Тұлғалардың жолданымдары сапалы қаралуы қажет
Еліміздің ата Заңы мен адамның құқықтары және бостандықтары ең жоғарғы құндылық деп бекітілген.
Осы қағиданы әрі қарай дамыта отырып, қолданыстағы заңнамамен жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын белгіленген тәртіпте қарастыру тек мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, сонымен қатар, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалардың және олардың лауазымды адамдарының да міндеті ретінде белгіленген.
Конституциядан бастау алатын елімізде барлық қабылданатын нормативтік-құқықтық актілер халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мен азаматтардың құқығын қорғауға бағытталуда. Осыған дәлел ретінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі (бұдан әрі-ҚР ӘРПК) деп айтуға болады.
ҚР ӘРПК мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен байланысты қатынастарды реттейді.
Реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
Жалпы алғанда Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік органдарға 2025 жылдың 10 айында барлығы – 132 707 жолданым келіп түскен.
Жолданымдардың басым көпшілігі жергілікті атқарушы органдарға 69 684 – немесе (52,5 пайыз), полиция органдарына – 20 097 (15,1 пайыз), мемлекеттік кірістер органдарына – 9 030 (6,8 пайыз), әділет органдарына – 7 883 (5,9 пайыз), прокуратура органдарына – 4 885 (3,7 пайыз), басқа да органдарға – 21 128 немесе 15,9 пайыз түскен.
Ал, жолданымдардың жалпы санынан бөліп қарағанда 95 872 (72,2 пайыз) жолданымдар қаралған, қаралған жолданымдардың, 74 430 немесе 56,1 пайыз әкімшілік рәсім тәртібімен қаралса, 21 442 (16,2 пайыз) оңайлатылған әкімшілік тәртібімен қаралған, 34 256 (25,8 пайыз) құзыреттілігі бойынша, сондай-ақ жоғарғы және төменгі тұрған органдарға жіберілген.
Аталған кезеңде Жамбыл облысының мемлекеттік органдарына кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдар, фирмалар, өзге де мемлекеттік емес ұйымдар, зейнеткерлер, сотталғандар, адвокаттар, ұжымдар, мүгедектер және жұмыссыздар жолданымдармен жиі жүгінген.
Тұлғалар көбінесе жер және жерді пайдалану мәселесі бойынша –еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселесі бойынша жүгінген.
Сондай-ақ ҚР ӘРПК-тің 69-бабының 3-бөлігіне сәйкес мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келiп түсетін өтiнiштерді тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесiн жүргiзу тәртiбi құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының 22.12.2003 жылғы «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заңының 6-бабына сәйкес мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында уәкiлеттi органы болып Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті және оның аумақтық органдары болып табылады.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен қадағалау актілері бойынша жолданымдардың қарау тәртібін бұзғандары үшін мемлекеттік органдардың 216 қызметкері тәртіптік 11 әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Заң талаптарын бұзу фактілері орын алған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастыру бағытында, оның ішінде оларды қабылдау және тіркеу барысында бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қолданылатын болады.
Еңлік Кенбаева,
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі Комитетінің Жамбыл облысы
бойынша департаментінің
жолданымдарды талдау және бақылау бөлімінің аға прокуроры.