Ақпараттық портал

«ДосболLike» – бірегей бағдарлама

“Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз” деген екен өз дәуірінде Әлихан Бөкейханов бабамыз. Аталы сөзді айтқан Алаш көсемінің дәуірінде өмір сүрген тұлғалар алдыңғы буын үшін аянбай еңбек етіп, телегей тер төгіп кетті. Ұлылардан қалған ұлағатты сөздер бүгінгі біздер үшін үлкен рухани азық болуда, соны кәдеге жаратудың жолдарын жасап-бағудамыз. Әйтсе де қоғамда кері кеткен жастарды көріп, тізгіннің басын қай кезде босаңсытып алдық деп толғанатынымыз рас. Өзгенің қаңсығына еліктеймін деп шатасып, шалыс басып жүрген жастарымыз ұзын арқан, кең тұсауға әбден бой алдырса, бетін қайтару қиын болмақ. Көзге сүйел болған кеселді терең тамырлатпай, түбіріне балта шаппасақ, ушығып кетуі әбден мүмкін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» деген болатын. Президентіміздің тапсырмасы берілген күннен бастап қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған түрлі шаралар қолға алынып, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, жәбірлеу, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау сынды дерттерге қарсы тұруға бағытталған бағдарламалар әзірленіп, білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатыр. Соның бірі, балалардың эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған «ДосболLike» антибуллингтік бағдарламасы.
Күні кеше ғана аудандық білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес әдіскерлер Индира Инкибаева мен осы жолдардың авторының ұйымдастыруымен жәбірлеудің (буллингтің) алдын алуға арналған «ДосболLike» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2025-2026 оқу жылында бағдарламаны енгізу бойынша «Білім беру ұйымдарында қолайлы орта қалыптастыру жолдары» тақырыбында оқыту семинары өтті. Оған білім беру ұйымдарының тәрбие ісі және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтары қатысты.
Оқыту семинарында А.С.Макаренко атындағы орта мектебі директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Исмаилова Рада Қуанышбекқызы және Абай атындағы орта мектебінің педагог-психологі Спатаева Жансая Байбосынқызы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-тәжірибесімен бөлісті.
Семинар барысында білім беру саласындағы қызметкерлердің негізгі міндеті – балаларға қауіпсіз және қолайлы орта құру екендігін, әрі қажетті әрекеттерді қамтамасыз етудің жолдарын түсіндірді. Бұған қоса, «ДосболLike» бағдарламасын жүзеге асыру алгоритмі, жәбірлену фактілері орын алған жағдайда жұмыс жүргізуге бағытталған қадамдар, білім алушыларды жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу бағдарламасы негізінде 1-11 сыныптың тәрбие жоспарына енгізілетін сабақтың тақырыптары жан-жақты түсіндірілді.
Бірде-бір бала құқығының бұзылуына жол бермеу үшін білім беру ұйымдары тәрбие жұмысы бойынша жеке жауапкершіліктерін күшейту керектігі де баса айтылды. Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымында сабақ уақытында, сабақтан тыс уақытта оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке, қамқор болуға, бірлікке, бір-бірін қолдауға шақыратын іс-шараларды өткізудің де маңыздылығы атап өтілді. Семинар соңында іс-тәжірибесімен бөліскен Рада Қуанышбекқызы мен Жансая Байбосынқызына сертификат берілді.
Алдағы уақытта да осындай іс-шараларды жиі өткізіп, тамырымызға балта шабар бейәдеп әре-кеттердің жолын кесіп, өскелең ұрпақтың ойлы, саналы болуы үшін қоғам болып жұмылуымыз керек.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.