Ұлттың діңгегі ұрпақ тәрбиесімен берік болмақ
Өскелең ұрпақтың тәрбиесі қай заманда, қай қоғамда болмасын қашанда өте өзекті әрі өткір мәселелердің бірі болып келеді. Олай дейтініміз, келешектің кемел, болашақтың бағдары айқын, ел ертеңі жарқын болуы алдыңғы кезекте жас ұрпақтың алған тәрбиесіне байланысты. Бала тәрбиесі төңірегінде бүгін ғана айтыла салған жоқ, адамзат пайда болғалы жасасып келе жатқан берік қағида әр саналы азаматтың көкейінде сайрап келеді. Арыға бармай, қазақ халқының нақыл сөздері, мақал-мәтелдеріне терең бойлар болсақ, тәрбиенің қайнар бұлағы-бұл отбасы, ата-ана екендігін жазбай танисыз. Отбасы тәрбиесі-тәрбиенің атасы, тәрбиенің анасы. Содан болар, «Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең, әйелдің халін түзе» деген нақылдарды қалдырған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясында «Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі, жауапкершілік бәріне ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады» деген болатын. Шын мәнінде, қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасында орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктер ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін және ата-ана жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр.
Осыған орай, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың қатысуымен ата-аналарға арналған жиын өтті. Оған аудандағы білім беру ұйымдарының ата-аналар комитетінің төрағалары мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Ең алдымен сөз алған Жайдар Саттарқұлұлы «Біз үш бағытта жұмыс істейміз. Біріншісі-балалардың қауіпсіздігі, екінші бағыт – балалардың денсаулығы, үшіншісі-олардың білім алуы» дей келе, бала тәрбиесінде ата-ананың алар орнын жан-жақты түсіндіріп берді. Жаңа оқу жылы басталғалы бері кәмелетке толмаған мектеп жасындағы жасөспірімдермен орын алған оқиғалардың көпшілігі мектептен тыс орындарда әрі кешкі уақыттарда орын алатындығын атап өтті. Бұған қоса, ата-ананың баланы үнемі қадағалап отыруы көптеген мәселелердің алдын алатындығын жеткізді.
Бүгінгі күні ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыру да өзекті болып отыр. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын қолға алған күннен бастап білім беру ұйымдарында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, «Даналық жобасы» аясында түрлі игі іс-шаралар жүзеге асып, ата-аналардың мектеп өміріне араласуына бағытталған түрлі форматтағы кездесулер өтіп келеді.
Кез келген кеселмен үздіксіз күрестің арқасында ғана нәтиже шығатыны белгілі. Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – бала тәрбиесі бойынша жүйелі жоспар да түзілген, ата-аналар еншісіне соны жүзеге асыру ғана қалып отыр. Ол үшін ата-аналар комитетінің төрағаларын бір мақсатқа жұмылдырып, тұрақты түрде іс-шаралардың сапалы өтуіне, сол арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеуге барынша атсалысатын уақыт келді. Аталған жиында аудандық ата-аналар комитетін сайлап, бекіту де күн тәртібінде қаралды. Дауысқа салу арқылы бірауыздан аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің аудандық филиалының жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Иманова Айжан Болатқызы болып бекітілді. Қашанда тәрбие мәселесіне бей-жай қарамайтын, ауданның абыройын бірінші орынға қоя білетін, тәрбие саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар Айжан Болатқызын барлығы үлгі тұтады, өнегесі мол жан ретінде таниды.
Алдағы уақытта аудандық білім бөлімі арнайы кесте бойынша аудандағы білім беру ұйымдарында ата-аналармен арнайы кездесулер ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізуді көздеп отыр. Ұлт болып жұмылып, халық болып бірігіп, ел болып атсалысатын ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, нәтижесін беріп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Айғаным Асқарбек.
