкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай жүйенің түсінікті алгоритмін жасауы қажет. Өңірлердегі мекемелерді ескере отырып, онда бала туған сәттен бастап мемлекет көрсететін барлық қызмет болуы қажет» – деген болатын.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасын жыл сайын өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Мүгедектігі бар азаматтардың күніне арналған кезекті шара 10 қазан күні Шу аудандық мәдениет үйінде өткен болатын.
Аталмыш шара басталмас бұрын мәдениет үйінің кіреберісінде жергілікті ерекше дарынды өнерпаздардың қолдарынан шыққан туындылар жәрмеңкесі өтті. Қайырымдылық шарасына келген меймандар көздің жауын алатын қолөнер бұйымдарын сатып алып жатты. Жәрмеңкеге қойылған заттардың ішінде моншақпен безендірілген сурет, фотоальбомдар, сәндік әшекейлер мен мақта-матадан тоқылған дүниелер қойылғанын айта кеткен жөн.
Аталмыш жиынның шымылдығы аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың мерекелік құттықтауымен ашылды.
Өз сөзінде аудан басшысы жігерлі жерлестердің өмірге деген құлшынысы, өңірдің қоғамдық ағымына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
-Бүгін сіздермен жыл сайын жарқын бояумен өтетін «Жан жылуы» кешінде қайта жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы күні араларыңыздан табылып, өнерпаз балалардың өнерін тамашалау мен үшін мәртебе. Бұл шара қоғамды ізгілікке үндеп, ерекше балаларға ел назарын аударатын маңызға ие. Бізге көмекке келген демеушілердің еңбегін де айта кеткен абзал болады. Барша жанашыр жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Балаларымыздың дені сау, ғұмыры ұзақ, ата-аналардың көрер қуанышы көп болсын! Тағылымды кештен тамаша әсер алуларыңызға тілектеспін, – деді Б.Жәнібеков
Ізгі лебізден кейін ерекше балаларға, жалғызбасты қарттарға көрсеткен тұрақты көмектері үшін бірқатар азаматтар «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Сол секілді бір пара қайырымды шулықтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін кезек сазды бағдарламаға беріліп, «Жан жылуы» шарасының басты қаһармандары сахна төрінде жұлдыздай жарқырап өнер көрсетті. Олардың қатарында Бексұлтан Ескермес, София Федорова, Сырым Кәрібай, Аймерей Қазыбек, Диана Шакишева, Санжар Дәркенбай, Ернар Ізтілеу, Ұлан Мәулен атты мектеп оқушылары бар. Сонымен қатар, Қуаныш Төлеген мен Әділет Иманбай қайырымдылық концертінің басты кейіпкерлері болды.
Өздерін қолдауға келген жанкүйерлері алдында ән салып, би билеген өнерпаздарға демеушілер сый-сияпат табыстап отырды. Сол секілді «Сырғалым», «Айжұлдыз» және «Дударай» би тобы балапандарға қолдау көрсетті.
Ерекше бала тәрбиелеп, солардың ыстық-суығына төзіп отырған батыр аналарға да көрермендер зор қошемет көрсетті. Шара соңында демеушілер сөз алып, ата-аналар мен балаларға жүрекжарды лебіздерін айтты.
Ал, жүрек елжіретер кештің мәресі Бауыржан Үйсінбаев пен Ақбота Үстібаеваның орындауындағы «Жан жылуы» әнімен түйінделді.
Байжан Емберді.