Ақпараттық портал

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРМЕН ТАНЫСТЫ

Ағымдағы аптада Жамбыл облысы мәслихатының бір топ депутаттары ауданымызға ат басын бұрып, өңірдегі мемлекетттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандарымен танысты. Аймақтық халық қалаулылары ең алдымен Шу қаласындағы құрылысы аяқталған А.С.Макаренко мектебін көзбен көрді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев меймандарға білім ошағының ғимаратын аралатып көрсетті.

Таяу жылдарда құрылысы тәмамдалған тағы бір мектеп – Әл-Фараби атындағы орта мектебі. Аудан орталығындағы білім ошағында болған облыстық мәслихат депутаттарына қажетті мәліметтер ұсынылды. Мұнан кейін меймандар Жиенбет ауылындағы жаңа мектепті тамашалап, ауылда жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылысының барысын білді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалы болу қажеттігін ескерткен депутаттар Қонаев ауылына ат басын бұрды. Ондағы құрылысы тоқтап тұрған көгілдір отын тарту жұмысымен танысқан қонақтарға басты себеп – қаражат жеткіліксіздігі екендігі айтылды. Мәселемен жақыннан танысқан меймандар ауылдағы мәдениет үйі мен пайдалануға берілген спорт кешеніне де бас сұқты.
Зерделеу жұмыстары барысында халық қалаулылары Тасөткел ауылдық округіндегі Шерхан Мұртаза атындағы орта мектебінде болды. Құрылысы аяқталған ауыл мектебінің төлқұжатын Жайдар Саттарқұлұлы, құрылыс жұмыстары туралы мәліметті аудан әкімдігінің сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімінің өкілдері таныстырып өтті.
Сонымен қатар депутаттар делегациясы Ескі-Шу ауылдық округінде жаңадан пайдалануға берілген мәдениет үйін көрді. Ғимараттың жылу жүйесін, жарық пен су секілді инфрақұрылымдарының бүгінгі жағдайын білді.
Бұдан бөлек, облыстық мәслихат депутаттары теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарына куә болды. 1989 жылдан халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан қала қақпасына алғашқы рет ауқымды түрде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Тәулігіне 2000-нан астам жолаушыны күтіп алып жүрген маңызды нысан құрылыс аяқталғанда тотыдай түрленеді деп күтілуде.
Екі күнге созылған сапар барысында облыстық мәслихат депутаттары аудандағы атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын беріп, бірқатар мәселелерді өздерінің назарларына алды.
-Шу ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар нысандар бой көтеріп, бірнешеуінің құрылысы жүргізілуде. Халық игілігіне бағытталған жұмыстар сапалы орындалуы тиіс. Осы мақсатта бүгін әріптестерімізбен Шу ауданына келіп отырмыз. Сапар аясында елді мекендердегі жұмыстармен танысып, тұрғындармен тілдесетін боламыз, – деді Жамбыл облысы мәслихатының депутаты М.Шалқарбеков.
Естеріңізге сала кетейік, өңірге келген депутаттар тобында М.Шалқарбеков, Н.Адилов, С.Қойбақов, А.Аббосов, Б.Ералиев және облыстық мәслихаттың бас инспекторлары Р.Айдынбеков пен С.Календеров болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.