Ақпараттық портал

Қараңғыны жарық еткен нұрлы күн

Мемлекеттік, тіпті халықаралық атаулы даталар мен кәсіби мерекелердің өзіндік шығу тарихы бар. Сол секілді, жылда дәстүрлі түрде аталып өтетін “Халықаралық зағиптар күнінің” де өзіндік мәні бар. Осыдан 4 ғасыр бұрын, яғни 1745 жылы 13 қараша күні дүниеге келген Валентин Гаюидің құрметіне белгіленген күннің ерекше жандар үшін ерек екені анық. Біз тілге тиек етіп отырған жан өз заманында Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог. Мүлдем көру қабілетінен айырылған немесе көзі нашар көретін, үнемі тасада қалып қоятын жандарға қоғамның назарын аударып, қолдау шараларын жүзеге асырған уақыт сол кезеңдер еді. Міне, сол уақыттан бері зағип жандарға мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары жүзеге асып келеді.

Аталған күнге орай “АMANAT” партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында ауқымды жиын өтіп, оған аудандағы көру қабілетіне байланысты мүгедектігі бар азаматтар қатысты.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев атаулы күнге байланысты жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды.
– Жарық әлемді жанарымен емес жанымен сезініп жүрген жерлестеріміз тағдырға жазылған сынаққа мойымай сонысымен көптеген жанға үлгі болып келеді. Барлығы бір мүдде жолында бірігіп, қоғамның дамуына өзіндік үлестерін де қосып жүр. Мұндай жандарға құрмет көрсету баршамыздың парызымыз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамның тең мүшелері. Жергілікті атқарушы органдарға сондай санаттағы жандарға қолдау мен қамқорлық көрсету міндеттелген. Біз демеушілермен бірге жыл сайынғы мерекелерде сіздерге шаттық сыйлауға асығамыз. Араларыңызда елге еңбек сіңірген, әр салада табысқа жеткен жерлестеріміз отыр. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен қажымас қайрат тілейміз,-деді Н.Кенжеханұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, Халықаралық зағиптар күні аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар шулықтарға аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ, жанашырлықты жүрекпен сезетін жерлестерімізге “АMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков ізгі ниетін білдіріп, мерекеге орай партия марапатын иелеріне табыс етті.
Игі шараға ұйытқы болған аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның айтуынша, қазіргі таңда ауданымызда 123 мүлдем көрмейтін және көзі әлсіз көретін тұрғындар бар. Олардың әрбіріне аталмыш бөлім мен қайырымды азаматтар қолдау көрсетіп жүргеніне талай мәрте куә болғанбыз.
Мәдени шара мәресінде Шу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Қосақов сөз алып, қошеметке бөлеп отырған аудан басшылығына ризашылығын жеткізді. Әрі тағдырластарына тілегін арнады. Рахымбек Малшыбеков те ақ батасын жаудырды.
Осы жиында аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Жалғас Нұрғожа ата-әжелеріне арнап Ілия Жақановтың “Жайлаукөл кештері” әні мен Нартайдың термесін орындап берді. Тыңдарманның қошеметіне ие болған тағы бір әнші Мейіржан Базаралы қоңыр домбырамен әуезді әнді тарту етті.
Тағы бір айта кетерлігі, мәжіліс залына жиналғандарға Шолпан Балқожаева, Ербол Садығұлов, Медет Абашов сынды демеушілер мерекелік тарту жасады. Оның ішінде естелік сыйлықтар мен азық-түлік себеттері бар.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.