Ақпараттық портал

«Қауіпсіздік пен сапа – басты міндетіміз»

Газетіміздің алдыңғы сандарында бірнеше бөлім басшыларымен сұхбат жүргізіп, жыл бойы атқарылып жатқан нәтижелі, жемісті жұмыстар жөнінде сіздерді таныстырып келеміз. Сол секілді бүгінгі сұхбатымыздың реті аудан әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімін басқаратын Жандос Ерболұлы Аймамбетке келген екен.

– Жандос Ерболұлы, алдымен инспекция қызметінің жалпы рөлі мен оның қазіргі таңда маңызы неде екенін айтып өтсеңіз…
— Тұрғын үй инспекциясының жұмысы – өңірдің күнделікті тіршілігінің тыныштығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін өте маңызды сала. Біз әсіресе көппәтерлі үйлердің техникалық жағдайын, қауіпсіздігін қадағалаймыз. Ауданда тұратын әр азамат өзінің үйіне келгенде қауіпсіздікті, жылуды, жарықты, тазалықты сезінуі керек. Осы сенімді біз қамтамасыз етеміз.
Қазір ауданда тұрғын үй қоры айтарлықтай өсіп жатыр. Жаңа үйлердің саны көбейіп, ескі үйлердің тозуы да жалғасуда. Сондықтан техникалық бақылау, жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру, жоспарлы мониторинг жүргізу – үлкен мәнге ие. Біз әрбір көпқабатты үйдің жағдайын дер кезінде бақылап, қауіп туындағанға дейін алдын алу жұмыстарын жүргізуге тырысамыз.
– Аудандағы тұрғын үй қорының қазіргі жағдайы туралы толық ақпарат берсеңіз…
— Ауданда қазір барлығы 156 тұрғын үй бар. Оның ішінде 3 үй – толық жеке меншік нысанында. Осы 156 үйдің 56-сы соңғы жылдары жөндеуден өтті.
Бүгінде 118 көппәтерлі тұрғын үй (92%) кондоминиум нысаны ретінде тіркелген, бұл басқару жүйесінің қалыптасқанын көрсетеді.
Кондоминиумға тіркелген үйлердің ішінде Төле би ауылындағы 23 үй де бар. Жекелей айтқанда, 2 қабатты – 2 үй, 3 қабатты – 2 үй, 4 қабатты – 1 үй кіреді.
Сонымен бірге 74 көппәтерлі тұрғын үйге әлі де жөндеу жұмыстары қажет. Бұл – алдағы жылдардың басты міндеттерінің бірі.
– 2026 жылға арналған жобалау-сметалық құжаттама туралы айтып өтсеңіз…
— 2026 жылға біз бірқатар үйлерді жөндеу жұмыстарына дайындадық. 11 көппәтерлі үйге жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, сараптамаға жолданды. Олар Қонаев №17, Қ.Үсембаев №4, Кашперский №3, Бекбосынов №20, Қалғаев №20, Островский №1 және №3, Сейтимбетов №1, Түйебеков №20, Төле би ауылындағы Маметова №21, Гагарина №130 үйлер.
Жалпы 2026 жылы Шу қаласы бойынша Қонаев көшесі – №1, 3, 4, 5, 8, 9, 14, 17 үйлер, Сәтпаев 159, Түйебеков 16 үйлер жөндеуге ұсынылды.
– Табиғи газбен қамту мәселесі қалай жүруде?
— Қаладағы 133 көппәтерлі үйдің 130 үйі, ал Төле би ауылында 23 тұрғын үйдің 11 газға қосылған, қалған үйлерге газ тарту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу қажет. Оның жалпы құны шамамен 15 миллион теңге деп есептеліп отыр. Көппәтерлі үйлердегі пәтерлердің ішінде 481 абонент газға қосылған. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүргізілуде. Осыған байланысты біз Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, тұрмыстық газ баллондарын пайдалануды қысқарту, ескі баллондарды жою, баллон құю бекеттерін тексеру, қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға ескерту мен айыппұл салу жұмыстарын күшейттік.
– Сөз басында тұрғындар қауіпсіздігі туралы атап қалдыңыз, айтыңызшы, қауіптің алдын алу бойынша және өзге де өзекті мәселе төңірегінде тұрғындармен қандай шаралар жүргізіліп жатыр?
– Тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру және тұрмыста газбен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу, сонымен қатар газ баллондарын заңсыз және дұрыс пайдаланбау адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін жіті түсіндіру, табиғи газ орнатудың тиімдігілі мен оның артықшылықтарын түсіндіру және өзге де сұрақтар төңірегінде жауап беру мақсатында біз жоспарлы кестеге сәйкес ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына арнайы барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мұндай кездесулерге бізбен бірге төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, салық басқармасының мамандары, «Газ Аймақ» мекемесінің мамандары, учаскелік полиция инспекторлары, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары арнайы қатысып, тіпті әр үйге жеке кіріп, қауіптің алдын алу бойынша түсіндірме шарасын өткізудеміз.
Одан бөлек, ауданда «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы іске асырылуда. Осыған байланысты көппәтерлі үйлердің ауласында тұрғындарға бағдарлама мақсаты тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту, яғни пәтерлердің қасбетін жөндеу екендігі, иесіз тұрған гараждар мен сарайларды сүру тәртібі түсіндіріліп келеді. Осыған байланысты, иесіз әрі қоршаусыз тұрған ғимараттардың меншік иелерін анықтау бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөліміне нұсқама жолданды. Бүгінгі күнге Қонаев көшесіндегі 5 және 9, Шу қаласы Дінмұхамед Қонаев көшесіндегі №1-3 көпқабатты көппәтерлі үйлердің аумағында орналасқан иесіз, өртенген, қираған гараждар мен сарайларды сүру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар бағдарлама аясында жалпы 12 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөлім тарапынан жөндеу жұмыстары бойынша келісімшартқа отырған көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарына қайтарым қаражатты төлеу жөнінде түсіндірме жүргізілді. Тұрғындарға несие шартында көрсетілген төлемдерді уақытылы жүргізудің маңыздылығы және төлемдердің kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болатындығы туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, тұрғындармен жалпы жиналыстар өткізіліп, төлем тәртібі мен шарттары егжей-тегжейлі түсіндіріліп келеді.
Заңсыз пәтер берушілер мәселесі де қаралып келеді. Кездесулер барысында тұрғындарға жалдамалы пәтерді тіркеусіз немесе салық төлемей беру заң бұзушылық болып саналатыны түсіндіріліп, Қазақстан Республикасының салық және тұрғын үй заңнамаларының талаптары түсіндірілуде.
Тұрғындардың ауызбірлігі мен ұйымшылдығын арттыра отырып, өз аулаларын, тұрғын үйлердің іші мен сыртын таза әрі күтіп ұстауға шақыру мақсатында «Таза Қазақстан» жобасы аясында тамыз бен кыркүйек айлары аралығында Шу қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлер арасында «Ең үздік аула-2025» байқауын ұйымдастырдық. Байқауға төрт үй қатысып, жеңімпаз ретінде С.Сейфуллин көшесіндегі 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үй ең үздік деп танылды. Байқау мақсатына жетіп, байқау барысында тұрғындармен тығыз байланыс артып, олардың игі шараға белсенді қатысуын қамтамысыз еттік, тазалыққа шақырдық. Осы секілді тұрғындармен тығыз байланыс орнату мақсатында кездесулер мен шаралар жоспарға сай атқарылып келеді.
– Тұрғындарға берер кеңесіңіз…
— Ең бастысы – өз үйлеріне жауапкершілікпен қарау. Көппәтерлі үй – ортақ мүлік. Ауызбіршілік жоқ жерде мәселе көп. Кез келген ақауды уақытылы хабарлап отырса, біз де тез әрекет ете аламыз. Сонымен қатар, ең бастысы газ балонның тұрғын үйге қаншалықты қауіпті екендіктерін тұрғындар түсінсе екен дейміз. Себебі тұрғын үй өрттерінің шығу себебі, улану қаупі алдымен осы газ баллондардан пайда болатындығы жасырын емес. Сондықтан көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарын газ баллондарды мүлдем пайдаланбауға шақырамын. Қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.