Ақпараттық портал

«Заң мен тәртіп» керуені ауданға келді

Кешегі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген рухты сөзі бүгінгі буынның ұранына айналуға сұранып тұрғандай. Адамзаттың тал бойында тал бесіктен қалыптасатын ізгі қасиеттері мінезін қалыптастырып, тәртіпке бағынудың үлгісіне айналады. Соқтықпалы, соқпақсыз сан сындардан өткен еліміз үшін сүріндірмес қара нарға артқан жүктей болып отырған «Заң мен тәртіп» қағидасы – баршаға ортақ жауапкершілік.

Кешегі Міржақып Дулатұлы айтқандай, қалғып, мүлгіп жүріп тәртіптің тізгінін босатып алғанымыз жалпақ жұртқа мәлім. Етек-жеңді жинайтын сындарлы шақ келгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясаты сара жолға бастайтыны ақиқат. «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, содан соң – тәртіп керек» деп Мұхтар Омарханұлы айтқандай, осы керектердің жолында еңбектенетін кез келді. Оған жер-жерде жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» үстемдік ететін қоғам құруға бастайтын түрлі бастамалар сеп болмақ.
Соның бірі – «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында ауданымызға «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені келді. Бұл полиция, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, заңгерлер мен психологтардан құралған мобильдік алаң. Олар аудандағы тұрғындардың өтінішін тікелей тыңдап, барынша көмек көрсететін болады.
Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шарада мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар және ауыл тұрғындары түрлі бағыттар бойынша мамандардан құқықтық кеңес алды. Олардың ішінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Прокуратура, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, Кәмелетке толмағандар ісі, Психолог, Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, Киберпол, Экстремизмге қарсы іс-қимыл, Әкімшілік полиция, Көші-қон, Төтенше жағдай, Денсаулық сақтау мен Отбасын қолдау орталығының өкілдері болды.
Жиында сөз алған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қоғамдағы тәртіпті, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір парасын атап өтті. Қазіргі мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуенінің көздеген мақсаты ойдағыдай жүзеге асып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың жойылуына сеп болсын деген тілегін жеткізді.
-Полиция – мемлекеттің тірегі және әділдіктің айнасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Әділетті Қазақстан құру жолында «Заң мен тәртіп» қағидасын жүзеге асыруды тапсырды. ҚР Ішкі істер министрлігі «2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Басты міндет – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау. Бұл бағытта жастармен жұмыс, құқықтық мәдениетті арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет алаяқтыққа қарсы қаржылық сауаттылықты арттыру, қоғамдық орында тәртіпті нығайту, ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл қою, нөлдік төзімділік қағидатын іске асыруда заңды нақты шаралар жүзеге асуда,-деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Мусакулов.
Полиция департаменті басшы-лығы мұндай формат халықпен байланыс орнатуға, қылмыстың алдын алуға және өңірдегі өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жоба нәтижесінде тұрғындардың қандай түйткілдерге жиі тап болатыны айқындалып, әсіресе алаяқтықтан сан соғып қалатын азаматтардың мәселелеріне бей-жай қарамай, алдағы жұмыс бағыты белгіленетінін айтып өтті. Алдағы күндері жоба бірнеше елді мекенді қамтып, әр ауданның әлеуметтік, құқықтық ахуалы мен тұрғындар сұранысын тереңірек саралауға барын салмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.