Бес жылда «бес» жетістік
Ғасырдан астам тарихы бар алғашқы “Қазақ” газеті жарияға шыққанда Алаш партиясының зиялылары ұсынған бағдарламаның ішінде ең негізгісі-оқу-ағарту, білім-ғылым мәселесі еді. Қазақ даласында мектептер ашылып, сауаттылыққа бет бұра бастаған сәттерде алға жылжуды ойлаған ел азаматтары мұғалімдердің мүддесін қорғайтын ұйымның болуы қажеттігін күн тәртібіне қояды.
Өткенге көз жүгіртсек, сонау 1925 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында өткен Қазақ АКСР-і ағарту қызметкерлерінің алғашқы съезінде кәсіподақтың іргетасын қалауды қолдаған тарихи жиын өтеді. Міне, содан бері бақандай бір ғасыр уақыт өтті. Сан жылдарды еңсерген салмағы бөлек осы бір ғасырдың ішінде білім саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы белі қайысса да сан-салалы мәселені көтеріп, оның шешілу жолында тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, құлдырау кезеңдерді де бастан өткеріп, бірде төменге ылдилап, бірде жоғары өрлеп ғасырлық белесті бағындырып отыр.
Айтуға оңай болғанымен осы бір ғасырдың ішінде бүтіндей бір ұлттың түрлі кезеңдерді қамтыған үлкен тарихы жатыр десек, артық айтқандық емес. Өйткені, ұлтымыз үшін қашанда оқу-ағарту мәселесі бәрінен биік тұрады. Кешегі Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың“Алты Алаштың басы қосылса, төр-мұғалімдікі” деген сөзінің салмағын жанымен сезінген салалық кәсіподақ қызметкерлері қашанда педагог мәртебесін бірінші орынға қойып, мәртебелі маман иелерінің мүдделерінің тапталмауына, құқығының қорғалуына телегей тер төгіп келе жатқанын ойлы жандар бағамдай алады. Былтырғы жылдан бері ғасыр жасаған ұйымның өткеніне бойлап, болашағын таразылап, алдағы міндеттердің орындалуына жүйелі жоспарлар құру жолында түрлі алқалы жиындар өтіп келеді.
Әлі күнге дейін көпшілік кәсіподақты мейрамдарда сыйлық тарататын, әрі демалыс уақытында шипажайларға жолдама беретін ұйым деп танып келгені жасырын емес. Бұл игі істер аты дардай ұйымның жұмысының бір ғана бөлшегі саналатынын тілге тиек ете отырып, салалық кәсіподақтың шын мәніндегі сипатын аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзинамен әңгіме барысында түйсіндік. Еңбек адамдарының құқығы мен мүдделерін қорғап жүрген кәсіподақтың маңызды қадамдары мен ел біле бермейтін қырларын алға тартқан Аида Рашидқызы сала қызметкерлерінің көзқарастары мен ұсыныстары да кәсіподақ үшін маңызды екендігін атап өтті. Кәсіподақ үшін білім саласы қызметкерлерінің жан-жақты, жаңашыл, белсенді болуы маңызды. Әрқашанда сала қызметкерлерінің дамуына қолайлы жағдай тудырып, зияткерлік, спорттық, мәдени іс-шараларды жиі өткізіп тұрады.
«Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, Аида Бекмурзина аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының тізгінін қолға алған күннен бастап жетістікке жетіп келе жатқанын аңғардық. Аңғардық та аудандық кәсіподақ ұйымының қоржынындағы жеңісті белестерді бағамдай отыра Аида Бекмурзинамен жеткен «Бес жылда бес жетістік» деген айдар тақтық.
Тізбектеп айтар болсақ, облыстық «Ең үздік бастауыш ұйым» байқауынан І орын иеленсе, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VIII облыстық фестивалінен ІІІ орын, «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» спартакиадасынан жүлделі ІІІ орын иеленген.
Сондай-ақ, «Ғасыр жасаған ұйым» атты облыстық мақалалар байқауынан аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мүшесі әрі осы жолдардың авторы бас жүлдені жеңіп алса, 40 мектеп-лицейінің денешынықтыру пәні мұғалімі Қазыбек Бақдәулет Эркинбекұлы Қазақстандық оқу-ағарту , ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» республикалық турнирінен І орын иеленіп, «Кәсіподақ барысы» атанды.
Міне, тек ауданның ғана емес облыстың да жетістігі саналар жеңістерді кәсіподақ ұйымының кәсіби мерекесі қарсаңында жазуымыздың орайы келіп тұр екен. Аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзинаны және ол төрағалық ететін ұйымның құрамындағы мүшелерді мерекелерімен құттықтай отыра алдағы уақытта еңбек адамының мүддесін қазіргіден де нақты әрі пәрменді қорғай білуі үшін әлі де көптеген жұмыс атқара беруіне және осы жолда аянбай еңбек етуіне тілектестік білдіреміз.
Айғаным Асқарбек.