Дала киесін қорғаушылар
Отанымыздың орманшылары қазан айының үшінші жексенбісінде төл мерекелерін атап өтеді. Бұл – ел байлығын көзінің қарашығындай қорғап жүрген жандарға құрмет көрсету күні. Дәл осындай міндетті абыроймен атқарып жүрген жерлестеріміз жайлы атап өтпеске болмайды.
Аудандағы «Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» 75 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мекеменің негізгі атқаратын жұмыстары – мемлекеттік орман саясатын қалыптастырады, ормандарды күзетуді, қорғауды, толықтыруды, өсіруді ұйымдастырады, орман пайдалануды реттеу, сонымен қатар мемлекеттік орман қоры аумағында, резервтік су айдындарында және аңшылық шаруашылықтарында аң аулау мен балық аулау ережелерін сақтауды қамтамасыз етіп, орман қоры аумағында орман өртінің алдын алу жұмыстарын үйлестіреді. Орман қоры қос орманшылықтан тұрады. Оның біріншісі «Қосқұдық» орманшылығы болса, екіншісі «Алабота» орманшылығы.
– Орман қорының жалпы жер көлемі 416484 га алқапты құрайды. Оны өсіру және молықтыру мақсатында 2025 жылы 300 га алқапқа сексеуіл көшеті отырғызылды. Өнімділігі 80 пайызды құрайды және ағымдағы жылдың күз айында 1300 га алқапқа сексеуіл тұқымын егуге дайындық жұмыстары басталды. Мекеме иелігінде 37 га құрайтын тұрақты тәлімбағы бар. Оның ішінде 20 гектарға сексеуіл алқабы және 0.5 гектарға қарағаш алқабы өсірілуде, – дейді мекеме директоры Мақсат Қамбетов.
Басшының айтуынша, биыл орман пайдалану жөніндегі атқарылған жұмыстар бойынша орман пайдаланушылар саны 300-ге жеткен. Ал орман күзеті бойынша 2025 жылы 41 рейдтік іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде 18 заңбұзушылық анықталған. Заңды бұзған 18 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Орман қорында мекеменің 6 орман өрт сөндіру бекеттері орналасқан. Барлығы дерлік байланыс құралдарымен қамтылған.
Байжан Емберді.