Ақпараттық портал

Ономастиканың өзекті мәселелері қаралды

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» демекші, сонау ықылым замандарға бармай-ақ берідегі қылышынан қан тамып тұрған Кеңестік кезеңнің өзінде ата-бабамыз атымен желіп жүріп әр өңірдің ерекшелігіне, климаттық өзгерістеріне, мекен ететін тұрғылықты халқына, сол аймақта болған тарихи оқиғаларға, елге елеулі еңбек сіңірген тұлғаларына негіздеп мәні мен маңызы бар атауларды берген. Бірақ ол атаулардың барлығы құжат жүзінде рәсімделмей, тек ел аузында қалған. Қазір алдыңғы толқын ел ағаларынан бір өңірдің атауы туралы сұрай жөнелсең, сол кезеңдердегі тарихи оқиғаларға негіздей отырып айтып береді. Бай тіліміздегі екі ірі сөзден құралып, біріккен көркем атаулардың өзі де ұлттығымызды айқындап тұратындай. Арыға бармай-ақ сол Кеңестік кезеңдерде аудан, ауылдарға берілген орыс тіліндегі атаулар халқымыздың санасына әбден сіңіп қалған, кейінгі уақыттарда берілген қазақы атауларды тіпті атамайды да.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал» деген болатын. Түсінген жанға ой саларлық сөз… Шын мәнінде елдігімізді сақтаймыз десек, ономастика мәселесінің кейбір кедір-бұдыр тұстарын тегістеп, қателіктерге бой алдырмауымыз керек. Әйтпегенде кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық із қалмауы мүмкін.
Бүгінгі күні мемлекеттік тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі, ономастика саласының түрлі түйткілдері көтеріліп, шешімін таппай жүрген мәселелер жүйеге келтірілуде. Осыған орай, Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Атеннің қатысуымен «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында заңнамалық актілер мен әдістемелік ұсыныстарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы семинар өтті. Оған аудан әкімдігіне қарасты бөлім және мекеме басшылары, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Шу аудандық филиалының мүшелері, қала және ауылдық округ әкімдері және ономастика саласына жауапты мамандар мен ономастикалық жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Семинар барысында елді мекендер мен көшелерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ономастика саласындағы жаңа нормативтік-құқықтық талаптар, ұсыныстар жөнінде жан-жақты түсіндірме берілді. Бұған қоса, ономастика саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру, заңнамалық талаптардың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету және жергілікті деңгейде бірыңғай тәсіл қалыптастыру болып табылады.
Кездесуде қатысушылардың барлық сауалдарына заң талаптарына сай нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді. Бұл басқосу ономастика саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға, тәжірибе алмасуға және алдағы атқарылар жұмыстарды жүйелеуге ықпал етері сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.