Ақпараттық портал

«Ауыл аманаты» – ауылдың әлеуетін арттыратын жоба

Еліміздің ауылдық аймақтарын дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағытының бірі. Соның айғағы – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл бастама ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған тиімді әлеуметтік-экономикалық бағдарлама болып табылады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады”- деген болатын.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу және халықтың табысын арттыру. Жоба аясында азаматтарға төмен пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаржы жеке кәсіп ашуға, кооперативтер құруға мүмкіндік беруде. Бағдарлама ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау болып отыр. Себебі көпшілік бұрын өз кәсібін ашуға мүмкіндік таппай келген еді. Ал енді мемлекет тарапынан беріліп отырған осы жоба арқылы ауыл адамдары өз идеяларын жүзеге асырып, туған жерінде тұрақты табыс табуға жол ашты. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы өнім өндірушілердің бірігіп жұмыс істеуіне жағдай жасап, кооперативтер құруды ынталандырады. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасының дамуына, жергілікті өнімдердің нарықтағы үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады.
Біз бұл мақаламызда жобаның біздің ауданда қалай іске асып жатқандығы туралы әңгімелейтін боламыз. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, жоба жалпы 5 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, бірінші бағыты құс шаруашылығы, екінші бағыты жылыжай және көкөніс қоймаларының құрылысы және жабдықталуы мен қызмет көрсету болса, үшінші бағыты ауыл шарушылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу (өңдеу цехтарына арналған бағыт), төртінші бағыты шағын құс фермаларын ашу, сонымен қатар бесінші бағытына әлеуметтік жобалардың жабдықталуын несиелендіру жатады. Ал жобаның шарттары бойынша несиелеу сомасы жеке кәсіпкерлер үшін 2500 АЕК болса (9,8 млн теңге), кооперативтер үшін 8000 АЕК (31,4 млн теңге) құрайды. Қатысушыларға беріліп отырған үлкен мүмкіндіктің бірі сыйақы мөлшерлемесінің 2,5 пайызды құрауы. 5 жылға дейін берілетін несиені кәсіпкерлер бір жылдық демалыстан кейін төлеп бастайды екен. Басты талаптарына ауылдық елді мекендерде немесе шағын қалада кемінде 12 ай тұрақты тіркеуде болуы, қарыз алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы және кепіл мүліктің болуы міндеттеледі. Сонымен қатар бұл бағдарламаға 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады екен.
– «Ауыл аманаты» жобасы ауданда биылғы жылы қарқынды жүзеге асуда. Жеңілдетілген несие берілетін болғандықтан халықтың жобаға қатысу белсенділігі де жақсы көрсеткіш көрсетуде. Нәтижесінде көптеген ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, ауыл экономикасына үлес қоса бастады. Жалпы 2025 жылға 66 жоба қабылданып, бүгінгі күні 57 жоба іске асуда. Сондай-ақ қалған жобалардың құжаттары қарастырылу үстінде, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков.
Тың әрі тиімді жоба арқылы шулық кәсіпкерлер техника жөндеу орталығын, жиһаз цехын, пескоблок өндірісін, көлік жуу орталығын, жылыжай, вулканизациялау, АРМ-спорт, дәнекерлеу цехы және тағы да басқа кәсіптік нысандар ашып, ауданның әлеуетін көтеруге үлес қосуда.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен несие рәсімдедім. Мен үшін кішкентай қадам болғанымен үлкен мақсаттарға жол ашқан керемет жоба болды. Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлердің дамуына, жастардың жан-жақты болуына өте тиімді деп айта аламын. Барлығы бірден бола қоймайды. Жетістікке жету үшін ең бірінші еңбек, сосын шыдамдылық қажет. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары барлық сұрағыма толыққанды жауап беріп, көмек көрсетіп отырды, – дейді жаңа кәсіп иесі.
Ауыл – ұлттың тірегі, берекелі бастауы. Сондықтан ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам болғаны баршамызды қуантады. Бұл жоба арқылы ауылдың аманаты – еңбектің, бірліктің және болашаққа сенімнің символына айналып отыр.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.