Жерлесіміздің жеке көрмесі Тараз төрінде өтті
Қали Қораласбаев – тұла бойына сан өнерді жинаған талантты тұлға. Оның тұлғалық болмысын туған жерге деген іңкәрлігі мен перзенттік парызы салмақтай түсетініне күмән келтіре алмаймыз. Жеті қырлы, бір сырлы деген теңеу Қалекеңе арналып айтылған сияқты.
Өткен аптаның соңында сонау Тараз төрінде орналасқан «Көне Тараз» кешеніндегі көркемсурет галереясында тамаша шара ұйымдастырылды. Республика күні, Шу ауданының 95 жылдығы мен суретші, мүсінші һәм карикатурашы Қали Қораласбаевтың 60 жасқа толуына орай «Киелі мекен» атты есеп беру-шығармашылық көрмесі жоғары деңгейде өтті десек, артық айтқандық болмас. Ал, аталмыш шара Шу ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен болатын.
Көрменің әлқиссасы «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен басталды. Әйгілі шығарманы Шу аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Жанболат Қыдырәлі орындағанын айта кеткен жөн.
Мұнан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға сөз берілді. Өз лебізінде Ерлан Нұрманұлы шулық шебердің өнердегі өрнегін жоғары бағалап, бұл көрменің мән-маңызы терең екенін айтты.
-Қали Ерғазыұлы бірнеше мерейтойымен өзінің мерейжасына орай облыс орталығында ауқымды көрме ұсынып отыр. Өнер иесі сурет салу, тас қашау және карикатура салуда кәсіби маман. Машығына махаббаты ерекше ағамыз шәкірт тәрбиелеп келеді. Бұны бағалау керек,-деген басқарма басшысы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың құттықтауын оқып берді.
Ізгі лебіз жазылған хатта жерлесіміздің 60 жасына орай құттықтау мен бейнелеу өнерінің мүсін, сурет, карикатура жанрына айрықша үлес қосқаны айтылған. Сонымен қатар жүрекжарды тілегі жеткізілген. Құттықтаудан соң мерейжас иесінің иығына шапан жабылды.
Ақжарма тілектер ағынына Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, доцент Муратджон Рахымжанов ақсақал қосылды. «Киелі мекен» атты көрмеге кәсіби көзқарасын жеткізген қария көрген-түйгенімен бөлісті.
-Қалидың ерекшелігі оның көпқырлы суретшілігінде. Ол бір өзі графика, кескіндеме, мүсін сияқты саланы қатар алып келеді. Сонымен бірге сабақ беріп жүргені мені қуантады. Ал карикатураға келгенде Қали Қораласбаев облыс көлемінде көш басында тұр. Бұл кісіден басқа бұл салаға қылқалам сермеп жүргендерді білмейді екенмін. Бір байқағаным, суретші карикатура арқылы өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, қоғамдағы қайшылықтарға бей-жай қарамайтын сыңайлы. Себебі, суреттер сыни ойлаудан туған. Суретші ретінде Қали әйгілі француз суретшісі Поль Сезанның стиліне еліктейді деп есептеймін,-дейді Муратджон Дадаұлы.
Сондай-ақ Талас ауданының құрметті ардагері Кабира Қартабайұлы да Қали Ерғазыұлына Алғыс хат тапсырып, ағалық ниетпен шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те ізгі лебізін білдірді:
-Қали Ерғазыұлы қазақтың маңдайына біткен майталман. Бір бойына бірнеше өнерді ұштастыра білген арда азамат. Өмірін өнерге арнаған, туған жерге тамыры байланған адам ретінде сипаттауға болады. Бұл кісі – біздің бренд. Қали Қораласбаевтың есімімен біз мақтанамыз. Ағамыздың шығармашылығын қолдау бойынша өз жоспарымыз бар. Оны келешек еншісінде көре жатарсыздар,-деген Бақытжан Оразалыұлы суретшіге зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі. Қазақы дәстүрмен Қали Қораласбаевтың басына бөрік, иығына шапан жауып, суретшінің керек-жарағы салынған сауытын сыйға тартты.
Лебіздер легін облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және спорт бөлімінің меңгерушісі Ольга Сагандыкова түйіндеп, көрме авторына сый-сияпат табыстады.
«Киелі мекен» көрмесінде «Garysh» баспасынан шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі өткеніне ерекше тоқталған жөн. Себебі, бұл еңбекке жерлесіміздің өмір дерегі мен 8 кескіндемесі, 53 акварель, 91 графика, 159 мүсін, 191 карикатурасы енген. Жобаға жетекшілік еткен аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы болса, Ұлан Айқожа есімді азамат редактор міндетін атқарған.
Жиналған топ алдында шығармашылық жинақтың қызыл лентасын аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тынышхан Әрістеев пен суретшілер одағының мүшесі Мұхтар Егізеков салтанатпен қиды. Шара қонақтарына автордың қолтаңбасымен кітап таратылып, залға қойылған еңбектер көпшілікке таныстырылды.
Көрме авторын қолпаштап келген топтың қарасы қалың болды. Олардың арасында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаев, аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаров пен Қали Ерғазыұлының бір топ аға-бауырлары бар.
Сондай-ақ КСРО суретшілер одағының мүшесі, көркемсурет академиясының академигі Аманат Назарқұл Шымкенттегі жеке көрмесін тәмамдап, арнайы осы шараға келген көрінеді. Одан бөлек, Жамбыл облысының суретшілер одағының төрағасы Болат Құсайынов, белгілі суретші Қазым Аманқосов пен өзге де өнерпаздар көрменің құрметті қонағы болды.
Жоғарыда айтқандай, Қали Қораласбаев жас буынды сурет салуға баулып жүрген ұстаз. Тәлімгерлерінің төл қуанышын бөлісе келген шәкірттері де тосын сый болып келген екен.
Ауқымды көрменің ұйымдастырушысы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Дурманов ауыр жүкті абыроймен еңсере білді. Өзін құрметтеп келген қауымға ыстық ықыласын білдірген көрме авторы алғысын жеткізді. Келесі айда Алматы қаласында өтетін көрмеге куә болуға шақырды.
Тоқырау жылдары табыс емес шабыт соңында кеткен талант еңбегі енді ғана жеміс беріп жатқандай. Әзірше еншісінде «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі бар Қалекеңнің өзі «Салған суреттерім елге оймақтай ой сыйласа бақыттымын» деген пікірде.
Байжан Емберді.