Тәрбие ісінде жұмыла жұмыс жүргізген жөн
Төле би ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» бойынша профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша семинар өтті. Оған арнайы шақырылған әр салалы округ әкімдерімен қатар өз пікірлерін ортаға салуға ниетті еріктілер де қатысты.
Семинар басында Төле би ауылдық округі әкімі Арнұр Рахимкулов қатысушыларға іс-шара жоспарын таныстырып өтті. Ұсынылған жоспарды Төле би ауылындағы бес орта мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы, осы жолдардың авторы, Төле би ауылдық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы М.Құрманбеков, Төле би ауылдық округі учаскелік полиция өкілі М.Далибаев және жетекші мамандар, бөлім басшылары мұқият қарап шықты. Жиынды А.Рахимкулов бастан-аяқ жүргізіп отырды.
– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Заң мен тәртіп-әділ қоғам» атты Жолдауында жастар тәрбиесі туралы да, оларды қылмыс жасаудың оның ішінде аса ауыр қылмысқа барудан алдын ала сақтандыруға, бүкіл халық болып шаралар қолдануға ел азаматтарына үндеу тастады. Республикадағы барлық өңірлерде құзырлы мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен әр деңгейде жиындар өткізіліп, Президент үндеуін талқылап, пікірлер айтылып, ұсыныстар енгізіліп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан да заң мен тәртіп қағидатын ілгерілету мақсатында мақалалар тоқтаусыз жариялануда. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуда, өйткені балалар – біздің болашағымыз. Озық отыз елдің қатарына қосылуға үлес қосатын да сол өскелең ұрпақ, отанымыздың тірегі.
Қоғамда қазіргі болып жатқан келеңсіз жағдайлардың бірі мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларының арасындағы әлімжеттік пен ақша бопсалау әлі де тиылмай келеді. Мұны өздеріңіз де білесіздер, Көкқайнар ауылында орын алған аса қайғылы оқиға да тұла бойымызды тітіркендірді. Біздің Төле би ауылдық округінде бес мектепте төрт мыңнан астам оқушылар бар. Осы арада Төле би ауылдық округі әкімі аппараты дайындаған «Қылмыстың алдын алу» атты іс-шара жоспарын сіздерге ұсындық. Танысып, пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды айтыңыздар,-деді Арнұр Ермекбайұлы.
Жоспарлы іс-шара он пунктен тұрады, оның ішінде:
1. Төле би ауылындағы бес мектеп директорлары мен әкімдік қызметкерлері бірігіп құрған арнайы тұрақты комиссия болуы;
2. Учаскелік полиция, әкімдік қызметкерлері мен мектептердегі денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің қатысуымен түнгі уақыттарда рейдтік жұмыстар жүргізу;
3. Осы құрамда ойын-сауық орталықтарында, саябақтарда, сауда-саттық орындарында кәмелетке толмағандардың ата-анасыз жүруіне тыйым салу;
4. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жиналыстарға барынша әкелердің қатысуын қамтамасыз ету;
5. Мектептердің ұсынған, яғни өз ата-аналарынан бөлек тұратын, әлеуметтік жайсыз отбасында, өгей ата-аналарымен, сенім хат негізінде тұратын және девиантты мінез-құлықты оқушылармен арнайы жекелеген жұмыс жүргізу;
6. Учаскелік полиция инспекторының профилактикалық есепте тұрғандармен жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу;
7. Төле би ауылындағы дүкендерде кәмелетке толмаған жасөспірімдерге спирттік, темекі т.с.с. зиянды тауарлардың сатылмауын қадағалау;
8. Округ аймағындағы қараусыз қалған ғимараттарды анықтап, тізімін жасау. Ол ғимараттардың иесін анықтау, есік-терезелерін бекіту;
9. Медициналық қызметкерлер тарапынан кәмелетке толмаған ұл балалардың денесіне медициналық тексеру ұйымдастыру;
10. Мектептердегі бейресми көшбасшыларды анықтау және олардың отбасылық паспортын әзірлеу.
Осы айтылған ауқымды жоспарда іс-шаралардың өту мерзімі, жауапты қызметкерлер тізімі толығымен көрсетілген.
Пікірталас өте белсенді түрде өткізілді. Жоспарды оқып шыққан соң қызу талқылау басталды. Мектеп басшылары қылмыстың шығу себептерін, онымен күресу және алдын алу әдістемелерін, сонымен қатар құзырлы мемлекеттік мекемелердің әлі де болса мектеп ұжымдарына тиісті қолдау жасамайтындарын қынжыла отырып жеткізді. Мұғалімдер тарапынан дайындалған іс-шара жоспарын толық қарап шығып, ұтымды ұсыныстар мен ескертулер, қосымшалар енгізіп, ортақ бір шешімге келіп, жұмысты жалғастыру ұсынылды. Пікір білдіру еркін форматта өтті. Сөйлеушілерге рагламент қойылмады. Өз ойларын толық жеткізуге мүмкіндік берілді. Төле би ауылындағы «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы М.Құрманбеков тәрбие отбасынан басталатынын, балаларды жастайынан дұрыс жолға баулу қажеттігін қадап айтты. «Әкелер кеңесінің» төрағасы әкелер мектебінің қоғамдағы, жанұядағы беделі, олардың міндеті туралы көпшілікке ақпарат берді. Полиция өкілі М.Далибаев полиция жұмысына да көмек керек екендігін, ол үшін билік, мектеп, ардагерлер тарапынан қолдау болса деген тілегін жеткізді..
А.Рахимкулов бұл бастаманың жалғасы болатындығын, соған дейін барлық қатысушыларға өздерінің ұсыныстарын жазбаша түрде Төле би ауылдық округі әкімі аппаратына тапсыруын өтінді. Семинардың белсенді және ашық түрде болғаны үшін қатысушыларға ризалығын білдірді.
Қандай да бір кездесу, басқосу шаралардың «еркін форматты» түрде ұйымдастырылуының нәтижесі тиімді екеніне тағы бір дәлел болды. Президиумда отырып немесе мінберге шығып ақыл айтып, жөн сілтеуден гөрі осы еркін формат түрінде сұхбаттасудың пайдасы көп пе деп ойлаймын.
Мейірхан Балықбаев,
Шу аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы.