Ақпараттық портал

«Ақ барыс» экофестивалі өтті

Мемлекеттік саясаттың басым бағыты – туризмді дамытуға үлес қосатын ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін өлкетану бағытына тыңнан түрен салып, өзің тұратын өңірді жан-жақты зарттеп тану қажет. Осы бағытта аудандық білім бөліміне қарасты Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы елеулі еңбек етуде. Бүгінгі күні тасын аударсаң тарихы сайрайтын қасиетті өлкенің қыр-сырына қанық болуға ықыласы бар оқушыларды қосымша білім беру арқылы танымын кеңейтіп жүрген орталықтың бастамасымен түрлі іс-шаралар жүзеге асуда. Жуырда ғана Лаззат Асанбаева басшылық ететін Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының Бірлік ауылындағы ғимаратында «Ақ барыс» экофестивалінің аудандық кезеңі өткен болатын.

Аталған экофестивальде оқушылар үшін «Үздік экскурсия жүргізушісі», «Жібек жолының эндемиктері. Ақ барыс», «Кедергілер жолы және тауға өрмелеу» номинациялары және педагогтер үшін «Ақ барыс» сувенирі, «Ақ барыс» экофестивалінің эмблемасы номинациялары бойынша тартысты сайыс өтті. Оған аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беру және қосымша білім беру ұйымдарынан оқушылар мен педагогтер қатысты.
Ең алдымен «Үздік экскурсия жүргізушісі» номинациясы бойынша оқушылар Меркі музейіндегі экспозиция негізінде ақ барыс бойынша жинақтаған ақпараттарын үш тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілінде айтты. Атап өтерлігі, 23 қазан-Халықаралық қар барысы күні қарсаңында өткен бұл іс-шараның маңызы зор. Ақ барыс туралы тереңінен қаузаған оқушылар оның атауының шығу тарихын, биологиялық ерекшелігін, таралуын, кездесетін мекендерін, ғылыми зерттеулер мен қорғау шараларын жан-жақты айтып, тың мәліметтермен қанық қылды. Дәл осы уақытта 12-13 және 14-15 жас ерекшеліктері бойынша «Жібек жолының эндемиктері. Ақ барыс» тақырыбында оқушылар арасында сурет байқауы қатар жүріп жатты.
Сондай-ақ, «Ақ барыс» сувенирі, «Ақ барыс» экофестивалінің эмблемасы номинацияларында педагогтер арнайы жасап әкелген жұмыстарын көрсетіп, әділқазы алқасының мүшелері жұмыстарды жан-жақты саралап, бағалау жүргізді. Ал, «Кедергілер жолы және тауға өрмелеу» номинациясында екінші күні оқушылар мен жетекшілер Жайсан өңіріндегі Қасқыр сай деген жерде кедергілерден өтіп, тауға өрмелеу арқылы сайысты. Бұл қадам спорттық туризмді соның ішінде тау туризмін дамытуға арналған бастама болды. Атап өтерлігі, бұл байқауды ұйымдастыруды бастан-аяқ жүргізген Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының өлкетану бөлімінің меңгерушісі Олжас Рүстем алдын ала таулы жерде өткізілген байқаудың маршрутын белгілеп, қауіпсіздік шараларын жіті бақылауда ұстап, барынша оқушылардың қызығушылығын арттыруға күш салды.
«Ақ барыс» экофестивалінің аудандық кезеңінің қорытындысы бойынша «Кедергілер жолы» номинациясында Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы командасы, «Тауға өрмелеу» номинациясында Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының үйірме қатысушылары Еркебұлан Секен және Сұлужан Анарбек, «Үздік экскурсия жүргізушісі» номинациясында Еркежан Шәки және Аружан Шорақұл «Жібек жолы эндемиктері» номинациясында, 12-13 жас ерекшелігі бойынша А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясының оқушысы София Горбатенко, 14-15 жас ерекшелігі бойынша С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің оқушысы Арайлым Рымқұл, педагогтерге арналған «Ақ барыс сувенирі» номинациясында Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының үйірме жетекшісі Айгерім Бауыржанова, «Ақ барыс эмблемасы» номинациясында Төле би атындағы орта мектебінің педагогі Маржан Коштаева жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
«Ақ барыс» экофестивалінің аудандық кезеңінің өту барысын жазып жатқан уақытта сүйіншілеген жаңалық та келіп жетті. Меркі ауданында өткен экофестивальдің облыстық кезеңінен «Үздік экскурсия жүргізушісі» номинациясы бойынша Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының үйірме мүшесі Еркежан Шәки және Аружан Шорақұл бас жүлде иеленген, олардың жетекшісі Гаухар Адылбекова. Бұған қоса, «Жібек жолы эндемиктері» номинациясының 12-13 жас ерекшелігі бойынша сурет салудан А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы София Горбатенко бас жүлде иегері атанса, 14-15 жас ерекшелігі бойынша С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің оқушысы Арайлым Рымқұл І орын иегері атанды. Ауданның абыройы асқақтаса бір кісідей қуанатын болғандықтан, бұл жетістік төбемізді көкке жеткізгені рас. Қазақстанның ертеңгі үміті, тәуелсіздігін баянды етер көзінің ағы мен қарасы, бірнеше жылдан кейін мемлекеттің бет-бейнесі болатын жастарға көбірек көңіл бөлу арқылы ұтарымыз көп.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.