«Аудан ажары абаттандырудан басталады»
Ауданның дамуы, көркеюі үшін әр салаға тиісті өзіндік міндеті қойылатыны белгілі. Сол секілді өңіріміздегі жол құрылысы, айналаның тазалығы мен жасыл желекке бөленуі, сондай-ақ жарықпен қамтылуы сынды маңызды жұмыстарды аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі атқарып келеді. Ендеше, біз бұл сұхбатымызда аталған бөлім басшысы Жадыра Абиғазыұлы Каликовпен әңгіме жүргізіп, бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұрадық.
– Жадыра Абиғазыұлы, ең алдымен жыл сайын қыркүйек пен қазан айында дәстүрлі түрде жүргізілетін елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық науқаны жайында сұрағымыз келеді. Биылғы екі айлық маусымында қандай жұмыстар жүргізілді?
– Жалпы көктем мен күз мезгілдері қоршаған ортаны жаңартып, табиғатты түлететін ерекше уақыт. Елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін науқанның мақсаты – елді мекендерді көркейту, көше мен аулаларды таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру екені баршаға мәлім. Ал, біз бөлім тарапынан биылғы маусымда ауқымды жұмыстар атқардық десек болады.
Ағымдағы жылдың 24 ақпанында Шу ауданы әкімінің №80 қаулысына сәйкес, Шу ауданы қаласы мен елді мекендерін көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық жұмыстары басталған сәттен аудан бойынша тазалық акциясы ұйымдастырылып, өңір тұрғындарының, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпорындар азаматтарының қатысуымен саябақтар, скверлер және көше бойлары мен мекеме аулаларына тазалық жұмыстары жүргізілуде. Сенбілікке жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, еріктілермен 8 сенбілік ұйымдастырылды. Жыл басынан 15 мыңға жуық адам атсалысып, шамамен 1800 тоннадай күл-қоқыс шығарылды.
Ал, күзгі абаттандыру жұмыстары бойынша бүгінгі күнге бекітілген бекініске орай, 8 сенбілік және 5 күндік жұмыс күндері аралығында 3 сенбілік өткізіліп, 13000 мыңға жуық адам қатысып, шамамен 2000 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы «Экология және биология – әркелкілікті қорғау» бөлімінің 4 тармағына сәйкес, республиканың елді мекендерінде және қалаларда 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарын орындау тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, аудан аумағында 2021-2025 жылдары 20000 мың данадан көшет ағаштарын отырғызу жоспарланған.
2024 жылға аудандық бюджеттен қаражат қарастырылмауына байланысты, 2024 жылдың жоспарын қоса санағанда 2025 жылға 40 000 тал көшеттерін отырғызу жоспарлануда (көктем, күз айларында Шу қаласына 25 мың дана және Төле би ауылына 15 мың дана тал отырғызу).
Жоспарға сәйкес, Шу қаласына кіреберісінен (Меркі-Шу тас жолының оң жақ, сол жағынан (Батыс) 2 га жер қарасытырлып, қоршау, екі ұңғыма орнату жұмыстары жүргізіліп, көктем айында 2500 дана, күз айында 2500 дана тал көшеттері егілді. Бүгінгі күнге Шу қаласына 5000 дана тал көшеттері отырғызылды.
Төле би ауылына кіреберісінен (Төле би ауылының Шу өзеніне дейін оң жағына және сол жағына) 2га жер қарастырып, қоршау, екі ұңғыма орнату жұмыстары жүргізіліп, көктем айында 2500 дана, күз айында 2500 дана тал көшеттері егілді. Бүгінгі күнге Төле би ауылына 5000 дана тал көшеттері отырғызылды. Жалпы алғанда 2025 жылғы «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарына сәйкес, 10000 дана ағаш көшеттері отырғызылды.
Сонымен қатар қолға алынған «Жасыл желек» шарасы бойынша да тал-дарақтар отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шара аясында 2025 жылдың наурыз, сәуір айларында 11 округке 9,1га жерге 24000 дана тал көшеттерін отырғызу жоспарланып, шара аясында тапсырылған 24000 дана ағаш көшеттерін отырғызу жұмысы биылғы көктем және күз айларында толық орындалды.
Сондай-ақ бізде жоспарда «TazaLike» іс-шарасын іске асыру міндеттелген болатын. Бұл шара аясында 2000 дана көшет отырғызу жоспарланған. Аталған іс-шара бойынша Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылына 2000 (1000 дана қара ағаш, 1000 дана терек ағашы) дана тал көшеті отырғызылып, бұл жоспар толығымен орындалды.
– Ал игі науқанға тұрғындар қандай белсенділік танытуда, жалпы аудан халқы үшін қандай шаралар ұйымдастырылуда?
– Иә, біз жыл сайын екі айлық маусым барысында аудан тұрғындарының да белсенділік танытуын шетте қалдырған емеспіз. Аудан халқы үшін түрлі байқаулар мен акциялар ұйымдастырылып, олардың хабардар болуы және қатысуы қамтамасыз етілді.
Кең көлемде өткізілген шараның бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Шара аясында тұрғындар тазалық жүргізуге, ағаш көшеттерін отырғызуға барынша атсалысты. Сонымен қатар аталған акция шеңберінде ағымдағы жылдың 24 тамызы мен 24 қыркүйегі аралығында облыс көлемінде «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылып, біздің аудан атынан Балуан Шолақ ауылы ұсынылған болатын. Байқау талаптарына толық сәйкес келген Балуан Шолақ ауылы байқау нәтижесінде І орын жеңімпазы атанып, Жамбыл облысы бойынша «Ең таза үлгілі ауыл» номинациясын жеңіп алды.
Сонымен қатар, Шу қаласы бойынша «Үлгілі аула» байқауы жүргізілді. Аудандық Тұрғын үй инспекциясы тарапынан байқауға Шу қаласындағы үш көпқабатты тұрғын үй қатысып, Сәкен Сейфуллин көшесіндегі №4Е көпқабатты тұрғын үй «Үлгілі аула» байқауының жеңімпазы болып анықталды.
Тағы айта кетерлігі, тұрғындармен үнемі байланыста болу үшін телеграм желісінде арнайы бот жұмыс жасайды. Мәселен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 3 қазанына дейін тұрғындардан 23 өтінім келіп түскен. Түскен өтінімдер белгіленбеген орындарда қоқыстардың пайда болуы, қоқыс жәшіктерін тазалау бойынша барлық өтінімдер уақытында қаралып, тазалау жұмыстары жүргізілді.
– Шығарылған күл-қоқыс арнайы полигонға төгілетіні белгілі. Аудан аумағында неше қоқыс полигоны орналасқан және белгіленген аумақтан тыс жерге қоқыс тастаған тұрғындарға қандай шара қолданылуда?
– Ауданда 23 елді мекенде 22 полигон және қоқыс тастайтын орындар орналасқан. Жалпы аумағы 39,4 га құрайды. Полигондардың қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттары бар, жер актілері рәсімделген. Сонымен қатар Шу қаласы мен Төле би ауылында жалпы 1126 (Шу-1002, Толе би-124) дана контейнер бар. Оның ішінде 37 контейнер пластикалық ыдыстар тастауға арналған, 10 контейнер люминесцентті энергия үнемдейтін шамдарды жинауға арналған.
Шу қаласы полигонының аумағы 3,0 га құрайды. Полигон аумағында су, жарық, қатты отынмен қамтамасыз етілген тұрғын үй де арнайы орналасқан.
Шу қаласындағы полигонға күніне 15-18 тонна, жылына шамамен 5475-6570 тонна қоқыс шығарылады. Күніне 700-1200 тонна қоқыс сұрыпталады, оның ішінде 300-500 келі әйнек, 400-700 келі пластик өңделеді. Сол секілді Төле би ауылы полигонының аумағы 5,0 га алып жатыр. Полигон толығымен қоршалған. Төле би ауылындағы полигонға күніне 10-12 тонна, жылына шамамен 3650-4380 тонна қоқыс шығарылады.
Қалған 20 полигонда күніне әр полигонға шамамен 0,5-1 тонна, барлық полигонға күніне 10-20 тонна, жылына 3650-7300 тонна қоқыс шығарылады.
Аудан бойынша 2025 жылғы 1 қаңтардан 20 қазанға дейін 347 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. 140 ескерту әкімшілік тарапынан, 207 ескерту жергілікті полиция тарапынан берілген. Жалпы 25 айыппұл салынған. Айыппұл нәтижесінде 904360 мың теңге қаражат өндірілді.
– Аудандағы жол жөндеу жұмысы мен жол қауіпсіздігі жұмысы жайында айтып өтіңізші.
– 2025 жыл бойынша аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы жөнделетін жол ұзындығы – 90,3 шақырымды құрайды. Жол жөндеу жұмыстарына 2,3 млрд теңге қаражат бөлініп, 133 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 64 көше орташа жол жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Ауылдық округтерде 49 көше күрделі және орташа жөндеуден өтетін болады.
Жолдарды күтіп-ұстау мәселесі бойынша біз аудандық мәндегі 71,72 шқ автомобиль жолын күтіп-ұстауға жауаптымыз. Аудан бойынша 300 жол белгілерін орнату және ескірген жол белгілерін жаңарту жұмыстарын орындауға ұйғарымдар берілді.
Ағымдағы жылы аудан бойынша 540 жол белгілері, 40 дана жасанды жылдамдық тежегіш орнату, 13 дана бағдаршамды қайта жаңарту, 4 дана жаңа бағдаршам орнату, 100 км жол жолақтарын сызу жұмыстары, оның ішінде бұрын орнатылған 900 дана жол белгілерін бояу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі таңда ашық конкурс арқылы мемлекеттік сатып алу порталына беріліп, жеңімпаз «Искер Құрылыс» ЖШС-і анықталды. Бүгінгі күні Шу қаласы Шәкіров көшесі мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысына, республикалық мәндегі «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолымен Төле би ауылы Балуан Шолақ көшесі қиылысына жаңа бағдаршамдар орнатылды. Алдағы уақытта С.Сейфуллин көшесі мен Абдукаримов көшесінің қиылысына және Шу қаласы С.Сейфуллин көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнату жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Көктөбе ауылындағы Жамбыл, Абай ауылындағы Дүтбаев, Сауытбек ауылындағы Шыныбекұлы, Шу қаласындағы Біржан сал, Шу қаласындағы Жанқұлиев көшесіне «Жасанды жылдамдық тежегіш» орнату жұмыстары және 1.16.1 жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.