Ақпараттық портал

БЕДЕЛІ БИІК БІЛІМ ОШАҒЫ

Кеңес заманында көпұлтты елді мекен болған Мойынқұм ауылының бұрынғы аты «Дружба» аталуының да өзіндік себептері болған. 14 ұлттың өкілдері мекен еткен кеңшардың шаруашылық әлеуеті де зор еді. Қазақ, әзербайжан, талыш, ингуш, ұйғыр, татар, шешен, украиндар, орыстар, әсіресе неміс ұлтының өкілдері басым болатын. Мойынқұм орта мектебінің тарихы алғаш рет 1937 жылдары аралас тілдегі мектеп болуынан басталған. 1975 жылы Мойынқұм орта мектебіне «Жеңістің 30 жылдығы» атауы берілді. 1988 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, ал 1992 жылы бұрынғы Мойынқұм атауы қайтарылды. Игілікті істерімен оқу тәрбие ісінің озат майталман педагогтері Багиров Узер Ашигатович 1965-1986, Қалиев Шарыпқұл Әбдіхалықұлы 1989-1993, Жантаев Бірлікбай Әбішұлы 1993-2007 жылдары басшылық етті.

2007 жылдан бері осы мектепте 1981-1983 жылдары Ауған Демократиялық Республикасында Кеңес әскерінің шектеулі контингентінде интернационалдық борышын өтеген, КСРО Жоғары Кеңесі Президумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бірнеше әскери марапат иегері, 1990-1995 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих және құқықтану факультетін тәмамдаған, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған Жанпейісов Ғабиболла Мейірханұлы директорлық қызметте жұмыс істеп келеді.
19 ұлттың өкілі оқыған мектепте қазірдің өзінде 8 ұлттың ұрпағы бір атаның баласындай қазақ сыныптарында толыққанды білім алуда. Мақала кейіпкерінен өз өмір тәжірибесінің ұлағатты үзінділерінен пікір айтуын сұрағанымызда көп мақтануды жөн көрмейтін, іс барысының нәтижесімен сөйлегенді ұнататын ұстаз-басшы оқу-тәрбие саласындағы өз әріптестерінің арасында үлгі етуге тұрарлық педагог азаматтардың біразына тоқталды.
-Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Құрманғали Сержановтың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі қажырлы еңбегінің нәтижесі өз кезегінде аудандық, облыстық, республикалық деңгейде бағаланып, мектеп абыройын көтеруде. Мақтанып айтарлық нәрсе Мойынқұм мектебін әртүрлі жылдарда бітірген 12 мектеп түлектерінің еліміздің Отан қорғау, Қарулы Күштер сапындағы жоғары шенді офицерлері қызметінде жұмыс істеп жатқандарының өзі мектептің үлкен абыройы десек болады. «Туған жерін сүйетін, елін қорғай алатын ұрпақ қана мемлекеттің тірегі бола алады»-деп қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының айтқан қанатты сөздері бекер емес. Жоғары санатты ұстаздарымыздың бірі – математика пәнінің үздік мұғалімі Қорғанбек Жадрасиновтің шәкірттері аудан, облыс, республика көлеміндегі байқауларда топ жарып бәйгелі болуда. Қиын сабаққа жататын математика–физика пәндеріне соңғы жылдары оқушылар арасында қызығушылық көбейіп, орта мектепті бітірген түлектеріміздің біразы жоғары оқу орындарына түсіп, мектеп ұжымының атына Алғыс хаттар келуде. Бір жылдың ішінде мектебіміздің атына сегіз Алғыс хат келтірген, мектеп мерейіне үлкен үлес қосып жатқан үздік ұстаздармен қалайша мақтанбаймыз. Физика пәнінің жоғары санаттағы зерттеуші мұғалімі Мәделі Жидебаевтың дәрісін алған, сол пәнге деген қызығушылықтары басым оқушылар соңғы онжылдықта жоғары баллға қол жеткізіп, облыстық олимпиадалық байқауларда жүлделі орындарды иемденуде. Мектеп бітірген түлектердің арасында осы пән бойынша ҰБТ-дан жоғары баллға қол жеткізіп, жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алып жүрген студенттер саны жылдан-жылға артуда.
«Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» дегендей, мектеп мақтанышы, үлгілі ұстаз Қ.Жадрасиновтің шәкірті Нұрсұлтан Узенбаев өзіміздің мектептің түлегі. Өз пәнінің жетік маманы, қарымды еңбегімен оқушылар жүрегінен орын алған үлгі тұтарлық жас. Пән патшасы есептелетін математикаға соңғы жылдары оқушылардың қызығушылықтары артқан. Демек, пәнге деген құмарлықты ояту мұғалімнің аянбай еңбек етуінде жатыр. Жемісі сол, оқушыларымыз аудан, облыс көлеміндегі байқаулардан жүлделі орындарды иемденуде. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бекнұр Аусатов жас та болса біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында педагогикалық ұжым арасында көпшілік құрметіне бөленуде.Аудан көлемінде үлгілі тәрбие мен тәртіпті мектептер қатарындамыз. Мектепішілік қана емес қоғамдық тұрмыстық жағдайларда да жастардың жанашыры, жанынан табылып, ізденімпаздықпен көзге түсіп игілікті істерге ұйытқы болып жүрген жас ұстаздардың бірі.Мектеп директорының тәрбие ісінің орынбасары Құлыншақбаев Дархан Жамбылбайұлының ұйымдастырушылығымен бірталай келеңсіз істердің алдын алу шаралары тәртіп пен тәрбие жұмыстарына оң нәтиже беріп жатыр.
Кез келген оқыс жағдай қас пен көздің арасында болады. Араласып жатқан ауыл ғой, бәріміз бір-бірімізді білеміз деп көңіл жұбатқанмен қадағалау мен бақылау бар жерде түрлі жағдайларды болдырмаудың амалын қарастырамыз. Мәселен, мектепке жақын орналасқан орталық дүкен, орталық ойын алаңдарының маңына үзіліс кезінде ғана емес басқа уақыттарда да арнайы кезекшілік ұйымдастырып, бақылау орнаттық.Білім беру ісінде оқушылардың тұрақты тәрбие жұмысының ахуалы тікелей орынбасардың іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Оғаш қылық көрсетіп, оқушылар арасында тәртіп бұзушылық болған емес. Мектептен тыс уақыттарда да ұдайы оқушылармен қарым- қатынас байланыстамыз. Өзім атаған ұстаз азаматтардан бөлек басқа да, жас ұрпаққа білім беру мен тәрбие жұмыстарының алдыңғы легінен көрініп жүрген Мойынқұм орта мектебінің ұстаздары қандай құрметке болса да лайық.
Мектеп педагогтерінің кәсіби деңгейі мен шығармашылық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Аудандық ҰБТ қорытындысы бойынша Мойынқұм орта мектебі оқушыларының үлгерім көрсеткіші соңғы бес жылда қатарынан алғашқы ондықтың ішіндегі төртінші орынды иеленіп келеді,-деп мектеп директоры, Ауған соғысының ардагері Ғабиболла Жанпейісов ақжарма ниет пікірін білдірді.
Ұстаздық қызметтің қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтып білім беріп, жан-жақты даму мүмкіндіктеріне қол жеткізуде басшы азаматтардың атқарар міндеті зор жауапкершілікте десек қателеспейміз. Иә, сапалы білім беруге педагогикалық ұжым арасындағы ахуалды дұрыс қалыптастыруға жағдай жасалып, тәрбие жұмысына озық әдістерді ұйымдастыра білу де мектеп басшысының қарым-қабілеті мен озық тәжірибесінің нәтижесінде іске асатын ақыл-ой жетістігі.
Ұстаздық қызметтің өзегі – тек білім беру ғана емес. Ең бірінші жақсы тәрбие беру. Білім мен тәрбие ұштасып, бір-бірімен бірлессе ғана бала болашағы жарқын болады. Сол үшін ата-аналар мен педагогикалық ұжымның ажырамас одағы құрылса ғана іс нәтижелі болмақ. Оқушының ішкі әлеміне үңіліп намыс, ерік-жігер секілді адами қасиеттерін оятып қана қоймай, жас ұрпаққа рухани бағдар беру жолында біртуар батырымыз Б.Момышұлының «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» девизі бойынша білім беруге педагогикалық һәм психологиялық жағдай жасалып, тәрбие жұмысын үзбей қадағалаудың арқасында оқушылар арасындағы келеңсіздіктерді болдырмаудың алдын алу шаралары жасалып, жұмылып жұмыс істеп жатқан педагогикалық ұжымның бірлігінің арқасы десек болады.
«Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Мойынқұм орта мектебінің педагогикалық ұжымының мүшелері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жасап жатқан ынтымақты еңбектерінің жемісі көп болғай!

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.