Жерлесіміздің жеке көрмесі Алматы төрінде өтті
«Көркемсурет – бұл тілсіз поэзия, ал поэзия – бұл соқыр көркемсурет» деген екен бір сөзінде атақты испандық суретші Леонардо да Винчи. Расында, өмір көріністерінің кейбір сәттерін қылқалам құдіретімен жеткізе білетін суретші еңбегі нағыз таланттың белгісі. Қазақ бейнелеу өнері тарихы тасқа қашалып, уақыт бедерімен бізге жеткен асыл мұралардың бірі. Десек те, қазақ суретшілік өнері дегенде ойға оралар жалғыз есім ол – Әбілхан Қастеев. Бірақ, бүгінгі күні талантымен танылып, көрерменнің көзайымына айналып, қазақ бейнелеу өнерінің беделін асырып жүрген суретшілер де баршылық. Солардың бірегейі – суретші, мүсінші және карикатурашы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жерлесіміз – Қали Қораласбаев.
Биыл Қали ағамыз асқаралы 60 жасқа аяқ басып, дәл осы мерейжасында өз-өзіне есеп беріп, шығармашылық жолдағы өлшеусіз еңбегіне деген елдің бағасын алу мақсатында бірнеше көрме өткізді. Оның алғашқысы қазан айында облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылып, жерлесіміз көрермендерге өз қолынан туған туындыларды таныстырған болатын. Ал, өткен аптада Қали Ерғазыұлының «Киелі мекен» атты жеке шығармашылық көрмесі Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық орталық музейінде өтіп, оған Шу ауданынан арнайы делегация барды. Ауданымыздың 95 жылдық мерейтойына арналған көрменің шымылдығы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен ашылса, бұл шараны ауданымыздағы Әбілахат Еспаев атындағы саз мектебінің ансамблі сүйемелдеп отырды.
Шараның ашылу салтанатына арнайы келген Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Бейсенбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жерлесіміздің шығармашылығына өз ризашылығын білдірді. Одан кейін Шу ауданының Құрметті азаматы Г.Кәрібайқызы, Қали ағамыздың бейнелеу өнеріндегі алғашқы ұстазы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, С.Альжанов, Қазақстан және Грузия Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының вице-президенті М.Кеңесұлы да өздерінің ақжарма тілектерін ақтарып, жерлесіміздің кәсіби шеберлігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Руханият Шу» қоғамдық қорының төрағасы Сәкен Атаев сөз тізгінін алып, Қали Ерғазыұлына ауданымыздың мәдениет саласына қосқан үлесі үшін, жас жеткіншектерге ұстаздық етіп, өзінің білім-білігін үйреткені үшін аудан кәсіпкерлері атынан 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Келесі кезекте аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те жерлесіміздің өнеріне деген бағасын беріп, оның жеке көрмесінің жоғары деңгейде өтуі тұтас аудан жұртшылығы үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.
– Қали ағамыздың бүгінгі күнге дейін жасаған өлшеусіз еңбегін, оның ерекше шығармашылығын біз жоғары бағалаймыз. Бұған дейін де Тараз қаласында өткен көрмесіне қатысып, жерлесімізге мейлінше қолдау білдірдік. Енді міне, Алматы қаласындағы шығармашылық қауымның қақ ортасында жеке көрмесін өткізіп отыр. Бұл біз үшін де, аудан халқы үшін де үлкен мәртебе. Өйткені, бірнеше өнерді бір бойына жиған, ауылда жүріп-ақ ерекше дарынымен елді тәнті еткен Қали ағамыздың шеберлігі кейінгі буынға үлгі деп білеміз. Бүгінгі шараға келген қонақтардың қарасын көріп, ол кісіге деген шығармашылық қауымның ерекше құрметін байқауға болады, – дейді аудан басшысы.
Шара барысында жерлесіміздің туған жеріне деген шексіз махаббатын, қазақтың жаны мен болмысын, тарихы мен табиғатын тереңнен суреттейтін ерекше шығармашылығы топтастырылған арнайы кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жинақта Қали Қораласбаевтың танымал туындылары және еш жерде жарияланбаған жұмыстары жаңа форматта беріліп отыр. Бұл туынды аудан әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққанын да айта кеткен жөн. Аталмыш кітаптың тұсауын ҚР Ұлттық орталық музейінің ғалым-хатшысы Ерсін Жайнақов, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серікбай Альжанов және ҚР Суретшілер Одағы секретариаты мен басқармасының мүшесі Марлен Нысанбаев кесіп, көпшілік назарына ұсынды. Бұдан әрі жиналған көпшілік жерлесіміздің «Киелі мекен» атты көрмесін тамашалап, Қали ағамыздың қолтаңбасын алды. Айта кету керек, Тәуелсіздік күні мен ауданымыздың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған көрме желтоқсан айының ортасына дейін жалғасатын болады.
Ерғали Қартайған.