Ақпараттық портал

Бейнеттің зейнетін көрген қос қария

Қазақстанның қуаты отбасы құндылығын жоғары қойған отандастарымызда екені белгілі. Әсіресе, адал еңбекпен отбасын асырап, ұлағатты ұл-қыз өсіріп, оларға тәлім берген тағылым иелерінде. Сүйегі асыл, көргені көп, көрген күніне шүкір дейтін аға буын өкілдерінің бірі, Шу қаласының қарт тұрғыны Әбілқасым
Даулебаев.

Әбілқасым Ишанғазыұлы 1945 жылы 12 қарашада Өзбекстан Республикасы, Науаи облысында дүниеге келген екен. 1951 жылы Газли қаласындағы орта мектепке барған қария 1965 жылы білім ошағын тәмамдаған. Сол жылы еңбек жолын дәнекерлеуші ретінде бастаған ақсақал 1990 жылы атамекенге оралады. Қазақстанға көшіп келгеннен кейін Шу қаласына қоныс аударған. Еңбекпен есейген ол бірден теміржолшылар шаһарындағы депоға орналасқан. Ел аузында “ПЧМ, ПЧ” деп аталып кеткен мекемелерде, вагон депосында дәнекерлеуші болып тер төккен.
Мектепті бітіргеннен соң еңбекке етене араласып, 1968 жылы Хадиша Ибрагимқызына үйленген. Хадиша әжей де 1950 жылы 29 қазанда Өзбекстан Республикасы, Науаи облысында дүние есігін ашқан. 1958 жылы Науаи облысындағы Абай атындағы №3 орта мектепке барып, 1968 жылы аяқтаған. Еңбек жолын Газли қаласында мектепте және фабрикада тігіншіліктен бастаған екен.
Отағасымен бірге Отанға оралып, Шу қаласы мен Алға кеңшарында егін шаруашылығын жалғастырған. 2003 жылы зейнетке шығып, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген бақытты жан.
Әбілқасым ата екеуі бес баланы бағып-қағып, мұратына жеткен, бүгінгі таңда 18 немере, 3 шөбересі бар бақыт ата мен әже. Әрбірінің тілеуін тілеп отырған қос қария әлі де болса еңбектен қашқан емес. Мәселен, 80 жастың сеңгіріне шығып отырған ақсақал ара-тұра қолына дәнекер құрылғысын алып, ұсақ-түйек жұмыстарды істеп жүр. Хадиша әжей де үй шаруасымен айналысып келеді.
Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бейнетпен белі қатайған қариялар тынбастан еңбек етіп, елге қызмет сіңірді. Өсірген балалары да бүгінде ауданның әр саласында жұмыс істеп, әке үлгісін таратып жүргенін айта кеткен жөн.
Жуырда ғана Әбілқасым ата 80 жасқа толса, Хадиша әжей 75 жастың желкенін керіп отыр. Қос қарияның мерейтойымен құттықтай барған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев ізгі лебізін жеткізіп, кеуделеріне “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін тақты. Сондай-ақ ата дәстүрге сай оқалы шапан жауып, оюлы қамзол кигізді.
Еңбегін ескерген аудан басшылығына ақ батасын берген ақсақал елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледі. Сонымен бірге еңбек етудің артықшылығы мен абыройын тілге тиек етті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.