Ақпараттық портал

Дайындық жұмыстары пысықталды

Қарашаның соңында қыстың қақпасы ашыла бастайды. Күннің күрт сууымен бірге күтпеген жағдайлар орын алатыны анық. Мұндай кезде төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билікке зор жауапкершілік жүктеледі. Ал оның алғышарты ретінде арнайы оқу-жаттығу жиындарын қарастыруға болады.

Жуырда ғана ауданымызда жылдағы жаңылмас дәстүрге сай «Қыс -2025» оқу-жаттығу жиыны өткізілген болатын. Ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында іс-қимыл барысы пысықталып, оқу-жаттығуға қатысты мәселелер ортаға қойылды. Атап айтқанда, аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Мұрат Абдыкалыков баяндама жасады.
Мұнан кейін орталық алаңда қаз-қатар тізілген ауданның төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету және салдарын жоюға арналған күштерінің мүмкіндігі көрсетілді. Найман Кенжеханұлы әрбір мекеменің жанына барып, әлеуеттерін көзбен көрді.
Дәл осы күні азаматтық қорғау жүйесінің әзірлігін білу мақсатында бірнеше жаттығу өткізілгенін атап өткен жөн. Жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері, жергілікті билік органдары мен коммуналдық мекемелер қысқы жағдайдағы төтенше оқиғаларға әрекет ету бойынша практикалық дайындықтарын көрсетті.
Ұйымдастырушылар іс-шараның мақсаты – қысқы кезеңде туындауы мүмкін боран, үсік, көктайғақ, жолдардың жабылуы, инженерлік желілердің үзілуі сияқты төтенше жағдайлардың алдын алу, халық пен құтқару қызметтерінің іс-қимылдарын үйлестіру және жергілікті атқарушы органдардың дайындық деңгейін тексеру дейді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.