Жіті ішек ауруларынан сақтаныңыздар!
Әдетте жаз, күз айларында республикамыздың оңтүстік өңірлерінде жұқпалы ішек аурулары жиі кездеседі. Әрбір адам жұқпалы ішек ауруларының не екенін біліп, оның адамға қалай жұғатынын және ең маңыздысы – одан қалай сақтану керек екенін білу керек.
Жіті ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Ішек жұқпасы әлемде ең көп тараған инфекциялардың қатарына жатады. Жалпы ересектердің, балалардың дизентериямен, салмонеллезбен және басқа да ішек ауруларымен ауырмаған ел кемде кем. Ішек аурулары жұқпалы. Ауру ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден: жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдар пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолданудан, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға шомылуға түскендіктен жұғады.
Аурудың алғашқы белгілері:
Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбилердің емшектен бас тартуы, асқа тәбеттің болмауы, шөлдеу, құсу, бас ауруы, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретте қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы байқалады. Науқас жиі құсып, іші өтіп жағдайы нашарлайды. Өйткені, ағза өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Сондықтан жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса, міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкізген жөн. Антибиотик қолдануға болмайды, өйткені ол аурудың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Емі: Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін емшек сүті (нәрестелерге) айран, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-минералды су ерітіндісін ішу өте пайдалы. «Регидрон» ұнтағының 1 пакетіне қосылатын қайнатылған су бөлме температурасында суытылып, дайындалады. Дайын ерітіндіні әрбір 3-5 минут сайын ішкізуге болады, бірақ әр күн сайын ерітіндіні жаңадан дайындау қажет.
Алдын алу шаралары:
Ішек ауруларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің сапасы өте маңызды – көптеген тағамдарда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда, асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп, қарқынды түрде көбейеді. Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады, бұл тағамдарды тек тоңазытқышта сақтау керек. Жаз, күз айларында сүт және сүт өнімдерін де қайнатып қолданған жөн. Ет, жұмыртқа өнімдерінің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөліңіз.
Жалпы аурудан сақтану жолдары:
-ол жеке бас тазалығын және қоғамдық гигиенаны сақтау, пайдаланатын тағамдарды дұрыс сақтау, дәретханадан шыққанда, көшеден келгенде қолыңызды сабынмен жақсылап жуу;
-кездейсоқ адамдардан көшеде тамақ сатып алмау;
-тағамдарды техникалық өңдеуден өткізіңіз; жеміс-жидектерді, көкөністерді ағынды сумен жуып, сосын ыстық сумен жуып жеу;
-сатып алынған етті, балықты, жеміс жидектерді тоңазытқыштарда басқа дайын тағамдардан бөлек ұстау;
-дайын асты бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтауға болмайды;
-беймәлім су көздерінен (құдықтан, өзеннен, көлден) су ішпеңіз, суды қайнатып ішіңіз, суға түскен кезде су жұтып қойып жүрмеу керек.
Тамақтан улану да осы тағамдарды тасымалдау, сақтау және пісіру кезінде тиісті санитариялық сақтық талаптарын білмегендіктен, не болмаса осы талаптарға салғырт қарау салдарынан болады. Тамақтан уланудың ең ауыр түрі ол ботулизм. Ботулизммен адам аяқ астынан, маринадталған саңырауқұлақ, қияр тұздалған, көбінесе үй жағдайында дайындалған шұжықтар сияқты сапасыз тағамдарды ішіп, жегеннен кейін ауырады. Ботилинус микробы балық және мал етінің арасында, қайнатылып дайындалған шұжық ішінде, дұрыс зарарсыздандырылмаған консервілерде, яғни ауа бармайтын жерлерде жақсы өніп, жетіледі. Ботулизм қоздырғышы бар тағамдардың, консервілердің ешбір бұзылғандық белгісі, жағымсыз иісі болмайды, консервілердің қақпағы, түптері көтерілмейді, сырт көзге сапалы тағам сияқты көрінеді. Сондықтан әрбір адам сақтану керек.
С. Шмидке,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялы бақылау басқармасы бас маманы.
