Ақпараттық портал

Сала мамандары марапатталды

Статистика – ел дамуының айнасы, экономикалық және әлеуметтік үдерістердің нақты көрсеткіші. Әрбір санның артында үлкен еңбек, жүйелі ізденіс пен жауапкершілік жатыр.
Жыл сайын 8 қарашада елімізде Статистика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Биыл ұлттық статистика жүйесінің қалыптасқанына 106 жыл толып отыр. Тарихы тереңнен бастау алатын бұл саланың бүгінгі қоғамдағы маңызы айрықша. Өйткені халық саны, жұмыспен қамту, өндіріс көлемі, баға тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер – барлығы да нақты статистикалық мәліметтер негізінде айқындалады.

Осы атаулы күнге орай өткен аптаның соңында Шу ауданы әкімдігінің ғимаратында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шарада аудан әкімінің орынбасары Серікхан Қуатұлы статистика саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жауапты қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар маманды еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін марапаттады.
Айта кетейік, Қазақстандағы мемлекеттік статистиканың тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні Қазақ АКСР-інде мемлекеттік статистика басқармасы құрылып, елдегі статистикалық қызметтің негізі қаланды. Содан бері бұл сала заман талабына сай дамып, қағаз жүзіндегі есеп жүргізуден заманауи цифрлық технологиялар мен деректерді талдау жүйесіне көшті. Бүгінде статистика мамандарының еңбегі мемлекеттік басқару мен жоспарлауда, өңірлердің даму қарқынын бағалауда және маңызды шешімдер қабылдауда ерекше рөл атқарады. Сондықтан нақты дерек пен сапалы ақпарат қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Кәсіби мереке иелеріне толайым табыс, қажырлы еңбек пен жаңа жетістіктер тілейміз!
Фариза Нұрхан,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.