Қос мереке иелеріне құрмет көрсетілді
Қазан айының үшінші жексенбісінде еліміздегі орман шаруашылығы қызметкерлері төл мерекелерін тойлайды. Сондай-ақ дәл осы күні ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылған күніне орай құтқарушылар да кәсіби күнін атап өтеді. Өйткені алдымыздағы жексенбі – 19 қазанға тура түсіп отыр.
Қос кәсіби мереке иелерінің ерен еңбектерін ескеру мақсатында аудан әкімдігінің ғимаратында арнайы жиын өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен басқосу ең алдымен «Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» қызметкерлерімен басталды. Табиғи ресурстарды қорғап, орман өртінің алдын алып жүрген орманшылардың жанкешті жұмысын жоғары бағалаған Найман Кенжеханұлы өзінің құттықтауын жеткізді.
Сондай-ақ сала үздіктеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын салтанатпен тапсырды.
Биыл ел құтқарушылары үшін ерекше жыл. Себебі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына тура 30 жыл толып отыр. Күн сайын тәуекелге бел буатын батырлармен тілдескен аудан әкімінің орынбасары мереке иелеріне жүрекжарды лебізін айтты.
-Бүгін табиғат пен адам құтқарушыларын қабылдадық. Қатар келген қос кәсіби мереке біздер үшін ерекше маңызға ие. Аудандағы орман шаруашылығы қызметкерлері мен құтқарушыларды шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушыларымыз 30 жылдықтарын абыроймен қарсы алуда. Бірқатар оң өзгерістер орын алып отырғанына да куәміз. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Барлық жақсылықты тілеймін, – деді Н.Сұлтанбаев.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, төтенше жағдайлар бөлімі мамандары мен өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлері, суда құтқару жедел жасағы және апаттық медициналық көмек ұжымының қызметкерлері марапаттарға ие болды. Дәлірек айтқанда, бірқатар қызметкерлерге «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілсе, «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков Алғыс хат пен аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапаттады.
Естеріңізге сала кетейік, аудан аумағында орман қоры бар жер 416484 гектар алқапты қамтиды. Оны жоғарыда айтылған мекеме қызметкерлері қызғыштай қорғап, балапандай баптап келеді. Сондай-ақ сексеуіл егу, жер жырту, жабайы жануарлар мен аңдарды заң бұзушылардан қорғау да орманшылардың тікелей міндеті саналады.
Ал төтенше жағдайлар қызметкерлерін оқпанымен отты жауып, жалынмен күресіп жүрген жауынгерлер деуге толық негіз бар.
Қиын да құрметті қос мамандық иелерін төл мерекелерімен біз де құттықтап, игі тілек білдіреміз.
Байжан Емберді.