Ел үшін еткен еңбек ұмытылмайды
Жуырда Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектебінде Жамбыл облысының аға мұғалімі, озат математик Халықов Сағымбек Өршібекұлы атындағы зияткерлік ойындар бойынша аудан көлемінде турнир өткізілді. Егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған бәсекеге Шу қаласы мен Төле би, Оразалы батыр, Белбасар, Еңбекші және Көктөбе ауылдарының озық зияткерлері қатысты.
Сайыстың ашылу салтанатында Шу ауданының Құрметті азаматы Шашубай Досмайлов қария бата берсе, ұлағатты ұстаздың ұлы Ғабиден әкесі туралы тереңінен толғанды. Нақты айтқанда, С.Халықов 17 жасынан ұстаздық еңбек жолын бастағаны, 11 перзент тәрбиелеп, қоғамға игі істерімен ықпалын жасағанын қысқаша айтып өтті. Әке атын абыроймен асқақтатып жүрген ұстаз ұрпағы бүгінде бірталай биікке көтерілген жайы бар.
Ой қуатын анықтаған тартысты ойындар нәтижесінде турнир үздіктері анықталып, олар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Тарқатып айтқанда, тоғызқұмалақ бойынша Сағинұр Орал І орынды, Нүркен Нұрым II орынды, Жания Еркін III орынды иеленді. Жеңімпаздар Көктөбе ауылының оқушылары екенін айта кеткен жөн.
Шахмат ойыны да басекеге толы болды. Бұл ойында II орын Жәнібек Қоғабаевқа бұйырса, Еңбекші ауылы Айдар Дүйсекбаев үздік үштікті түйіндеді. Ал I орынды Көктөбе ауылы шахматшысы Жандос Садықов алды. Оны Сағымбек ұстаздың шөбересі Нұрали зор қошеметпен табыстады.
Сағымбек Өршібекұлы саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған жан. Оның ішінде пән патшасы саналатын математикаға терең бойлаған тұлға. Шәкірттерін ізгілікке баулыған мұғалім біраз беделге бөленген. Атасының білім жолындағы ізін жалғаған ұрпағы баршылық. Оның қатарында Қарлығаш Халықова, Назира Сағымбек, Аяжан Сағымбек бар. Тағы бір ұрпағы Фатима Сағымбек Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде аға оқытушы болып, «Философия PhD докторы» дәрежесін алып еңбек етуде.
Сондай-ақ, ол республикалық конференцияға қатысып, «Үздік жас ғалым-2023» атанған болатын. Тағы бір немересі Ескендір ҚР бойынша қазақша күрестен спорт шеберлігіне үміткер, «SportFest Kazakhtan» спартакиадасының жеңімпазы. Міне атап өткеніміздей, ұлағатты ұстаз жанұясының жетістіктерімен көпшілік турнир барысында таныс болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Жамбыл облысының аға мұғалімінің ұлдарының бірі Қазыбек Сағымбекұлы жақын арада Мекке мен Мединаға сапар шегіп, ата-анасына дұға жасап қайтқаны аса тағылымды жайт. Осы орайда біздің идеяны қуаттап, қолдағаны үшін Халықовтар әулетіне алғыс білдіргіміз келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болар, сірә?!
Сағат Бөрібаев,
Көктөбе ауылының
спорт нұсқаушысы.