Ақпараттық портал

Берекелі бастама, байсалды қадам

Жер ананың мейіріне қанып, маңдай термен несібесін айырған ауыл еңбеккерлері үшін әрбір жаңа бастама – үлкен үміт пен жаңа мүмкіндік. Бүгінде ауылдың әлеуетін арттырып, кәсіптің өрісін кеңейтуге серпін берген «Ауыл аманаты» бағдарламасы шалғайдағы ағайынның еңбекке деген құлшынысын оятып, ырзық-несібесін арттырған берекелі жобаға айналды.
Ауданымызда бұл мемлекеттік бағдарлама қағаз бетіндегі жоспар болып қалмай, әрбір ауылдық округте шынайы нәтижесін көрсете бастады. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын еселеу, тұрақты жұмыс орындарын ашу және шағын кәсіпкерліктің тамырына қан жүгірту. Өз кәсібін дөңгелеткісі келген өрелі азаматтар мен қолданыстағы шаруашылығын кеңейтуді көздеген іскер жандар үшін бұл қолдау тетігі нағыз демеу болып отыр.
Аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған деректерге сүйенсек, кәсіпкерлікті дамыту бағытында қомақты жұмыстар атқарылған. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 205,070 миллион теңгені құрайтын 28 жобаның құжаттар топтамасы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданған. Атап айтқанда, 19 жоба толықтай несиелендіріліп, өз жұмысын бастаған болса, 6 жоба тиісті сараптамадан өтіп, оң шешімін алды, енді қаржы бөліну кезеңінде тұр және 3 жоба сарапшылардың қарауында, бұған қоса тағы 3 жобаның құжаттары жинақталып, тапсыруға әзірленуде.
Бағдарламаның тағы бір маңызды құрамдас бөлігі шикізат өндірумен шектелмей, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа шығару. Бұл бағытта ауданда 8 жобаны қаржыландыру көзделген. Тізбектер болсақ, 4 жоба толық қаржыландырылып, өндіріс арнасына түскен, 2 жоба мақұлданып, қаржыландыру кезегін күтуде, 1 жоба «Тараз» ӘКК қарауына жолданса, 1 жобаның құжаттары әзірлену үстінде. Жалпы бұл жоспарды жыл қорытындысына дейін толық әрі сапалы орындау межеленіп отыр. Сонымен қатар, жердің берекесін арттырып, жыл бойы өнім алуға мүмкіндік беретін жылыжай шаруашылығын дамыту да назардан тыс қалмады. Бағдарлама аясында аудан бойынша 10 жаңа жылыжай кешенін ашу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығының пәрменін арттыру үшін техниканы жаңарту да кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда 5 жаңа техниканы несиеге сатып алу жоспарланып, қазіргі таңда шаруашылықтар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, ауылдағы жеке-дара шаруаларды бір арнаға тоғыстырып, бәсекеге қабілетті етіп қалыптастырудың басты тетігі – кооперация. Бұл жолда да «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыруға басымдық беруде. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 4 ауылдық округте кооперативтер құру жоспары бекітілген екен. Бұл қатарға Көкқайнар ауылдық округі, Ескі Шу ауылдық округі, Дулат ауылдық округі, Алға ауылдық округі еніп отыр.
Ауылдың шын мәніндегі әлеуеті оның тасы мен топырағында және ең алдымен, маңдай терін төгіп, жерге ықылас білдірген еңбекқор тұрғындарында. «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі түпқазығы да осы ауылдағы ағайынға өз кәсібін ашуға жағдай жасап, маңдай термен тапқан табыстың берекесін дарыту. Осылайша, ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар еңбек адамының еңсесін тіктеп, ауыл тынысына жаңа дем беріп отыр. Ең бастысы, бастама бар, бетбұрыс бар. Алдағы уақытта бұл жобалар толық қуатына енгенде, ауданымыздың экономикалық әлеуеті артып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жаңа белеске көтерілетіні сөзсіз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.