Ақпараттық портал

Жырмен өрілген ғұмыр

Рухани байлықты бәрінен жоғары қоятын қазақ халқы үшін кітап – ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, ұлттың жадын жаңғыртатын мол қазына болып табылады. Оның беттерінде дәуірдің үні, халықтың тағдыры, адам жүрегінің қуанышы мен мұңы сақталады. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген сөзі осы құндылықтың қадірін терең аңғартатындай. Кітапқа құрмет артқан жерде сөздің салмағы сезіліп, ойдың өрісі кеңейеді, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық беки түседі.

Бүгінде еліміздің өңірлерін қамтыған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны жұртшылықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, кітап оқу мәдениетін дамытуға жол ашып отыр. Осындай игі бастамалармен үндескен әдеби кездесулер мен жаңа жинақтардың таныстырылымдары оқырманның кітапқа ықыласын арттыра түсуде. Кітапхана сөресіне қосылған әрбір жаңа туынды – әдебиетіміздің толығуы, ал ақын мен оқырманның жүздесуі – сол мұраның жүректерге жетуіне жасалған қадам деп білеміз. Сондай жарқын жүздесулердің бірі аудандық кітапханада өткен ҚР мәдениет қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Базарбай Асқартегінің «Өлеңім – өмірім» атты жыр жинағының тұсаукесері. Әдеби кешке аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Рахымқұлов, ақынның туыстары, кітапхана қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер, оқырмандар мен жастар қатысты.
Ақынның жаңа жинағы 2026 жылы Алматы қаласындағы «Darmen Media» баспасынан жарық көрді. Көлемі 352 бетті құрайтын кітапқа Базарбай ақынның әр жылдары жазылған шығармалары, айтыстары мен толғаулары, патриоттық және лирикалық өлеңдері, тарихи тұлғаларға, елге еңбегі сіңген азаматтарға, туған жері мен замандастарына арналған арнаулары енгізілген. Жинақтың «Өлеңім – өмірім» аталуының өзінде үлкен мән бар. Ақынның көргені мен көңілге түйгені, елге деген ықыласы, адамға деген құрметі жыр болып өріліп, оқырманға жол тартып отыр.
Базарбай Мамытұлының шығармашылық жолы туған өлкенің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Шу өңірінде дүниеге келіп, балалық шағын Бөлтірік ауылында өткізген ақынның жырларына туған жер, ел тағдыры, адамгершілік пен ұлттық құндылықтар арқау болған. 1985 жылы облыстық ақындар айтысында Әзімбек Жанқұлиевпен сөз сайысына түсіп танылған өнер иесі кейін аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық додаларда жүлделі орындарға ие болды. 1991 жылы Бөлтірік шешен атындағы жүлдені жеңіп алып, 1993 жылы Өзбекстанның Шыршық ауданында өткен халықаралық айтыста жеңімпаз атанғаны өз алдына бір тарих. Ал 1994 жылы жарық көрген «Өмір айшықтары» атты алғашқы жинағы оның жазба поэзиядағы ізденістерін оқырманға танытқан еді. Содан бергі шығармашылық еңбектің жаңа бір белесі болған «Өлеңім – өмірім» жинағы ақынның азаматтық болмысы мен өмірлік ұстанымын танытатын туындыларды тоғыстырған. Айтыстағы ұтқыр ой мен жазба жырдағы толғаныс бір арнаға құйылып, елдік мәселелер мен адамдық қасиеттерді оқырман назарына ұсынады.
Кеш барысында кітапхана қызметкерлері Айнұр Райымқұлова мен Айгерім Бұлашбекова ақынның «Қазақтың намысын қорғадым» атты шығармасын оқыды. Жырдың оқырман үнімен қайта жаңғыруы кездесудің мазмұнын аша түсті. Өйткені ақын еңбегінің ғұмыры оның кітабы жарық көрген сәттен әрі жалғасып, өлеңі өзгенің жүрегінен орын тапқанда ұзарады.
Тағылымды басқосуда Найман Кенжеханұлы, Ержан Көрікбайұлы, Тұрар Мұханбетханұлы, Арнұр Ермекбайұлы, Бағдагүл Дәулетқанқызы, Кенжебай Райқұловтар құттықтау сөз сөйлеп, авторға ізгі тілектерін арнады. Кеш қонақтары ақын Базарбай Асқартегінің азаматтық болмысын, туған жерге деген сүйіспеншілігін, төл мәдениетімізді дәріптеп жүрген қасиетін кеңінен толғап, мұндай кездесулер қаламгер еңбегіне көрсетілген құрметпен бірге, жас ұрпаққа сөз өнерінің қадірін сезіндіруімен құнды екенін атап өтті. Мұнан кейін жаңа кітаптың лентасы қиылып, ақынның жылдар бойы жинақталған шығармашылық мұрасы оқырманға салтанатты түрде жол тартты. Әдеби кештің әуезін сөзі Базарбай Асқаровқа, әні Ермахан Азаматовқа тиесілі «Жыр әнім – Шу» әні толықтырды. Ермахан Азаматовтың орындауындағы туынды туған өлке тақырыбын жырмен сабақтастырып, басқосудың әсерін тереңдете түсті.
Кітаптың тұсауын кесу – оның оқырманмен басталар ұзақ сапарының алғашқы қадамы. Ендігі құндылығы – парақтарының ашылып, өлеңдерінің оқылуында, бір шумағының көңілге тоқылып, бір ойының жас ұрпаққа бағдар болуында. «Кітап оқитын ұлт» бастамасының мәні де осындай күнделікті рухани әрекеттер арқылы ашылады. «Өлеңім – өмірім» жинағының жарық көруі – Шу өңірінің әдеби өміріндегі қуанышты оқиға. Кітапхана сөресін толықтырған бұл еңбек оқырманның жан дүниесін де байытып, туған жердің қадірін, азаматтықтың салмағын, жырдың жылуын сезіндіре берсін. Ақынның ғұмырынан өрілген өлең енді оқырманның рухани өмірінде жалғасын таппақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.