Ақпараттық портал

Жер-су атауларының тарихын білеміз бе?

Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келуінің себептері бар. Өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз, тау, сай-сала, қырат, жоталар, асулар, орман-тоғай, жайлау мен елді мекендердің аттарын жан-жақты зерттеп, бұрынғы тарихи атауларына келтіру ғылыми зерттеулерді қажет етеді.
Бұл жайында қазіргі кезде ғалымдар еңбек етуде. Жер-су атаулары ғылыми тілде «топонимика» деп аталады. Топонимика – грек сөзі, қазақша «мекен немесе орын атауы» деген мағынаны білдіреді.
Топонимикалық атаулар белгілі бір оқиғалардың мерзімін меңзеуі арқылы тарихи дерек көзінің сырын саралап, танып-білуге септігін тигізеді. Мәселен, осы тұрғыда Жамбыл облысы Шу ауданы Шатырқұл мыс кені орнының атауын айтуға болады.

Бүгінде Орта Жайсанда пайдалы қазба шығатын жердің нақты атын көпшілік анық біле бермейді. Кен атауының тарихы тереңде жатыр. Кеңестік дәуірде геологтар барлау жұмыстарын жүргізді, олардың көбі орыстар болғандықтан кеннің атауын өздерінің тіліне бейімдеп, «Шатрколь» деп атады. Ал қазақтар бұл сөзден «Шатыркөл» деген атауды шығарып алды.
Ежелден қалыптасқан ауызша тарихи деректерді зерделесек, осылайша «Шатыркөл» деп аталуы дұрыс емес. Кеннің маңайында көл болған емес, тек қана шағын өзен ғана бар, бұл өзен Шу өзеніне барып құяды.
1723-1729 жылдардағы Отан соғысы кезінде қазақ-жоңғар шайқастарында ерен ерлік көрсеткен Шатырқұл есімді батыр қазақ жері азат етілгеннен кейін, мыс кенінің тұсынан ағатын өзеннің жағасына халықтың басын біріктіріп, мешіт тұрғызады. Бұл кісінің батырлығы бір бөлек, сонымен қатар әулиелік қасиеті де болған екен. Жергілікті халық әулиені қадірлеп, мыс кенінің атауын «Шатырқұл» деп атап кетеді. Бүгінгі көнекөз шежірелі қарттар аңызға айналып бара жатқан осы әңгімені растайды. Сондықтан мыс кен орнын өзінің тарихи атымен атағанымыз жөн. Қазіргі кезде Шатырқұл бабаның ұрпақтары Шу өңірінде, Алматы, Тараз және Астана қалаларында тұрып жатыр, олар бабаларының есімін құрметтеп, жыл сайын құран бағыштап, ас беріп отырады. Қыстың ызғарлы суығынан, жаздың аптап ыстығынан тозығы жеткен бабаның кесенесін немере-шөберелері қайтадан жаңғыртты.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әр жер атауының түпкі төркіні туралы талай-талай аңыздар мен ақиқатты дәлелдейтін оқиғалар елімізде көптеп кездеседі.
Ертеде өткен ата-бабаларымыз жер-судың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан алдына жан салмаған. Шу ауданына қарасты Шоқпар стансасы маңындағы жер атаулары қиялдан алынбаған, қанша ғасыр өтсе де сол атаулар ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінге дейін халықтың жадында ұмытылмай сақталған. Жаугершілік заманда, яғни XVIII ғасырда Алматы аумағынан Шу өңіріне келе жатқан Шоқпар батыр туралы шындыққа негізделген аңыз бар. Батырдың өз атымен аталған қазіргі Шоқпар стансасына жақындаған кезде құлақшынын жерге түсіріп алады, сол уақыттан бұл жер «Құлақшын» деп атала бастайды. Стансаға 2-3 шақырым қалған кезде оның мінген сәйгүлігі болдырып, зорығып өлген жері «Алайғыр» аталып кетеді. Бұл аңыз емес, кезінде болған шындық. Батыр өзенге жетіп көз жұмған соң, оның есімімен кейіннен «Шоқпар өзені», «Шоқпар асуы», бертінде «Шоқпар стансасы» деген атқа ие болды. Өкініштісі сол, батырдың жерленген қабіріне белгі қойылмағандықтан, оның қай жерде жатқаны қазіргі кезде белгісіз болып қалды.
Стансадан 4-5 шақырым қашықтықта «Тышқанбай» деген 15 үйден тұратын ауыл болған. Бірнеше ғасыр бұрын ауылдың тұсымен Жібек жолы тармағының бір сілемі өтеді екен. Жергілікті тұрғындар тышқанды (сарышұнақты) аулап, өздеріне қажетті бұйымдарды алу үшін керуен саудагерлерімен сауда-саттық жасасқан. Саудагерлер өздері жүріп өткен елді мекенді «тышқанға бай ел екен» деп айта бастайды, содан ауыл «Тышқанбай» болып аталады.
Тағы айта кететін бір нәрсе, Шоқпар өзенінің жоғарғы жағындағы таулар арасындағы үш шоқыны жергілікті халық «Үшқызыл» деп атайды. Мұның бұлай аталу себебі – басқа шоқылардан өзгеше көрінеді, белгілі бір уақытта күннің сәулесі түскен кезде Үшқызылдың ең биік төбесі қызарып тұратындықтан ел аузында «Үшқызыл» болып аталып кеткен.
Жер-су, елді мекен атаулары халқымыздың бай тілі негізінде жасалып, халық тарихымен байланысты дамиды. Атаулар өткен тарихтың мәдени ескерткіші ғана емес, бүгінгі таңда бүкіл халыққа, әсіресе, жастарға өнегелі тәрбие беретін мән-мазмұнға ие болды. Өйткені, ешбір қоғам өмірінде, тарих деңгейінде жер-су аттарының қатысуынсыз оқиға болған емес.
Төле би бабаның әкесі Әлібек бидің тұрағы Кербұлақ өзенінің бойында орналасқан екен, оның малдары өзеннің аңғарындағы жайлауда өріп жүрген. Би қарамағындағы елге қамқорлық жасап, әділ билік жүргізген. Өзеннің жағалауына жасыл желек ағаш отырғызған, сол ағаштардың қалдықтары бірнеше ғасыр өтсе де бертінге дейін күннің сәулесімен жарқырап, ағараңдап, жерде қурап жатты. Қысқа қарай қыстауға көшіп келген малшылар қураған ағаштарды отын ретінде пайдаланған. Әлібек би тек мал өсірумен ғана айналыспаған, сондай-ақ Кербұлақ өзенінің бойында егін салуды да игерген көрінеді. Қазіргі кезде бидің егіншілікпен айналысқаны жайында ел арасында әңгімелер көп айтылады.
Орта Жайсандағы «Сабалақ сайы» Абылай ханның атымен (бала кездегі есімі – Әбілмансұр) аталады. Бұл сайдың тарихта алатын орны ерекше. Абылай таққа отырғаннан кейін ел басқарудағы кейбір кемшіліктерін Бұқар жырау сынап:
Ал тілімді алмасаң,
Әй, Абылай, Абылай.
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Үйсін Төле бидің,
Түйесін баққан құл едің, – деп жырлайды.
(Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989, 91-бет)
Аңыз бойынша Әбілмансұр есімді он жасар бала Түркістан билеушісі Уәлидің ұлы болған, жоңғарлар қаланы басып алған соң ханды өлтіреді. Жаудың көзіне көрсетпей Оразқұл Әбілмансұрды қаладан жасырын алып шығып, екі-үш ай дегенде азып-тозып Орта Жайсандағы Төле бидің жайлауына әкеледі. Би баланың атын сұраған кезде, ол үндемей отырып алады. Жаугершілік заманда жау хандардың бала-шағасын да кейін кек алмасын деген мақсатпен бәрін өлтіріп отырған. Осындай жағдайды білген бала өзінің атын айтпай, ханның баласы екендігін елден де жасырған. Сонда Төле би баланың түріне қарап: «Енді сенің атың Сабалақ болсын» деп айтқанда, Әбілмансұр келіскендей ниет білдіріп, басын изейді. Сол уақыттан бастап ол Төле бидің тәрбиесінде болып, түйесін бағады. Түйелерді өріске шығару үшін Әбілмансұр күн сайын ауылдың маңындағы саймен өргізеді екен. Жергілікті халық бірте-бірте бұл сайды «Сабалақ сайы» деп атап кетеді. Бүгінде сайдың басына тарихи орын ретінде белгі қойылды. Қазіргі және келешектегі өскелең ұрпақ үшін бұл орынның маңызы өте зор екендігі анық.
Шу-Қордай жолының бойында орналасқан Көкқайнар ауылының аты бір ғасыр ғұмыр кешкен, Отан соғысының ардагері, екінші және үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері Сиқымбай Мамыровтың айтуынша, бұл ауылдың бұрынғы атауы «Көпқайнар» болған. Үңгірлі тауларынан аққан көп қайнар бұлақтар ауылдың айналасымен ағып, Шу өзеніне барып қосылған. Отызыншы жылдардағы алапат ашаршылықта Сиқымбай анасымен бірге жаңадан құрылған сол ауылдағы артельде еңбек еткен. Содан біледі екен. Сиқымбайдың әңгімесін кезінде көршілес жатқан «Октябрь» (қазір Оразалы батыр ауылы) ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Қанатбай Рысмендиев қария да растайды.
Кеңестік кезеңдегі әкімшілік құрылымдардың жиі ауысуына байланысты ауылдың атауы өзгеріп, «Көкқайнар» аталып кеткен.
Жер-судың атауларында халықтық атаулармен қатар отаршылдық атаулар да жиі кездеседі. Отаршылдық атаулар тек қана кешегі кеңестік дәуірмен келген жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. XIX ғасырдың бірінші жартысында жаңа округ – болыстық әкімшіліктердің құрылуына байланысты қара шекпенділер шұбырып елімізге толассыз келе бастады. Осы кезеңде патшалық әкімшілік бірліктерімен қатар жаңа атаулар пайда болды. Бұдан былай емін-еркін көшіп-қонып жүрген жайлау мен қыстауға шектеу қойылды.
Кеңестік дәуірде тарихи топонимдік жүйенің жаңа кезеңі басталды. Мәселен, кеңестік көсемдердің аттарын барлық жерлерге беру міндетті болды. Бір Шу ауданының өзіне қаншама адамдардың аттары берілді. Киров ауылы (қазір Бәйдібек), Бөлтірік ауылы (алғашында Андреевка аталса, кейін Хрущев аталды), Көктөбе ауылы (Ленин), Ворошиловка селосының бұрынғы аты Кемер болған еді. Көкқайнар ауылының аты кеңестік кезеңде Жданов болып аталып, қазіргі Баласағұн ауылындағы Калининнің есімімен аталған ауылмен бірге еліміз тәуелсіздікке жеткенге дейін аталып келді.
Топонимикалық зерттеудің мақсаты – кезінде орысша аталған жерлерді немесе науқан барысында кездейсоқ қойыла салған атауды ыңғайлы қазақшамен ауыстыра салу емес, атаулар өзгерісінің тарихи себептері мен заңдылықтарын зерделей отырып, тарихи-этнографияның, өлкетанудың шешілмеген күрделі мәселелеріне жауап табу болып саналады.
Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Сонысымен туған жер киелі мекен.
Бір оқиғаның немесе құбылыстың анық-қанығына жету үшін салыстырмалы түрде кемінде екі-үш деректі қарастыру керек. Соның бірі Төле бидің туған жері туралы ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов «Әз Төле би» атты жинақта «Қазақ шежіресінде, энциклопедиясында осылай айтылып жүр, осылай жазылып жүр. Бірақ кейінгі деректер бойынша Төле би өзі Арқастың астындағы Алакөлдегі Көктұма деген кішкентай өзеннің тұныққа құяр сағасында туыпты» деп жазды.
(Құрастырушылар: Н.Қапалбекұлы, М.Қазыбек, М.Қожакеев. Алматы, 2013, 11-бет)
Қазыбек бек Тауасарұлы: «Оны өзі маған: «Түбі мөлдір айнадай, масасы шонжадай, суы тартылып шулаған, балығы тайдай тулаған Алакөлдің жағасында, Арқастың сағасында туыппын» деп Төле бидің өзі айтқан сөзі бар дейді.
Сонымен қатар Төле бидің өмірден өткен жері туралы да Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің кітабында «Үйсін Төле бидің сүйегі Ташкентке қойылды» деп жазған.
(Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Алматы, 1993, 351-бет)
Кезінде зерттеушілер Ұлы бидің өміріне терең үңілмей, ол Шу өңіріндегі Жайсан даласында дүниеге келген деген пікірді ғылыми айналысқа енгізіп жіберген. Мен «бүйректен сирақ шығарайын» деп отырғаным жоқ, тәуелсіздік қандай қымбат болса, шындық та сондай қымбат екендігін ғана айтқым келді.
Ежелгі грек заманында өмір сүрген ұлы ғұлама Аристотель өзінің ұстазы Платонмен ғылым саласындағы кейбір ой-тұжырымдарымен келісе алмаған. Содан «Платон дос, бірақ шындық қымбат» деген сөз қалған.
«Туған жердің тауы да ыстық, тасы да ыстық» деп ақын жырлағандай, өлкеміздегі жер-су атауларының ежелден қалыптасқан тарихын білгеніміз абзал.
Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу сыры бар дегеніміз осы.

Тұңғышбек Байқұлов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері,
ҚР Тарихшылар конгресінің мүшесі,
Шу ауданының Құрметті
азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.